Мемлекет басшысы Астанадағы көпқабатты үйде болған өрт кезінде ерлік көрсеткен және бірнеше адамның өмірін құтқарған елордалық өрт сөндірушілерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Төтенше жағдайлар министрлігі Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі жедел кезекшісінің көмекшісі Асқар Забикулин I дәрежелі «Айбын» орденімен, Төтенше жағдайлар министрлігі Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 10 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Аян Кемпіров III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Забикулин Асқар Серікұлы – азаматтық қорғаныс капитаны
1994 жылы 5 қаңтарда Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданы Казгородок ауылында туған.
ҚР ІІМ ТЖК Көкшетау техникалық институтын тәмамдаған.
Еңбек жолын «Қарақөткел» ӨБ-9 өрт сөндіру постының қарауыл басшысы ретінде бастаған.
Төтенше жағдайлар министрлігі Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқар жұмыстары қызметі жедел кезекшісінің көмекшісі лауазымына 2021 жылы тағайындалған.
Кемпіров Аян Алматұлы – азаматтық қорғаныс аға сержанты
1988 жылы 5 мамырда Қостанай қаласында туған.
Қарағанды политехникалық колледжін сарапшы-механик мамандығы бойынша тәмамдаған.
Төтенше жағдайлар министрлігі Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 10 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі қызметіне 2021 жылы тағайындалған.
Айта кетейік, Астана қаласында көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, 3 адам ауруханаға түсті. Сондай-ақ 3 адамды құтқарған өрт сөндіруші 80 пайыз күйікпен жансақтау бөлімінде жатыр. Осы уақытта зардап шеккен өрт сөндірушілерге қатысты қызметтік тергеу жүріп жатыр.