Сәрсенбі, 27 қараша, 03:28

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қызылордалық жеткіншек асық ойнайтын робот құрастырды

15.11.2022

613

0

 Қызылорда қаласында 7 сынып оқушысы асық ойнайтын робот ойлап тапты. Бүгінде жеткіншек бұл жобасын алдағы IT жарыстарға дайындап жатыр. 

Бұдан бөлек «бағдарламалау мектебі» жобасы аясында қаладағы білім ұяларында өзге де оқушылар өздерінің тың идеяларын іске асыруда. Дидар Көбенов №3 IT мектеп-лицейінің 7 сыныбында оқиды. Ол асық атуды құрдасымен емес, құлтемірмен ойнауды жөн көріпті. Оқушы өз жобасы арқылы ұлттық ойынды насихаттағым келеді дейді. Дидардың айтуынша, роботтың жобасын сызып құрастыруға көп уақыт кетпеген. 

«Роботтың аты – асық ату. Бұл роботтың мақсаты шеңберде тұрған асықтарды атып, шеңберден шығару. Бұл роботты жарысқа дайындап жатырмын. Бұл жерде жолақшаның бойымен асық сырғанап келеді де асық резинканың күшімен атылады», – дейді жас өнертапқыш Дидар Көбенов.

Ал 3 сынып оқушысы Аруна Даниярова бір жылдан бері осы мектептегі 3Д модельдеу үйірмесіне қатысады. Мұнда ол 3Д қаламы арқылы түрлі бұйымдарды қолмен жасайды. Балақай бос уақытымды осы үйірмедегі жұмыстарыма арнаймын дейді. 

«Біз мектептегі үйірмеде 3Д қаламмен түрлі бейнелер жасадық. Бұл жасап шығарған заттарды сыйлық ретінде үйімізді әсемдеу үшін қолдануға болады», – деп түсіндірді өз жұмысын №3 IT мектеп-лицейінің оқушысы Аруна Даниярова.

Былтыр қолға алынған «бағдарламалау мектебі» жобасы № 3 IT мектеп-лицейінде 3 бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр. Мәселен жоба аясында мектепті басқару жұмыстарын автоматтандыру, оқушыларға арналған 13 үйірме, сондай-ақ телестудия кабинеті жұмыс істейді. Қазір балалар осы арқылы IT әлемінің мүмкіндіктерін ашып, тәжірибе жинауда. 

«Ең біріншіден біздің мақсатымыз оқушылардың шығармашылығын дамыту. Яғни оқушылардың интеллектісін ояту. Сондай-ақ, оқушының бос уақытын игеру. Яғни оқушы бос уақытында мектепке келіп, мұғалімдермен жұмыс жасап, өздерін дамыту үстінде болады», – дейді Қызылорда қаласы №3 IT информатика пәнінің мұғалімі Гүлжазира Әбдіразақова.  

Білім ұясының басшылығы алдағы уақытта техникалық базаны дамыту үшін жұмыстар атқарылатынын айтады. Ал «бағдарламау мектебі» жобасы қала бойынша барлық мектептерде қолға алынған.

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика