Жалағаш ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары А.Нұрмағамбетовтың төрағалығымен дөңгелек үстел өтті. Оған Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Талғат Ильясов, мемлекеттік аудит бөлімінің басшысы Қайрат Абуов, ұйымдастыру бөлімінің басшысы Жандос Абсат және аудан әкімдігіне бағынысты дербес бөлім басшылары, ауыл әкімдері мен олардың есепшілері және мемлекеттік кәсіпорын басшылары мен есепшілері қатысты.
Басқосудың күн тәртібінде Жалағаш ауданының 4-деңгейлі бюджетінен қаржыландырылатын жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік ұйымдарына бюджеттен берілген қаражаттардың пайдалануына және мемлекет активтерінің басқарылуына жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары туралы Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Талғат Ильясовтың баяндамасы тыңдалды.
Оның айтуынша 2022 жылдың 1 тамызы мен 29 тамыз аралығында «Жалағаш ауданының 4-деңгейлі бюджетінен қаржыландырылатын жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік ұйымдарына бюджеттен берілген қаражаттардың пайдалануына және мемлекет активтерінің басқарылуына мемлекеттік аудит» іс шарасы бойынша, 1 кент пен 14 ауылдық округі әкімінің аппараты және үстеме тексерумен ауылдық округі әкімінің аппараттарына ведомствалық бағыныстағы 14 ауылдық клубы мен мәдениет үйілеріне сыртқы мемлекеттік аудит жүргізілген. Мемлекеттік аудитпен қамтылған қаражат көлемі 6 117 618,3 мың теңге, оның 2 270 989,9 мың теңгесі жоғары тұрған бюджеттен берілген нысаналы трансферттер.
Мемлекеттік аудит жүргізу барысында бюджет және қолданыстағы басқада заңдылықтарының нормалары сақталмауынан анықталған бұзушылықтарының жалпы сомасы 807 936,7 мың теңге, оның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 801 398,2 мың теңге. Ал тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты мен активтер – 6538,5 мың теңге.
Анықталған қаржылық бұзушылықтардың 11 270,6 мың теңгесі жергілікті бюджеттер мен мемлекеттік ұйымдардың есеп шоттарына өтелуге, 790 127,6 мың теңгесі қалпына келтіруге жатады. Мемлекеттік аудит барысында 3 382,5 мың теңге бюджетке және кәсіпорын есеп шоттарына өтелсе, 620 898,9 мың теңге қалпына келтірілген.
Тексеру комиссиясымен аудит обьектілерінің 3 лауазымды тұлғасына ҚР ӘҚБтК-нің 235 бабымен әкімішілк құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, 1 225 200 теңге әкімшілік айыппұл салынып, 612 600 теңгесі бюджетке өндірілген. Сондай-ақ, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғауға немесе қарауға уәкілеттілік берілген органдарға барлығы 42 материал жолданып, 22 материал бойынша лауазымды тұлғаларға «ескерту» түріндегі әкімшілік жауапкершілік көзделсе, 15 материал бойынша 1 684 650 теңге әкімшілік айыппұл салынып бюджетке толық өтелген.
Анықталған қаржылық бұзушылықтар салық және бюджет, мемлекеттік сатып алу заңдылықтарын, бухгалтерлік есепті жүргізу қағидаттарын бұза отырып жүргізгеннен қалыптасқан.
Жиында бұл келеңсіз жағдайлардың орын алуына жол берген жергілікті басшылардың да жауап беретіндігі ескертілді. Қомақты айыппұл арқалағандар да айтылды. Шындығында бұл мәселе өзінің жауапты жұмысына салғырт қарағаннан орын алған. Есепші болу аса қырағылық пен ұқыптылықты қажет ететін, бір саннан мүлт кетсең құрдымға жіберетін кәсіп. Сондықтан мемлекеттің бюджетін игеруде кент, ауылдық округ әкімдері барынша қырағы болғаны жөн.