Жұма, 22 қараша, 20:22

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қызылорда өңірінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылық деңгейі 8,2% азайған

19.10.2022

285

0

Бүгін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Комиссия жұмысына Сыр еліне жұмыс бабымен келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов арнайы қатысты. Жиынға құқық қорғау және орталық атқарушы орган басшылары, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.

Облыс әкімі сыбайлас жемқорлықпен күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін алға тартып, өңірде оңтайлы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде көрсеткіштердің төмендегенін алға тартты.

«Биылғы жылдың өзінде сыбайлас жемқорлық деректерін анықтап ғана қоймай, түрлі салаларда жүзеге асырылған жобаларда 77-ден аса сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін белгілеп, оларды дер кезінде жоюға белсенді шаралар қабылдануда. Нәтижесінде өңірімізде өткен жылдың 9 ай көрсеткішімен салыстырғанда сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтар деңгейі 8,2% азайған.

Жемқорлықпен күрес — ортақ міндетіміз. Сондықтан әрбір қызметкердің тәртібі мен жауапкершілігі бірінші басшыға тікелей байланысты. Сіздер мемлекеттік қызметке жеке бас құндылығы ретінде қарайтын тұлғалардың қызметке келуіне қатаң тосқауыл қоюларыңыз қажет»,- деді Н.Нәлібаев.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ең тиімді әдісі – көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру. Бүгінгі күні өңірімізде жергілікті атқарушы органдар тарапынан 296 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, оның 142-сі электронды форматта жұмыс жасайды.

Сондай-ақ, өңірде жүргізілген жобалық басқару аясында 2023 жылдың басынан бастап Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктері сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және квазимемлекеттік сектор субъектілері институтын дамыту жұмыстарын атқаратын болады.

Жиында Қызылорда облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ахуалы туралы Саян Ахметжанов жемқорлық тәуекелі жоғары салаларда ашықтық қағидатын енгізу мәселелеріне тоқталды. Ал, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының міндетін атқарушы Ұзынжас Бауыржан сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасы аясында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Комиссия отырысының соңында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма берді.

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика