Бүгін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр еліне жұмыс сапарымен келген Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесті.
Басқосуда өңірдегі діни ахуал талқыланды. Сонымен қатар, имамдардың білімі мен біліктілігін көтеру, дін қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қолдау, аймақтағы мешіттерді кадрлармен қамтамасыз ету, халыққа дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеу сынды мәселелер сөз болды.
Аймақ басшысы еліміз тәуелсіздік жылдарында қоғамдық-саяси және экономикалық тұрақтылығымен, әр түрлі ұлт пен ұлыс, конфессиялар арасындағы сенім және өзара түсіністікпен ерекшеленетіндігін атап өтіп, асыл дінімізге қолдау көрсетіп, игілікті істерді жүзеге асыруға әрқашан әзір екенін жеткізді.
Өз кезегінде Наурызбай қажы Тағанұлы облыс әкіміне игі ниетін жеткізіп, Сыр елінде республикалық Құран жарысын ұйымдастыру іс-шараларына қолдау көрсеткені үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан алғысын білдірді.
Наурызбай қажы Сыр еліне екікүндік сапары барысында облыс орталығына қарасты Белкөл кенті мен Арал, Қазалы аудандарында Құран жаттау орталықтарының ашылуына және Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу бойынша ХІ Республикалық Құран жарысының ашылу салтанатына қатысады.