Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ШВЕЦИЯДА ҚОҚЫС ТАУСЫЛДЫ

ШВЕЦИЯДА ҚОҚЫС ТАУСЫЛДЫ


    Швецияда қоқыс таусылып қалып, билік оны басқа елдерден тасымалдауға дайын.
    Кәрі құрлықтағы Швеция мемлекетінде бұл күнде қоқыстарды сұрыптау жалпыға ортақ ауқымды деңгейге жеткен. Осының арқасында елде үйінділердің көзі мүлде жойылып, олардың қалдықтары отынға айналып немесе қайта қолданысқа жарай бастады. Биліктің әрдайым түсіндірме жұмыстарын жүргізуі халықтың түсінігіне әсер етіп, өз жемісін берді.
    Бұл елдегі тұрғындардың басым көпшілігі лақтырылған пластик ыдыстың әлі жеті рет қолдануға болатынын жақсы түсінеді. Содан кейін ғана ол электростанцияға өртеуге жіберіледі. Осылайша, жеті рет қолданылған пластик ақыры электр қуаты ретінде пайдаға асады.
    Стокгольмдағы әрбір отбасының үйінде қоқыстарды сұрыптауға арналған 6-7 шелек бар. Олар  пластик, қағаз, шыны, картон, металдарды және т.б. қоқыстарды жеке-жеке салуға арналған. Қоқысты сұрыптай салуды ол елде балабақша мен мектептен бастап үйретеді, ал қате сұрыптап салған жағдайда айыппұл төлету қарастырылған.
    «Қоқысты жеңген» елде теледидарлар, дивандар және құрылыс материалдары секілді ірі заттар арнайы станцияларға жеткізіледі. Сол жерде олардың құнды құрамдық бөліктері ажыратылып, оны тауар өндірушілер сатып алады. Осылайша, тауар өндірушілер өндірістің жаңа циклы үшін қолданылатын шикізатқа қол жеткізеді. Дәл сол жерде заттардың бояулары мен қышқыл құрамдарын, тағы басқа қауіпті құрылымдары бөлініп алынып, олар кейін тұрмыстық химияны қайта өңдеу бойынша арнайы зауыттарға жіберіледі. Швецияда мұндай станциялар толығымен тегін қызмет көрсететінін де айта кету керек.
    Қаңылтыр және пластик бөтелкелер үшін ол жақта ақша алуға болады. Ол үшін оларды арнайы қабылдау пунктеріне өткізсеңіз болды. Еуропаның өзге елдеріндей Швецияда да бөтелкені арнайы аппаратқа өткізіп, «алғыс» үшін ақша аласыз. Сондай-ақ, мерзімі өткен дәрі-дәрмектер де Швецияда лақтырылып тасталмай, дәріханаларға өткізіледі. Қолданылған шприцтер мен инелерді де сонда өткізу қарастырылған.
    Елде қоқысты тасымалдау жұмысы жер асты ауа өткізгіштердің көмегімен жүзеге асырылады. Мұндай қоқыс құбырларының басым бөлігі жер астында орналасқан, сондықтан тұрғындар оның жоғарғы бөлігін ғана байқайды.
    Швециядағы қалдықтарға байланысты қоқыстың жетіспеушілігі – қазіргі таңда елдегі жалғыз мәселе десе де болады. Қоқыстың 7 пайызы ғана үйіндіге жөнелтіліп, ал қалғанының бәрі не өртеледі, не қайта өңделеді. Осылайша, Стокгольм электр тоғының 45 пайызын бір ғана қалдықтардың көмегімен өндіріп отыр. Қоқыс қалдықтарының жетіспеушілігі тұрғындар үшін алдағы уақытта өзекті мәселеге айналуы мүмкін, себебі шведтер қайта өңдеудің арқасында электр қуатын алып, үйлерін жылытады. Бірақ, көршілес Норвегия елі Швецияға бұл бағытта көмек қолын созып, жылына 800 мың тонна қоқыс тасымалдап тұруға дайын екенін білдірген.

22 ақпан 2018 ж. 376 0
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области