Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » САМАРҚАНДҚА ӘМІР ЖҮРГІЗГЕН ЖАЛАҢТӨС БАҺАДҮР

САМАРҚАНДҚА ӘМІР ЖҮРГІЗГЕН ЖАЛАҢТӨС БАҺАДҮР

Қазақ тарихындағы ұлы қолбасылардың бірі, даңқты әскербасы – Жалаңтөс Сейітқұлұлы ХVII-ХVIII ғасырларда өмір сүрген атақты батыр. Тек жағынан шежіреге салғанда Әйтеке бидің атасы болып келеді. 1581 жылғы жұттан елін аман қалу үшін Шығай хан мен Жалаңтөс батырдың әкесі Сейітқұл туыстарымен бірге Нұрата тауына қоныс аударды. Жалаңтөс батыр 12 жасынан Тамды және Қызылқұм қазақтарының ханы Дінмұхамедке қызмет ете бастады.
Деректерге жүгінсек, жас кезінен-ақ зерделілігі және төзімділігімен көзге түсті. Оның аты халық арасына кеңінен танылды. Оған сол дәуірдің жоғары дәрежесі — «Аталық» атағы берілді.
1640 жылы Жалаңтөс батыр қазақ және өзбек жерлеріне шабуыл жасаған қалмақ ханы Батурға қарсы қол бастап, оны жеңіліске ұшыратты. 1643 жылы Жетісу жеріне баса-көктеп кірген жоңғар қалмақтарымен соғысып жатқан Жөңгір ханға 20 мың өскерді көмек ретінде жіберді, мұның өзі басқыншыларды талқандауға зор үлес қосты.
1649 жылы Жалаңтөс батыр қазақ қолын басқарып, Бұхар ханы Абдул Азиз бен Иран патшалығының Хорасан, Балх үшін жүргізген соғысында жеңіске жетті. Бұл соғыста Бұхар және қазақ хандықтары ортақ жауға қарсы күрес жүргізу үшін одақтық келісімге келді.
Хотажқұли бек Балхидың «Тарихи қыпшақтар» анықтамалығы мәліметтерінде қазақ ханы Жәңгір бұл соғысқа 100 мың адамдық әскермен қатысқаны айтылады. Жалаңтөс батыр Ташкент пен Түркістанға үш рет жорық жасап, Қабыл мен Мешхедті бағындырды. Әскери өнерді жетік білетін, керемет батырлығымен даңқы жайылған дарабоз қолбасшыға қырғыз, қалмақ, қазақ хандары, Үндістаннан, Хорезмнен және Тибеттен қымбат сыйлықтар ағыл-тегіл келіп жатты.
Академик М.Е.Массонның айтуы бойынша, бұл сыйлықтар өзінің саны мен құны жағынан мемлекет қазынасына түсіп жатқан барлық байлықтан асып түседі екен.
Бұл байлықтарды Жалаңтөс батыр әскерді қамтамасыз етуге ғана емес, оларға арнап Самарканда үлкен құрылыстар, зәулім сарайлар мен медреселер салуға жұмсады. Бұл архитектуралық ғимараттар өзінің өсемдігімен, әдемілігімен дүйім жұртты таңдандырып, Шығыстың сәулетшілік өнерінде ерекше орын алады.

Жалаңтөс баһадүр мемлекетті басқарумен, соғыс өнерін өркендетумен ғана айналысып қоймай, сәулет өнеріне, оқу-білімге де ерекше назар аударған. Бабамыздың артында қалдырған өшпес мұрасы – Самарқанд шаһарындағы ғажайып ғимараттар. Ол Самарқандты қайта құру жұмысын Орталық Регистан алаңын қалпына келтіруден бастаған. Әмір Темірдің немересі Ұлықбек салдырған медресенің қарсы алдынан Шер-Дор (Арыстан қақпа) медресесінің алғашқы кірпішін 1620 жылы қалаттырған Жалаңтөс құрылысты 1636 жылы тәмамдайды. Оның бастамасымен «Тілла-Қари» медресесі де салынған. Жалаңтөс баһадүрдің салдырған Шер-Дор медресесі қазір мұражай болып жұмыс істеп тұр. Кесене биік кешенді, еңселі, күмбезінің көптігі болмаса, Ахмет Яссауи кесенесін еске түсіреді.
Жалаңтөс бидің тұрғызған тағы бір медресесі Самарқанд қаласының маңындағы Дағбит қышлағында Саид-Ахмет Мақсұм Ағзам әулиенің кешенінде әлі күнге мешіт ретінде қызмет істеп тұр. Бірнеше рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Алайда, Жалаңтөс батыр салдырған құрылыстан бір ұстын (колонна) сақталған.
Жалаңтөс баһадүр 1656 жылы 80 жасында дүниеден өтті. Денесі Самарқандқа жақын Дағбид қыстағына өзі пір тұтқан Мақсұм Ағзам әулие бейітінің қасына жерленген.
Жалаңтөс баһадүр 1656 жылы 80 жасында дүниеден өтіпті. Денесі Самарқандқа жақын Дағбид қыстағына өзі пір тұтқан Мақсұм Ағзам әулие бейітінің қасына жерленген екен. Шахзадаларын, уәзір-батырларын, өзінің сүйікті ұлы Сұлтанбекті қасына алып, мәңгілік мекенін тапқан бабаның ізі – тарих қойнауларында сайрап жатыр.

Жеңісті шайқастары
Орал қалалық мешітінің наиб имамы және ұстазы Рустем Есқазиевтің жазуынша: «Орта Азия халықтарының өміріндегі тарихи шешуші шай-қастарда Жалаңтөс аса көрнекті қолбасшы ретінде танылды. Қазақ пен өзбек жеріне шабуыл жасаған қалмақ ханы Батырға қарсы (1640ж), Жетісу өлкесіне басып кірген жоңғар әскеріне қарсы (1643), Хорасан мен Балх үшін Иран патшалығына қарсы (1649), Кабул мен Мешхед әскерлеріне қарсы (1649) жүргізілген ірі шайқастардың бәріне Жалаңтөс қолбасшылық жасап, үнемі жеңіс туын желбіретіп отырды. Сөз жоқ, мұндай жеңістердің қай-қайсысы да Қазақ хандығының еңсе көтеруіне, қазақ халқының ұлт болып ұйысуына тікелей ықпалы болды. Хорасан, Балх шаһарларындағы сол соғыста Жалаңтөс ерлікпен қоса әртүрлі айла-тәсілдер де қолданады. «Кімде-кім оқ атпай, қылыш, найза кезенбей өз еркімен қолға түссе, оған жаза қолданбаймын. Жер беремін, үйлі-жайлы болуына жағдай жасаймын. Сарбаз бола ма, сарайда жұмыс істей ме, егіс еге ме, өздерінің қалағанын беремін», – деп барлаушыларды жіберіп отырады. Осындай қантөгіссіз әрекеттердің арқасында Иран, Хорасан жағының жоқ-жұқана, кедей-кембағал сарбаздары лек-легімен Жалаңтөс колына қосылып жатты.
«Тарихи Қыпшақи» атты еңбектің авторы Хожамкүлибек Балхидің жазуына қарағанда, қазақ ханы Жәңгір осы шайқасқа жүз мың әскерімен қатысқан.
Жалаңтөс батыр мен Бұхар ханы Абдуләзиз қасында өзбек, қазақ жігіттері бар Алшынбек бимен Жайкүн өзенінен өтіп Гератқа жетеді. Ертеңіне олар Шығанақ көлі жанындағы шағын қалаға тоқтап тыныс алады. Көп кешікпей-ақ ол елдің патшалығының әскерімен Фатхабадта кездеседі. Бұл қыстақ шаһарға жеті шақырымдай жерде болатын. Келесі күні түнделетіп барлаушылар шығады. Ертеңіне таң атқаннан күн батқанша соғысады. Соғыс екі айға созылады. Талай қақтығыс, шайқастар болады. Десе де, шейіт болғандар аз болған. Осы соғыста Жалаңтөс батыр ерекше ерлік жасап, әскерін шебер басқарады.
Академик М.Е.Массонның айтуынша, жеңімпаз Жалаңтөс батырға сырттан келген сый-сияпаттардың мөлшері мемлекетке түскен қазына байлығынан асып түскен. Ол осы байлыққа әскер ұстаумен катар, сәулетті сарайлар, медреселер тұрғызған. Сөйтіп, Жалаңтөс қолбасшы Самарқанд шаһарын оның атырабын кырық жылдан астам билеген. Қазақ пен өзбек «өзіміздің қамқор баһадүріміз» деп құрмет көрсеткен.
Ресей тарихшысы П.Иванов өзінің «Орта Азия тарихының очерктері» деген кітабында: «Абдуләзиз ханның аталығы Ялантуш би XVII ғасырда Ұлы Моғолдарға (Индия) қарасты болған Кабул каласының төңірегіне және Иранның Хорасан аймағына жойқын шабуылдар жасады. Көптеген тұтқындар алып қайтты. Оның иелігінде 3000-дай құл болды. Сол құлдардың күшімен Самарқандта медреселер тұрғызды», – деп жазды.
Жалаңтөстің сол жорықтары негізінен жоғарыда аталған Хожамқүлибек Балхидың 1722-1725 жылдар арасында жазған «Тарихи қыпшақи» деп аталатын еңбегінде де баяндалған. Надримұхаммед ханға наразы болған өзбек феодалдары оны хандықтан түсіріп, оның орнына 1645 жылы оның үлкен ұлы Абдуләзизді хан кояды...
Өзбек тарихшысы Комилхан Каттаев былай дейді: «Тарихта үш мәшһүр әкімдер – Әмір-Темір, Ұлықбеқ және Әмір Жалаңтөс баһадүр өздерінің тұрғызған сәулетті ғимараттарымен Самарқандты жер-жүзінің данқты қаласына айналдырады».
Жалаңтөс баһадүрдің ұрпақтары қазір Қызылорда, Шымкент облыстарында өмір сүруде.
07 қараша 2018 ж. 372 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области