Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » АРАЛДАН ШЫҚҚАН АРАЛ БАТЫР

АРАЛДАН ШЫҚҚАН АРАЛ БАТЫР


Арал батырдың қылышы, сауыты ХХ ғасырдың 30-ншы жылдарында Бурабай деген жерде тайқазанға көмілген еді.
Арал Андаұлы – батыр, би. Тегі – Кіші жүз. Алшын-Әлімұлы-Шекті (Жаманақ)-Жақайым аталығынан шыққан. Арал батыр қазіргі Қызылорда облысы, Арал ауданы өңірінде ХІХ ғасырда өмір сүрген. Батырдың бейіті – қазіргі Қызылорда облысы, Арал ауданы, Ақшатау маңайында жерленген. Арал батыр Хиуа, Қоқан хандығының озбырлығына қарсы шыққан. Батыр ту ұстаушы болған. Ол ақсары, ірі денелі кісі болған дейді, сақалын ұзын ғып өсірмейді екен.
Арал батыр соғыс аяқталған соң тез жайлауына кететін болған, мекені Терменбес тауы жайлауы екен. Батыр соғыстан келе жатқанда еліне бірінші хабаршысын жібереді, сосын өзі барады екен. Арал батырдың қазіргі Сексеуіл стансасының жанында Дәкі деген жерде қонысы болған (Дәкі де осы өңірде ХVІІІ ғасырда өмір сүрген батыр). Бүгінде Дәкі станциясының аты – Күнту. Ал Күнту – осы өңірде өмір сүрген би. Дәкі батырдың бейіті Күнту стансасынан шығысқа қарай 3 шақырым жердегі көне қорымда.
Енді Арал батырдың өз жөніне келсек, батыр текті әулеттен шыққан. Аралдың әкесі Алшынбай Қосқұлақтан төрт ағайынды. Байжан би, Назарқұл (Мерген) батыр, Шатырғұл болып келеді. Байжан биден атақты Сартай батыр-би туады. Арал батыр үш ағайынды: Арды, Сманбыт, Арал батыр. Аралдан Алданазар, Құлманбет батыр-болыс (18?-1938) туады. (Құлманбет батырдың бейіті – Қызылорда облысы, Арал ауданы, Алтықұдық ауылының манайында). Көнекөз қариялардың айтуы бойынша, Құлманбет батырдың бет әлпеті Жамбыл жырауға қатты ұқсайды деген. Алданазардан Бақберген туады. Құлманбет батырдан Тоғжан батыр-ұста (1902-1967) туған. Тоғжаннан Құдайберген ұста, зергер, ісмер, суретші, 1954 жылы туған. Тоғжанның нағашысы Алтынбай Шектіден шыққан Ізбасхан ұста еді. Сондықтан болу керек, Тоғжанға зергерлік нағашысынан дарыған. Бірақ жергілікті халық ол кісіні сонда да батыр әрі ұста деген.
Арал батырды Сыр бойының ақыны Қарман Сұлтанұлы:
«Аттанып шықты Дәкіден.
Жақайымның Аралы,
Барғасын жаудың хабары», – деп жырлаған.
Арал батырды Сыр бойының ақыны Нұрғали Балтанбекұлы да «Арал батыр» дастанында:
«Жанқожа, Арал батыр көп адаммен
Келтірді кедергісін орыстарға-ай.
Қазақтар орыстармен ұрыс қылып,
Ілгері жүргізбеді бір жыл ұдай...
Айрықша Арал батыр ұрыс қылып,
Алдынан бұзып шықты құрған тордан», – деп жырлаған.
Ел аузында Арал батыр жөнінде біраз әңгімелер бар. Сексеуіл кентінде кезінде Нұрғали деген молда, батыр бабамыз жайлы әңгімелер айтатын еді, өкініштісі, ол кісі 86 жасында қайтыс болды. Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Қарашоқат стансасында Арал батырдың шөбересі Шаймекова Ханзада апай тұрады. Бұл кісі Батыр Ана, 13 баланы дүниеге әкелген, қазір жасы 87-де. Батыр анамыз бабасы туралы әңгімелер біледі екен. Арал батырдың қылышы, сауыты ХХ ғасырдың 30-ншы жылдарында Бурабай деген жерде тайқазанға көмілген еді. Бұл жер Арал қаласының шетіндегі №62 мектептің қасында-тұғын. Кейін бұл жерде монша салынған. Арал батырдың ұрпақтары сталиндік жаппай қуғын-сүргін заманында оны көрсете алмады. Уақыт өте тайқазанды іздесе, таба алмаған.
Арал батырдың шөбересі Құдайберген ұста Арал батырдың шөбересі Құлманбетов Құдайберген ұста, жазушы Әбіш Кекілбаев батыр бабасы туралы дерек, Арал батырдың мөрі Ресейдің Астрахань қаласының архивінде бар деп кезінде айтқан дейді. Арал батыр жайлы жырау Сұраған Сәйділдәұлы (1957-2003) да жырына қосқан екен. Ел арасындағы қақтығыстарға тыйым салу мақсатында орыс патшалығы Орынбор генерал-губернаторлығына және ол төңіректегі қазақтың батыс ордасына кең көлемде жиын жасап, келісімге келу тапсырылған. 1853 жылдың 22 тамызында төменде мөрін басып, таңбасын салып отырған Шөмекей, Кішкене Шекті, Төртқара, Шөмішті Табын руларының билері осы уақытқа дейін арамызда болып келген дау-шараларды, атап айтқанда, малын айдап тонау, кісі өлтіру оқиғалары үшін жоғары хакімнің рұқсаты негізінде халқымыздың дәстүріне сәйкес сұлтан-правительдің қатысуымен бейбіт түрде есеп айырыстық, әрқайсымыз да тиісінше қанағаттандық, барлық реніш-кінәні қысқарттық, енді ескі дауды қозғап жаңартпаймыз деп Ортаңғы Орданың сұлтан-правителі подполковник Арыстан Жантөрин мырзаға осы қолхатты береміз. Осыны растағандарының ішінде Жақайым аталығының билері Көтібар Төлебаев, Арал Андин және Өзденбай Бекбердиев таңбаларын басты. Бұл істі тергеген Ортаңғы Орданың сұлтан-правителі Арыстан Жантөрин соны растап мөрін басты (Орынбор облыстық мемлекеттік архиві, 6-қор, 10-тізбе, 6751-іс, 100-парақ. 3, 61-62-бб). Бұл құжаттан Арал батырдың Сыр бойының білікті биі екенің біліп тұрмыз.
Қазіргі уақытта Арал батырдың шөбересі Құлманбетов Құдайберген ұста ата жолын қуып, бүкіл Қазақстан еліне белгілі зергер болып отыр. Кезінде Құдайберген ұстаның өнеріне риза болған Сыр бойының атақты қарт ұстасы Мизам ақсақал бата берген екен. Бұл сонау 1988 жылы еді.
«Осы жылы ол облыс атынан республикалық ісмерлер байқауына баратын 2 адамның бірі болып белгіленеді. Жеме-жемге келгенде, екеудің бірі – Сырдария ауданындағы Аманкелді ауылының ұстасы Мизам қария аяқ асты науқастанып қалады да, бұл мұны шығарып салып тұрып: «Елге қайтып келгесін маған міндетті түрде соғатын бол, саған ашатын біраз сырым бар» деп қадап жібереді. Сосын Қаукең Алматыдан оралысымен бірден Аманкелді ауылына тартады. Осында бірнеше күн болған Құдайберген Мизам қариядан біраз нәрсе үйренеді. Жұмыстың барысында атай үш рет үндемей қалып, басын шайқаған көрінеді. Кейін жас зергердің қайтар кезінде ол мұнысын: «Сенен өзім бұрын білмеген үш тәсілді көріп, еріксіз басымды шайқадым» деп түсіндірген.
Енді қазір елде абыройы биік тұлға, Арал батырдың шөбересі Құтманбетов Құдайберген ұста Қазалы, Арал, Шалқар өңірлеріндегі жалғыз зергер-шебер болып отыр.


Арал батырдың шөбересі Құтманбетов Құдайберген ұста

30 қазан 2018 ж. 402 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области