Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ҚҰТТЫБАЙ КЕСЕНЕСІ

ҚҰТТЫБАЙ КЕСЕНЕСІ


Ел Президенті «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында жалпыұлттық қасиетті орындарды қастерлеп, халықтық құндылықтарымыздың мәдени-рухани салмағын арттыра түсуді міндеттегені мәлім. Осы ретте қазыналы Қазалы жерінде өткен замандар көшінің өшпес белгісі мен шежіресіне айналған тарихи орындар баршылық. Солардың қатарына бүгінгі тілге тиек етілгелі отырған Құттыбай кесенесін де жатқызуға болады.
Сәулетті де сәнді келбетімен көз тартатын бұл ескерткіш-кесене ХVІІІ-ХІХ ғасырларда салынған. Өркендеу ауылының оңтүстік батыс тұсында орын тепкен шаршы пішіндес, биік күмбезді құрылыс күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Сыртқы ауданы 11х9 метрді, жалпы биіктігі 9 метрді құрайды. Мұндағы үлкен бөлме 6х6 метр болса, сонымен бірге дәліз ретінде соғылған шағын бөлік бар. Мазардың архитектуралық жобасында сол кезеңдегі Орталық Азия аймағына кеңінен жайылған үлгілерге ұқсастық кездессе де, өзіндік композициялық көркімен даралығын аңғартады. Есігінің екі босағасы мен мандайшасына үш қатар етіп, әдемі бедерлер түсірілген. Сосын оның жоғарғы бөлігі өрнектеліп, тік төртбұрышты бірнеше ойық қуыспен және дөңгелек оюлармен безендірілген.
Ескі жәдігер – елге мұра. Жүздеген жылдардың қойнауында қалған қатпарлы сырды бойына бүккен Құттыбай кесенесін 1980 жылы Казпроектреставрация институты республикалық дәрежедегі тарихи-мәдени ескерткіш ретінде есепке енгізіп, мемлекет қамқорлығына алған.
«Сөзді – сөз оятады» демекші, ендігі әңгіме желісін аталмыш кесене атын иемденген Құттыбай баба туралы өрбітелік. Бұрыннан жеткен дерек көздері мен құйма құлақ қариялардың айтуына сүйенсек, Құттыбай Ақболұлы шамамен 1807 жылдары дүниеге келген. Сырдарияның төменгі ағысында өмір сүріп, жасынан шешендігі мен билігі және батырлығы арқылы ел аузына ілігеді. Ол қоқандықтар мен хиуалықтардың озбырлығына қарсы шығып, халық арасындағы алым-салық, зекет жинаудағы жөнсіздік пен жер-су бөлінісіндегі берекетсіздіктерге араша түсіп, қалың жұрттың жанайқайына жанашырлық көрсеткен. Қиын-түйінді бітіспес дау-дамайларды шешуде қарақылды қақ жаратындай әділдігімен таныла білген. Ел-халықтың беделіне ие болғандығының арқасында қарақалпақ пен өзбектер арасындағы айтыс-тартыстарға да араласқан көрінеді.
Бойында көреген көсемдік қасиеті бар Құттыбай үш мәрте Қыдыр көрген деген аңыз бар. Соның әсерімен оған төрт түлік мал мол жиналып, байлық пен молшылыққа кенеледі. Оның құйрық-жалын жел ескен жылқыларының саны он бес мың бастан асып жығылған.
Құттыбай Ақболұлы Жанқожа батыр бастаған Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандары мен Ресей отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің де белгілі сарбаздары қатарынан көрінген. Жорық үстінде ержүректігі және табандылығы арқылы алғы шептен табылған оны білікті қолбасшы кейбір даулар мен шағымдарға пәтуа жасау ісіне сенімді серіктес ретінде үнемі жұмсап отырған.
Құттыбай 1897 жылы жасы тоқсанның төбесіне шыққанында әкесі Ақбол биге арнап, атажұрты Жанкент қорғанынан 5-6 шақырымдай қашықтықтан күмбезді зәулім ескерткіш кесене тұрғызуды қолға алады. Айтулы құрылысқа қажетті кірпіш саз топырақ биенің сүтіне иленіп, сексеуілдің шоғымен күйдіріліп, дайындалады. Қыш кірпіштің жиырмадан астам түрін әзірлеп шығарған зауыт та нысан алаңының маңында орналасқан.
Бұрынғылардан жеткен сан айғаққа жүгінсек, кесене ішінде жеті адамның мәйіті қойылған. Кесене құрылысы аяқталғаннан кейін үш жылдан соң 93 жасында Құттыбай би де дүние салып, оның сүйегі осында жерленеді. Осыдан кейін жергілікті халық қасиетті орынға Құттыбай мазары деген атау береді. Ел аузында сақталған тағы бір мәліметте «Мезгілінде мазардың төбесіне алтыннан айшық қойылыпты. Алайда құнды зат уақыт өте келе ұрланады. Бірақ оны алған адам ұзамай қатты ауырып, қайтыс болып кетеді» деп айтады. Бұл оқиға Құттыбайдың киелі, текті адам екенін дәлелдейді. Ғасырлармен бірге жасасып, осы күнге жойылмай жеткен еңселі кесене бүгіндері өңіріміздегі ежелгі ескерткіштер санын толықтырып отыр.
– Қасиетті Қазалы жерінің шежірелі тарихы аз емес. Қазіргі таңда ауданда 100-ге жуық тарихи-мәдени ескерткіштер есепке алынған. Солардың ішінде республикалық санаттағы Құттыбай кесенесі де бар.
Сандаған жылдарды артқа тастаған ежелгі нысанға Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұраларды пайдалану және қорғау туралы» заңына сәйкес қорғау міндеттемесі бекітіліп, басына қорғау тақтасы қойылған. Ескерткішке 2010 жылы мемлекет тарапынан арнайы қаржы бөлініп, қайта қалпына келтірілу жұмыстары жүргізілген, – дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері Қарлығаш Рахманбергенова.

Сахи ҚАПАР
24 қазан 2018 ж. 342 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области