Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЕҢБЕК АДАМЫНА ҚҰРМЕТ

ЕҢБЕК АДАМЫНА ҚҰРМЕТ


«Егінші мәрт, жер жомарт». Жердің құйқасын танып, қойнауын ашып, қазынасын ала білген әрдайым дәулетті болмақшы. Бақ та басында, атақта соның төңірегінде. Жалқау – өзіне жау. Тек ерінбей еңбек етсең болғаны.
Бұл аты аңызға айналған атақты күрішші Ыбырай Жақаевтың өмірлік қағидасы. Ы.Жақаев социалистік егін шаруашылығының шебері, колхоз құрылысының ардагері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1946), екі мәрте Социалистік Еңбек Ері (1949, 1971 жж) атанған қарапайым еңбек адамы, звено жетекшісі.
Ол қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Қызыл ту (қазіргі Ы.Жақаев ауылы), Сырдария өзенінің теріскейіндегі Қарғалы деген жерде қалың қамысты ескі көлдің жағасында дүниеге келді. Ыбырайдың балалық шағы қиын кезеңде өтті.
1913 жылы жаңбыр аз жауып, Сырдарияның кемері төмендеп, су азайып, азын-аулақ егінге қараған қараша ауыл жұтауға айналды. Таршылық заман оны ерте есейтіп, еңбекке ерте араластырды. Ыбырай Жақаев былай дейді: «Бір күні біздер бидай егудің қамына кірісіп жатқанбыз. Таяғына ауыр сүйеніп қасымызға әкем келді.
– Нанның асылын бидайдан пісіреді. Ол рас. Бірақ сол бидайды не өсіреді. Ол – қара топырақ. Сыр бойының боз топырағын бидай шіркін жерсініп жүр ме? Жоқ. Ендеше сендерге тиімдісі күріш, - деді. Бәріміз де үнсіз, томсырайып, отырып қалыппыз.
Кенет «егеміз күріш» деген дауыс саңқ етті. Жалт қарасам Қойшыбай екен. Қойшыбай қолдаған соң маған да ерекше күш біткендей болды. Егеміз дедім мен де, – дейді өз естелігінде.
Бастапқы кезде Сыр өңіріндегі суармалы егіншіліктің көлемі 40000 гектар жер болса, 1930 жылы 71000 гектарға жеткен. Ал 1940 жылы Сырдың оң жақ бетінен Шиелі арнасы 1-ші қазығын 14 метр кетпенші қазып бітірді.
Ұлы Отна соғысы жүріп жатқан 1943 жылы Ы.Жақаев өнім көрсеткішін 130 центнерге жеткізіп, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Араға 3 жыл салып, гектарына 60 центнер өнім жинап, Ким Ман Санның 1942 жылғы рекордын қайталады. Сол жылы Ы.Жақаев пен Кимге КСРО мемлекеттік сыйлығы берілді. Сыйлық қаражатына Ыбырай ұжшарына 5 трактор сатып алып берсе, Ким Ман Сан ауыл клубын салдырды.
Жері мен судың жайын, тұқымды таңдау мен баптаудың сырын білген диқан көптен күткен арманға қол жеткізді. Бұл – 1947 жыл еді. Ыбырай Жақаев 5 гектар танаптың әр гектарынан 172 центнерден өнім алды. Осылайша әлем тарихында жаңа дүниежүзілік рекорд орын алды.
– «Болар істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, агроном-ғалым Әнес Алтынбеков егін шаруашылығының дамуына зор үлес қосты. Ауыл арасында болатын әңгімеге, түрлі болмашы сылтауларды қаперіне де ілмей, тойтарыс беріп отырды.
Шиелі ауданындағы сол кездегі 23 ұжшардың түгел 7-8 танапты егіс тәртібіне көшкені, сол арқылы өнімді молайтып, мол табыстың алғашқы көздерін аша бастағандығы әлі есімде. Мен диқан ретінде ешқашан Әнестің алдын кесіп ала жібін аттап өткен емеспін. Оның маған беріп отырған кеңестері әрдайым жаныма қуат болды. Мен Әнеске қарыздармын, – дейді өз сөзінде Жақаев.
Қазақ жеріндегі рекорд жайлы хабар Кореяға да жетті. Жеті атасынан бері күріш өсіріп келе жатқан кәрістердің өздері Жақаевтың диқаншылық тәсілімен танысу үшін арнайы шақырту жіберді.
Даңғайыр диқан Корей Республикасына 1958 жылы тәжірибе алмасу мақсатында барды. Сол кезде кәрістер атақты диқанның күрішті қолмен егіп, оның арасындағы шөптерді қолмен жұлып, суын кешіп жүріп еңбек еткенін көріп, сұрақ қойған көрінеді. Ол кісі сонда былай деп жауап беріпті:
– Бізде шеңгел деген өсімдік болатын. Сол шеңгелді байтесе деген имек құрал түбірі мен тамырын қатар алып түседі. Шеңгелді шабу арқылы бүкіл жерді тазартып, сол жерге егін еккен кезде шеңгелдің топырағының құрамы өте құнарлы болады екен. Еккен күріш екі есе өнім береді, - деп жауап қатыпты.
Корей халқы даңғайыр диқанға 5 гектар күріштіктен жоғары өнім алғаны үшін өзіне ақ жадағай шапанның етегіне, жеңіне күріштің суретін салып, кестелеп сыйға тартқан екен.
Күріш ең көп еңбекті қажет ететін дақыл. Оны өсірудің тәсілін үлкен төзімділікпен жалықпай үйрену керек. Егер шын диқан болғың келсе, егін өсірудің сан алуан тәсілін көп ізден. Бұл – атақты күрішшінің шәкірттеріне айтқан сөзі.
Ыбырай Жақаевтың көзін көргендер оның, қарулы, қайратты кісі болғанын айтады. Парасат пайымы мол диқанның әңгімесін тыңдауға алыстан ат арылтып келетін аға-інілері аз болмады. Мәселен, Мұхаммеджан Қаратаев Ыбекеңнің есімі Еңбек Ері ретінде бүкіл халқымыздың мақтанына айналды. Ол социалистік мектептің әрі мектебі әрі ұстазы десе, Әбділда Тәжібаев «Диқан атамсың, сүйенерімсің, сүйерім» деп жырға қосты.
Ыбырай Жақаевтың: «Бәрінің анасы жер. Жерді таңдай біл. Оны баптай біл. Егінші – мәрт. Жер – жомарт» деген сол. «Адам сияқты егін де таза суды тілейді. Ескірген судан егінде ауырады. Оған үнемі таза су бер». «Жас күріштің сабағы ешкінің түбітіндей нәзік келеді. Оны тек тамырмен суарып аласың. Жер дымқыл болса, тамыры тереңге кетеді. Күріш өмірлі болады». «Күріштің жауы – арамшөп. Қаулаған арамшөптен күрішті арашалай білсең, күріш сені байлыққа белшеңнен батырады». «Егінді өсіре білу – алғашқы асу ғана. Ысырапсыз жинап алу – мәре. Бұл сыннан да мүдірмей өт. Сонда ғана ерлегенің». «Күріш өсіруге әдіс керек. Оған ізденсең ғана жетесің. Ізденуден жалықпа», деп айтқаны еңбек, жер, күріш туралы қанатты сөзге айналды. Қара нардай қайыспайтын еңбеккердің асыл сөздері бүгінде жас ұрпақтың зердесінде.
1966 жылы зейнеткерлік демалысына шыққан әйгілі диқан еңбектен қол үзген жоқ. Өмір бойы жиған-терген тәжірибесін жастарға өсиет ретінде ұсынды.
Ол маңдай терімен, темір кетпенімен Жер-Анадан ырзығын терді. Қол еңбегімен-ақ адам айтқысыз биіккке көтеріліп, жер-жаһанға аты мәлім болды. Ыбырай Жақаев саналы ғұмырында бір өзі бір дәуірдің жүгін көтеріп өтті. Жақаевтың қайталанбас рекордтары еліміздің аграрлық саласының дамуына зор серпін берді. Біртуар тұлғаның есімін мәңгі ел есінде сақтау үшін талай игілікті іс жасалды.
Егіншілік – ежелгі кәсіп, еңбекшіге нәсіп деп білген диқан атаның өсиеті мен өнегелі еңбегі бүгінгі һәм ертеңгі ұрпақтың жадында мәңгілік жүруі тиіс.
Нақты кезеңде дала академигі атанған даңғайыр диқан Ы.Жақаев атында мектеп бар. Өзі туған Қызыл ту ауылы Ы.Жақаев атымен аталады. Шиелі ауданында 40 жылдық тарихы Ыбырай Жақаев атындағы музей бар. Облыс орталығы – Қызылорда қаласында күріш ғылыми-зерттеу институты негізгі дақылдың жаңа сорттарын өндіріске енгізуде.
Аудан орталығы – Шиелі кенінде 120 жылдық тойыны қарсаңында 2011 жылы Ыбырай Жақаев атындағы саябақ ашылды. Міне, мұның бәрі қарапайым еңбек адамына деген құрметтің көрінісі.
18 қыркүйек 2018 ж. 1 627 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2022    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области