Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » АСАН АТА КІМ БОЛҒАН?

АСАН АТА КІМ БОЛҒАН?


Сыр бойы ежелден сырға бай қоныс. Бұл – көне ескерткіштер мен тарихи-мәдени мұралар мекені.
Сыр өңірі ежелгі заманнан бастап сан мың ұрпаққа құтты қоныс, жайлы мекен болғаны белгілі. Бұл топырақта бағзыдан бағы жетіп, базары қызған 40-қа жуық көне қалалар мен жарты ғаламды жалғастырған «Жібек жолының» арналы абағы сайрап жатыр. Сөйлете білсең оның әр уыс топырағы, әр бұтасы, әр тасы алуан түрлі ғибратты шежіре шертер еді. Мұнда сан ғасырлардан бергі аты әлемге мәшһүр ірі тарихи тұлғалар ғұмыр кешкен. Әлі күнге дейін зерттелмегендері қаншама десеңші?!
«Туған жердің тарихын, тау-тасын, өзен-көлін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс» деп атап өткен еді Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында. Бүгін біз жалпақ жұртқа танымал тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» картасына облыстан енген 12 нысанның бірі Оқшы ата қорымындағы Асан ата кесенесіне тоқталамыз.
Мұнда жеті әулие дамыл тапқан. Мазардың ортақ атауы – «Оқшы ата».
Асан Ата мазары осындағы мазарлардың ең көрнектісі. Рас, кейбір әдеби зерттеулерде Асан қайғының жерленген жері туралы түрлі пікірлер бар. Бірақ, оның мазары Сыр бойында, дәлірек айтқанда осы Оқшы Ата қорымында жерленген. Асан ата кесенесі 1992 жылы мемлекет қорғауына алынған.
Жоғарыда айтқанымыздай, мазаратқа жерленген екінші ірі әулие Асан ата туралы да екіұдай пікірлер кездеседі. Оқшы туралы аңыздардан байқағанымыз, Қазан (Хасан, Асан) хан есімі Оқшымен бірге аталады, қатар өлген, бірге жерленген.
Осыны қорыта келгенде, Оқшы ата мазаратындағы Асан ата – оғыздардың ханы Қазан болуы әбден мүмкін. Қорымдағы жәдігерлердің әрі көрнектісі – Асан ата мазары дедік, оның Оқшы кесенесінен еңселі тұрғызылуынан мұнда жерленген адамның дәрежесі жоғары болғанын шамалаймыз.
Егер Оқшы ата мен Асан ата кесенелерін салыстырар болсақ, Асан ата кесенесі екі иықты-күмбезді құрылыс, күйдірілген қызыл кірпіштен қаланып, шаршы (9,5х10,5 метр) үлгіде салынған. Қас бетінде кіреберіс арқалы портал болғаны аңғарылады. Қазір оның тек екі жақ іргелік қалдықтары ғана қалған. Шаршы аумағы – 11,5х7,30 метр, биіктігі – 7,60 метр. Іргеліктен 3 метр жоғары кірпіштер тігінен өріліп белдеу жасалған.
Енді Асан ата кесенесі кімдікі екендігі туралы екінші пікір жөнінде. Зерттеушілер Асан ата кесенесін Ш.Уәлиханов «дала данышпаны» деп атаған, желмая мініп Жерұйық іздейтін Асан Қайғымен байланыстырады.
Шиелідегі «Жеті әулие» қорымындағы Асан ата кесенесі Асан Қайғының мазары дейтін болжам «Қазақ ССР қысқаша энциклопедиясының» 4-томында, «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында және «Түркістан» халықаралық энциклопедиясында айтылады. Энциклопедияға әдетте ғылыми орныққан тұжырымдар кіреді десек те, Асан ата кесенесі туралы бір жақты тоқтам әлі жоқ сияқты. Бірақ қай Асан ата болса да, Сыр бойы, Шиелі халқы оны ел мен жердің киесі, әруақты әулиелердің бірі санайды, қастерлейді.
Қазақстанның қай жеріне барсаңыз да Түркістаннан басқа бір қорымда осынша киелі кісі жерленген зиратты таппайсыз. Міне, осындай ежелгі қабірстанда жатқан ел қадірмендерінің белгілісі, мазары бұзылмай жеткені жеті кісінің кесенесі. Олар – Оқшы ата, Асан ата, Ғайып (Қайып) ата, Қыш ата, Кітап ата, Қабыл ата, Есабыз әулие.
Айта кетейік, халқымыз ежелден жеті санын қасиетті тұтқан. Мұны қорымға жеті әулиенің қатар жерленуінен де аңғаруға болады.
18 қыркүйек 2018 ж. 1 513 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2022    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области