Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » БҰЛТЫ БАР АҚТАН БАТЫР

БҰЛТЫ БАР АҚТАН БАТЫР


Қазақ халқының тәуелсіздігі жолында күрескен жолбарыс жүректі батырлардың бірі – Ақтан Ақайұлы шамамен 1770-1854 арасында өмір сүрген. Халық батыры әрі әулие Жанқожа батырдың үзеңгілес серігі, Жанқожа батырдың Хиуа, Қоқан бекіністеріне жасаған жорықтарына қатысқан.
Қазіргі Қызылорда облысының Қазалы ауданы Ақтан батыр (Арықбалық) ауылына қарасты Түлкіқашқан қонысында дүниеге келген.
Жергілікті халық оны «Ақша бұлтты Ақтан батыр» деп атаған. Халқымыз бабамызды әулие санап, пiр тұтады, аруағына сыйынады. Жоғарыда айтқанымыздай, Ақтан өз заманында Жанқожа батырдың досы, үзеңгiлес жолдасы, қарулас серiгi болған. Халқын қорғау үшiн бiрi Сырда жүрсе, бiрi Қырда жүрген.
Жанқожа батыр жорыққа шығарда әрдайым Ақтанмен ақылдасып отырған. Арал, Қазалы өңірін мекен еткен көнекөз қариялардың айтуынша, Ақтан батырдың төбесінде бұлты болған деседі. Кейде жауға аттанар шақта ойласып қойғандай, аспанды бұлт басып, дауыл тұрып, найзағай ойнап, жауын құйған. Осы қасиетіне байланысты жергілікті халық оны «Бұлты бар батыр» деп атаған.
ХІХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап Сыр бойы мен Арал теңізінің шығыс жағалауын қоныстанған қазақтарға өз үстемдігін жүргізе бастаған Хиуа, Қоқан хандықтары 1830-1840 жылдары жергілікті халыққа өктемдігін одан әрі күшейтті. Хиуа хандығы Жаңадария, Қуаңдария, Қызылқұмнан өтіп, Қосқорған, Арал теңіздеріне дейінгі аралықтағы Сыр бойындағы қазақтарға шапқыншылықтар жасап, малын барымталап, әйел, бала-шағаларын тұтқынға алып кетіп отырды. Қоқандықтар шекара бекітіп, әкімшілік құрып, 1817 жылдан бастап салына бастаған бекіністерінен әркез жасақтар шығарып, бейбіт елді шауып, алым-салық жинап тұрды. Осындай зорлық-зомбылықтан жапа шеккен қазақтар, жастайынан әділдігімен, батырлығымен елге танымал болған Жанқожаның төңірегіне топтасады.
Жалпақ жұртқа белгілі жайт – Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей отаршыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Жанқожа қаракесек Ақтан батырмен бірге көне Жанкенттің жанындағы Хиуа бекінісі Жаңақаланы тас-талқан етеді. П.Ивановтың көрсетуі бойынша, бұл оқиға 1842 жылы болған.
Жаңақаланы алардағы ұйымдастырушылығы мен жанқиярлық батырлығы үшін халық қаракесек Ақтан Ақайұлын бүгінгі күнге дейін ерекше ілтипатпен атайды. Қазақтың санаулы батырларының бірі деп біледі.
Сондай-ақ осы жылдың қазан айында Хиуа хандығының Сыр бойы қазақтарынан зекет жинауға қойылған найыбы Бабажан сарттың көне Жанкент шаһарының маңындағы бекінісі Бесқаланы аларда ерлік көрсеткен. Ақтан батыр бастаған қазақ сарбаздары қамалды қоршауға алып, Бабажанды қолға түсіріп, Жанқожа батырдың үкімімен жазалаған.

Ақтан батырдың бейіті Ақтөбе облысының Берсүгір бекетінің батысына қарай 30-35 шақырымдағы Тебенсай деген жерде.
Айта кетейік, Қазалы ауданындағы бұрынғы Арықбалық елді мекеніне Ақтан батырдың есімі берілген.
10 қыркүйек 2018 ж. 1 693 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2022    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области