Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ҚАЗАЛЫ ЖАУҺАРЛАРЫ: САРАМАН-ҚОСА МҰНАРАСЫ

ҚАЗАЛЫ ЖАУҺАРЛАРЫ: САРАМАН-ҚОСА МҰНАРАСЫ


Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» саласы бойынша берген тапсырмалары барлық облыстарда жедел қарқынмен орындалып жатыр. Сыр өңіріндегі игі істерге көпшілік куә. Осы орайда Қазалы ауданындағы тарихи-мәдени ескерткіштер туралы қызықты мәліметтерді, яғни киелі орындар мен тарихи нысандар тарихын «Қазалы жауһарлары» айдарымен назарларыңызға ұсынып отыратын боламыз.
Сараман-Қоса мұнарасы Кәукей аулынан солтүстік шығысқа 2 шақырым жерде орналасқан республикалық санаттағы архитектуралық ескерткіш. Казпроектреставрация институты 1986 жылы есепке алып, құжаттарын дайындаған.
Жент қаласын билеген ханның баласы Сараман мен жарлы жігіт Қосай дос болыпты. Екі дос жер көріп, ел тану үшін ханнан рұқсат алып, Қуаң мен Сырдария өтіп, Арқаға қарай жылжиды. Бір күні Тасбұлақ деген шағын таудан ағатын Талдысай өзенінің жағасындағы ауылда үлкен қыз ұзату тойына тап болады.
Бесікте айттырған байдың баласына ұзатылғалы жатқан қыз тойға қатысып отырған Сараманға көз қиығын тастап, бір-бірімен үнсіз ұғысып, оңашада тілдесіп, қашуға бел буады…
Қашқан үшеу аттары болдырғанша шауып, түн жүріп, күндіз демалып, алты күн дегенде Сырдан құлайды. Сағырдан аттарын жалдап өтіп Қуаңға жетіп қонады. Ертеңіне қуғыншыларды қазіргі ескерткіш тұрған төбеге жете бергенде көреді. Өздерінің құтылмасын білген Сараман елге жетіп қалса да, қалаға кірмеуді жөн көреді. Өйткені, тұрақтарын білсе, әскер әкелер де екі жақ соғысар, егер осы қуған бетімен қалаға кірсе өздері шығынға ұшырар.
«Бұлардың қанын басқаларға жүктегенше, өзіміз болайық. Мен алдын бөгейін, Қосай қызды алып Қызылқұмды бетке алыңдар. Мен аман қалсам, сендерді табармын» – дейді. Сонда Қосай: «Екеуіңнің садағаң кетпесем, менің достығым қайда?! Жол менікі, кідірмеңдер», - дейді. Бірақ Сараман көнбейді.
Қыздың алты ағасы жиырма жігітімен қуғыншылардың күші басым болды. Жеті адам жастығын алып, ақыры Сараман қолға түседі. Қыз бен Қосай ұзай алмай жүреді. Төбенің басына шығып қараған Қосай шайқастың бітпесін біліп, қызға: «Осы бетіңмен қаша бер. Тірі қалсаң ұмытпағайсың, жаңағы шайқас болған төбенің басында Жент деген қала бар. Сараманның елі сол», - дейді.
Қыз: «өзім қара жамылдым, еліне не бетіммен барамын?!» деп ойлайды. Қуғыншыларға Қосай қарсы шабады. Күші басым қуғыншылар оның да, қыздың да басын қанжығаға байлайды. …Хан жарлығымен әрқайсысын өзінің өлген жеріне жерлейді. Кірпіш бастырып, күйдіріп мұнара салдырады. (Ә. Оспанов. «Жанқожа батыр»)
Ал қазалылық шежіреші қарт Өмірзақ Ахметовтың айтуы бойынша, бұл ескерткіш Қытай жағынан қашып шыққан ғашықтар Сараман мен Қосаққа қойылған.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының бір бөлігі туған жердің ұлттық құндылықтарын қадірлеуге арналғаны белгілі. Соның бірі – еліміздің киелі де, қасиетті орындарын құрметтеу. Олардың тарихы мен тағылымын бүгінгі өскелең ұрпақтың бойына сіңіру. Осы орайда, Қазалы ауданының түкпір-түкпіріндегі тарихи-мәдени, археологиялық ескерткіштер мен шежірелі жерлердің салыну тарихын білу, насихаттау біздің перзенттік борышымыз дегіміз келеді.
02 тамыз 2018 ж. 1 465 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2022    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области