Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ОҚШЫ АТА МАЗАРАТЫНДАҒЫ ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАР

ОҚШЫ АТА МАЗАРАТЫНДАҒЫ ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАР


       Сыр өңірі – сонау Бегабаттан, Фараб пен Яссыдан, Сауран мен Сығанақтан, Жанкент пен Женттен бастап, Көк теңізге немесе бір кездегі Хазар, Арал теңіздеріне дейінгі алқапта аты қалған, бүкіләлемдік жылнамада өзіндік үлкен орны бар тарихи өлке. Киелі мекенде жадыңнан өшпейтін асылдың сынығындай мұралар жетіп артылады. Ежелгі өркениеттің белгісі ретінде сыры кетсе де, сыны кетпеген ғажайып тарихи ескерткіштер мен мазарлар соның куәсі. 
       Осындай тарихи-мәдени  мұраларды қорғау – халқымыздың сан мың ғасыр бастан кешкен тарихын, мәдениетін, өнерін, салтын, тілін қорғау деген сөз. Осы бағытта тарихи-археологиялық және сәулеттік ескерткіштерді қайта қалпына келтіру, сондай-ақ жұртшылыққа олардың құндылығы мен маңызын таныту, жас ұрпақ тәрбиесіндегі алар орнын арттыру жөнінде нақты іс-шаралар жүргізілуде. Міне, осындай мұраның бірі – оғыз-қыпшақ заманының жәдігері болып табылатын Оқшы ата мазары.
       Көне дәуірдің куәсі – Сырдың бойында халықтың алғаусыз алғысына ие болған, алқалы елдің ардақ тұтар адамына айналған, шапағаты мол талай әулиенің өткенін көпшілік жақсы біледі. Ежелгі бір кезеңде қалың қауым қадір тұтқан тұлғалар жайлы айтылар әңгімелер күні бүгінге дейін жетті. Оны ұрпақ санасында жаңғырту – біздің еншіміздегі іс. Өңірдегі киелі орындардың бірі Оқшы ата мазаратындағы «Жеті әулие қорымын» тереңірек тану да рухани қазынамызды арттырары сөзсіз.
       Оқшы ата әулиелер мазаратының тарихы сонау әріден басталады. Кейбір ғылыми деректерге ден қойсақ, осы қасиетті мекеннің бұдан мың, мың жарым жыл бұрын-ақ бабаларымыздың жамбасы тиген жер екені байқалады. Ғұлама ғалым Әуелбек Қоңыратбаев атап көрсеткендей, ХІV ғасырда Қожа Ахмет Яссауидің даңқты кесенесін Ақсақ Темір салғанға дейін осы Оқшы ата ежелгі Тұран, Оғыздар мен Түркі-қыпшақтардың бекзат азаматтары жерленген пантеон болған екен.
       Оқшы ата, Есабыз ата, Асан ата, Ғайып ата, Қыш ата, Досбол және Бала би сияқты ұлылар – халық зердесінде қалғандары ғана. Бір ғана Шиелі жерінің өзінде бұдан бөлек тағы да басқа қаншама қасиетті орын бар екені белгілі. Айталық, Сығанақ, Бестам, Жүніс Әулие, Бақты ата, Қабыл ата кесенелері, көптеген мортықтар, бертін келе бой көтерген  Қызылтам, Жөлек, Бәйгеқұм және т.б. орындар – ата-бабамыздың қолымен тұрғызылған, ұрпақтан-ұрпаққа сақталып келе жатқан қасиетті жерлер.
Сыр өңірінің төл перзенті, көрнекті әдебиетші, филология ғылымының докторы, порфессор, түркітанушы Ә.Қоңыратбаев «Оқшы ата бабамыз ХІ ғасырда өмір сүрген, осы өңірді жаудан қорғаған батыр, көріпкел әулие, халық қамы, болашағы үшін арпалысып өткен ұлы тарихи тұлға» деген тұжырым жасайды.  Ғалым одан бөлек Оқшы ата 1043 жылы қайтыс болып, қазіргі өз атымен аталатын мазаратта жерленген деген деректер келтіреді.
       Одан әрі ғалым Әуелбек Қоңыратбаев Оқшы ата есімін Бестам қаласының тарихымен ұштастырған: «Ақсақ оғыздың баласы Оқшы ата Қазан әскеріне оқ дайындап берген. Шиелідегі Бестам – сол Оқшының ұстаханасы. Оның мазары Бестамнан айтарлықтай қашық емес. Бестам зауыттарын су астынан құтқарып, құрғатқан жөн. Ал, мұндағы Бестам деп отырғаны – осы күнгі Шиелі ауданы жеріндегі Қаратау етегіне орын тепкен ортағасырлық көне шаһар.  Оқшы Қазан батыры болса, ол қазақ емес, алайда  Х ғасырдағы Сыр оғыздары, оның ұлысы тарихынан үлкен орын алатын адам... Болашақ зерттеушілер аңыз емес, тарихқа сүйенсе деймін. Аңыздан гөрі эпос өмірге жақынырақ».
       Оқшы ата мазары сонау оғыз заманының ескерткіші, батырдың басына қойылған киелі кесене болып табылады. Оның азан шақырып қойған есімі турасында халық арасында бірнеше болжам айтылады. Ол кісінің шын есімін біреу Көгентүп десе, екіншісі Ибраһим дейді. Тағы бір деректерде азан шақырып қойған аты – Ибраһим, лақап есімі Көгентүп делінсе, халықтың қойған аты Оқшы болған деседі.
       Оқшы атамыз жас кезінде жетімдіктің ащы дәмін татып, күндердің күнінде бір шал мен кемпірге өкіл бала болады. Кейбіреулер сияқты пендешілікке бой ұрмай, пәни дүниеде талайларға өнеге көрсетіп, Алланың жердегі тұрағы саналатын мешіт үйін салып, ағайын-туысты ислам дініне шақырған. Осындай күндердің бірінде ол асырап алған ата-анасынан Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Яссауиге сәлем беріп қайтуға сұранады. Сол заманда Ақмешіт ханы елдің арасынан салық жинаумен қатар, кезекпен әр жұрттан бір қыздан алып келуді талап еткен екен. Ата-анасы Оқшы атамызға осыны айтып:
       – Балам-ау, сен кеткенде қарындасыңды хан алып кетсе, біздің күніміз не болады? – дейді. Сонда еш абыржымай, сөз алған ол кісі:
       – Менің атымды үш мәрте айқайлап айтсаңыз болды, заматында осы жерге келемін, – дейді.
       Айтқандай, ханға алым-салық жинап беретін межелі күн келіп жетеді. Нөкерлер Оқша ата тұратын қонысқа келеді. Оны асырап алған әкесі дәл осы кезде бабаның атын үш мәрте айқайлап айтады. Осынау көш жердегі қариялардың жанайқайы Түркістанда арпа орып жүрген оның құлағына шалынады. «Не де болса, зәбір қалмақ ханынан келді-ау» деп ойлаған ол өсіп тұрған арпаның қылтығын алақанына салып, құран оқып, жебе етіп «Құдайдың оғы болып атыл» деп үрлеп жіберген екен. Елдің үрейін алған қалмақ ханы өліп, басшысыз қалады. Әркім «ханның көзін мен құрттым» деп даурығып жатады.
       – Халайық, бостан-босқа даурыға бермейік, ханды кімнің атқанын жүрегіне қадалған арпаның қылтығынан аңғаруға болады. Егер оның көзін мен құртқан болсам, оның жүрегінде арпаның қылтығы болуы тиіс, – дейді Оқшы ата. Расында да, дәл солай болып шыққан. Жергілікті жұрт оның тегін адам емес екенін ұғынып, оған құрмет көрсетіліп, жігіт бұдан былай «Оқшы» атаныпты деген аңыз ел арасында кезігеді
       Сондай-ақ, осы қорымда өзге де әулие кісілердің жамбасы жерге тиген. Олардың қатарында Есабыз әулие, Асан ата, Ғайып ата, Қыш ата, Бала би, Досбол би секілді халықтың ықыласына бөленген адамдар бар. Халық Асан қайғы атап кеткен әйгілі дала данышпаны да осы мекенде өмірден өткен деген жорамал бар.
       Бұл жәдігерлердің ең әсем әрі көрнектісі – Асан ата мазары. Рас, кейбір әдеби зерттеулерде Асан қайғының жерленген жері туралы түрлі пікірлер кезігеді. Соның ішінде оның мазары Сыр бойында, дәлірек айтқанда, осы Оқшы ата қорымына қойылған деген деректердің де жолығатынын айта кеткен жөн. Асан ата кесенесі 1992 жылы мемлекет қорғауына алынған.
       Бұрын иен даланы емін-еркін жайлаған қазақтың басына талай зұлматты алып келіп, көндіруге тырысқан өктем саясат та ата-баба аманатына адалдық танытқан Алаш жұртының сағын сындыра алмады. Өткен ғасырдың 60-жылдарында кейбір зиялы азаматтардың бас болуымен әулиелерге кірпіштен кесене орнатылған екен. Оған дейін көбі қамкесектен салынғанға ұқсайды. Жергілікті жамағат қасиетті кісілерді ешқашан жадынан шығарған емес. Алғаш рет 1997 жылы олардың аруағына арналып ас берілсе, содан бері игілікті іс лайықты жалғасын тауып келеді.
       «Дала данышпаны» ретінде танылған Асан қайғының рухани мұралары халық санасында сақталған. Асан қайғы жөніндегі аңыз әңгімелер мен әртүрлі алуан деректерді біршама қалыпқа түсіріп, құнды пікірлер жазған – академик-жазушы М.Әуезов «Бұл тарихта болған адам. Бірақ тірлік еткен заманы Жәнібек ханның тұсы дегені болмаса, дәл кім еді, қай ортадан шығып еді, қандайлық еңбек, әрекет етіп, қандай өмір шегіп өтіп еді. Бұл жайынан ешқайсысынан дәл дерек жоқ» – деп жазады. Асан қайғының саяси іс-әрекеттері төңірегінде қалам тартқан академик Ә.Марғұлан Асан қайғыны халықтың қамын ойлаған кісі екендігін айтады. Асан қайғы XIV ғасырдың екінші жартысында Еділ бойында дүниеге келген ақын, философ, аңыз кейіпкері, үнемі халық қамын, елінің болашағын ойлап жүргендіктен, замандастары есіміне «қайғы» деген сөз қосып, «Асан қайғы» атап кеткен.
       Баба рухына арнап тұрғызылған Асан ата кесенесі «Жеті әулие» қорымында орналасқан. Кесене күйдірілген тақта кірпіштен қаланған. Шаршы үлгіде, аумағы – 11,5 х 7,30, биіктігі 7,60 метр. Іргеліктен 3 метр жоғары кірпіштерді тігінен өріп, белдеу жасаған. Асан қайғының баласы Абатқа арналып салынған.
       Сондай-ақ, мазараттағы ең көне кесене Ғайып (Қайып) атаға арналған орын. Бұл кісі ІX ғасырда, оғыз-қыпшақ заманында өмір сүрген, кесене де сол тұста салынған деген пікір айтылып жүр. Кесенеге қарағанда, ол көптің бірі болмаған. Өкінішке қарай, Қайып ата кесенесі нашар сақталған, тіпті сақталмаған деуге болады. Құрылыс түгелге жуық бұзылған, тек батыс жақ беті жартылай қалыпты. Кесененің дуалдары ішіне қарай құлаған. 1997 жылы мазараттағы әулиелерге арнап ас беруге дайындық кезінде ғасырлар бойы үйілген қалың топырақ төбе тазартылды. Сол кезде бұл жерге бірнеше кісінің жерленгені белгілі болды. Кесененің ерекшелігі – ол күмбезді мазар емес, қызыл кірпіштен соғылған дуал болып шықты. Мазардың қабырғалары, қыштарының көлемі, қалануы, өрнектері Жамбыл облысындағы Айша бибі кесенесіне ұқсас. Мазарат басындағы имам мен шырақшылар ескерткіштің қабырғасын жаңа кірпіштен қалатып, қайта көтерді. Ол кісінің әулие екен деген аңыздан басқа дерек жоқ. Дегенмен, зираттың өте ескілігі бұл қорымның мыңжылдық тарихы бар деген жорамалды айғақтай түседі.
       Халық арасында әулие атанған тағы бір бабамыз – Қыш ата. Өкінішке орай, оның да өмір сүрген кезеңі белгісіз. Асқан ісмерлігіне байланысты Қыш ата аталып, өз есімі ұмытылса керек. Ел аузындағы аңыз атаның күйдірме кірпіштері Сайрам, Яссы, Сауран, Фараб, Исфиджаб, Құмкент, Сүткент, Сығанақ, Өзгент, Жент, Баршынкент, Бестам секілді осы атыраптағы шаһарларға тасылып тұрған дейді. Соған қарағанда, моңғол шапқыншылығына дейін, тіпті оғыз-қыпшақ заманында өмір сүрген деп пайымдауға болады. Бұл кісінің кесенесінде күмбез жоқ, бірақ түп қатарлары жақсы сақталған. Баба бейіті 1997 жылы тамыз айында ас беру қарсаңында жөнге келтірілді.
       Оқшы ата мазаратындағы орны бөлек, ел Кітап ата деп атаған әулиенің шын есімі жайында да мәлімет жоқ. Ол XI ғасырдан бергі кезеңде ислам діні Сыр бойына тараған кезде өмір сүрген деп шамаланып жүр. Өйткені кітап араб сөзі, есімі – арабша. Атамыз құран кітабын ақтарған дін уағызшысы болуы да мүмкін. Әлде өз дәуірінің жағдаяттарын қағаздың бетіне түсірген шежіреші шығар. Қалай десек те, елге тиек етер дерек жоқ. Бірақ басына кесене тұрғызылғанына қарағанда, өз дәуірінің қадірменді адамы болған. Мазары өте ескі.
       Қабыл ата от ауызды, орақ тілді шешен, аузының дуасы бар батагөй, айтқаны мүлт кетпейтін кісі болса керек. Берген баталары әрдайым қабыл болып тұрғандықтан, осы жанама атқа ие болды ма, әлде бұл өзінің шын есімі ме, белгісіз. Қабыл атаны да XI ғасырдан бергі кезеңде, ислам діні Сыр еліне сіңген кезде өмір сүрген деп жорамалдаймыз. Өйткені Қабыл – араб сөзі, есімі арабша жазылған. Кесенесінің сыртқы пішініне қарап, оны өте ескі зират деп пайымдауға болады.
       Ал Есабыз әулиенің халыққа танымал болғандығының бір белгісі – басына тұрғызылған еңселі кесене. Мазаратта Асан ата, Оқшы ата кесенелерінен кейінгі елеулі ескерткіш Есабызға арналған. Есабыз әулиенің заманы қай тұс екені жөнінде нақты дерек жоқтың қасы. Есабыз туралы бір-біріне қарама-қайшы екі пікір бар. Соның біріншісі – әулиені Оқшының заманында, XI ғасырда тіршілік еткен, жасы одан кіші болған деседі. Бірақ ол туралы ел аузындағы әңгімелерден басқа әулиелерге қарағанда осы күнге егжей-тегжейлі жетуі және оның түп-тұқиянына дейін белгілі болуы, оның тым бергі уақытта өмір сүргенін аңғартады. Шежіре тартар болсақ, Есабыз әулие қара қыпшақтың Торы, одан Әлпейіс, одан Түйшіке, одан Қойбар, одан Көзей, одан Абыз аталығына жатады. Есабыз әулиенің XVII ғасырдың басында өмір сүргені туралы мәліметі шындыққа жақын. Ел аузындағы әңгімелер атамыздың қалың елдің қамын жеген, қара халықтың қамқоршысы болған, көріпкел, құдірет иесі болғанын баяндайды.
       Бала би шешен (шын аты Бименбет) Есенәліұлы 1811-1875 жылдар шамасында дүниеге келіп өмір сүрген. Бала би әкесі Есенәліден он үш жасында жетім қалып, әкесінің інісі, Бұлтың қыпшаққа аға болған Арғынбайдың атын ерттеп, қасына еріп жүреді. Сөйтіп жүріп, Арғынбай бидің тәлімін алады. Жасынан ел мен жер дауына ерте араласып, Бала би атанады.
       Сыр елін билеген Қоқан ханы қыпшақтарға датқа қою үшін көзей Тұрғанбай мен бұлтың Арғынбай биді шақыртыпты деседі. Елден алым-салық жинайтын датқалықтан бас тартқан Тұрғанбай мен Арғынбай жастарының ұлғайып қалғанын айтып, орындарына Бала би мен Досболды ұсынады. Сөйтіп, көзей қыпшаққа Досбол Қорлыбай баласы, бұлтың қыпшаққа Бала би Есенәлі баласы датқа болады.
Данышпанның сөздері,
Қараулы қар жолмен тең.
Надандардың сөздері,
Асуы жоқ ормен тең, – деп, дана билігімен, шежірелі шешендігімен халық санасына берік орнығып, ұстамды да ұтымды сөздің ұлығы атанған Бименбет Бала би шешеннің арғы атасы – бұлтың қыпшақ. Өсіп-өнген ұрпақтары Сыр бойында, нақтылап айтар болсақ, бұрынғы «Ащықұдық» (қазіргі «Бала би») ауылы мен Бәйгеқұм стансасы төңірегінде тұрады.
        Бала би мен Досбол шешен аттары қатар шығып, тіршілігінде бірге жүрген кісілер. Өмірден озғаннан кейін де кесенелері бір қорымда яғни, Оқшы ата қорымында бой түзеді. Бала би Досболға: «Сенің тілің артық, менің бағым артық» дейді екен. Кесене алты қырлы етіп күйген кірпіштен өрілген. Биіктігі – 6 метр.
       Досбол датқа Қорлыбайұлы Жөлек өңірінде 1800 жылы дүниеге келген, арғы атасы – Көзей қыпшақ. Сыр бойын мекендеген елдің теңдігі мен тыныштығы үшін ат үстінен түспеген белгілі жан, даулы мәселенің қисынын тауып, қиып айтатын беделді би, буынсыз қызыл тілдің қызығына ермей, қызырын ел мен жердің еңсесін көтеруге арнаған, шашасына шаң жұқпас, шипа сөзді шешен. Жасы 30-дан аса бергенде Қоқан ханының пәрменімен өз руына датқа болып тағайындалған Досбол шешен олардың қоқан  соққысынан қорқып-үрікпей, өз аймағын, ағайындарын қорғай білген. Оның кім болғандығын:
Жас кезімде датқа болдым,
Жалпақ жатқан қазақ пен сартқа болдым .
Қызметім жаққан соң,
Қалың ел үшін атқа қондым, – деген өз сөздерінен айқын аңғаруға болады.
Есімі елге әйгілі, күллі қазаққа танымал. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», – деп қара қылды қақ жара білген әділ би Досбол датқа 1890 жылдары 90 жастан асып дүние салды. Бейіті Оқшы ата әулиелер мазаратында. Досбол датқаның есімі тек Сыр өңіріне ғана емес, күллі қазаққа танымал. Досбол датқа орны бар айтулы адам, сөзге жүйрік шешен, ел бастаған көсем. Оның немере, шөберелері қазір Шиелі ауданында тұрады.
       Жеті әулие байыз тапқан Оқшы ата мазараты жайлы айтқанда ел аузындағы әңгімелерді сөз етпей кете алмайсың. Өткен ғасырдың басында теміржол салынғанда жұрт адам айтса нанғысыз мынадай оқиғаға куә болыпты. Белгіленген карта бойынша шойынжол тура мазараттың ортасымен өтуі керек екен. Солай жасамақ болған құрылысшылар күнімен тасты төсеп, рельстерді бекітіпті. Алайда, таңертең келіп қараса, рельстер бұзылып, жасаған жұмыстары зая кетеді. Оқиға бірнеше мәрте қайталанады. Жергілікті тұрғындар келіп, құрылысшыларға бұл орынның киелі жер екенін, онда қасиетті адамдар жерленгенін айтады. Алғашында нанбаған құрылысшылар түнімен аңдуға көшеді. Сөйтсе, түннің төрттен бір бөлігінде алып бұқа келіп, рельстерді мүйізімен іліп, оңды-солды лақтырыпты. Осыдан кейін барып, картаны өзгертіп, шойын жолды мазараттың сыртымен айналдырып өткізіпті.
       Қазір біз әңгімелеп отырған әулиелер ордасы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолының бойында орналасқан. Сол тұсқа жеткенде жүргізушілер жылдамдығын азайтып, аруақтарға құраннан дұға бағыштап өтеді. «Оқшы ата» мазаратында «Есабыз ата» мешіті орналасқан. Ас беріп, зиярат етушілер мен тәу етіп, түнеушілерге ғимарат соғылған. Басында мешіт имамы мен шырақшысы бар. Мазарат – мемлекеттің қорғауына алынған тарихи орындардың бірі. Мұнда жерленген адамдардың өмірлері уақыт өткен сайын аңызға айналып барады. Олар туралы көптеген кітаптар шығарылды. Жүздеген мақалалар жарық көрді. Мұның барлығы  қай заманда болса да, жеті әулиеге халықтың құрметі ерекше деген сөз.
       Елбасы «Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі», – деген болатын. 
       Олай болса, Оқшы ата мазараты Қожа Ахмет Яссауи кесенесі салынып, сол жерге қазақтың зиялы азаматтарын жерлей бастағанға дейін Сыр бойы халқының игі көсемдерін, әулие-көрегендерін, батырлары мен шешендерін жерлеген пантеон болды деген пікірлерді растай түсетін сияқты. Бұл – тарихи шындық.
       Оқшы ата әулиелер мазараты бір қарағанда шағын мекен болғанымен, бүкіл қазақ жеріндегі Орта Азия аумағындағы аса қасиетті орындардың бірінен саналады. Оқшы ата бабамыз – халық қамы, халық болашағы үшін арпалысып өткен тарихи тұлға. Оқшы ата мазараты қазіргі таңда республикалық маңызы бар ескерткіштердің қатарында.
       Нұрсұлу КҮЗЕМБАЕВА, 
       Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің 
       ғылыми қызметкері 
29 мамыр 2018 ж. 632 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области