Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ҚОЖАБЕРГЕН БАТЫРДЫҢ ШАПАНЫ ТАБЫЛДЫ

ҚОЖАБЕРГЕН БАТЫРДЫҢ ШАПАНЫ ТАБЫЛДЫ


Қазақ тарихы тағы бір жәдігермен толықты. Жақында Абылай хан заманында өмір сүріп, қазақ-жоңғар соғысына қатысқан, кейін жоңғар ақсүйегі Әмірсанамен бірге жорықта болған, қазақ-қытай қақтығысы кезінде қол бастаған батыр Қожаберген Жәнібекұлының шапаны табыл¬ды. Құнды жәдігер өткен ғасырдың 30-жылдарына дейін Моңғолиядағы ұрпағының қолында батырдың туымен бірге сақталып келіпті. Кейін батырдың шапаны әулеттің жиендерінің қолына көшсе керек. Қазір жәдігер Қарағанды облысында сақтаулы тұр.
Қожаберген Жәнібекұлы жайлы Қытай, Ресей және Моңғол мұрағаттарында мол деректер бар. ХVІІІ ғасырда Абылай ханның сенімді сардарларының бірі болған. Батырдың 1750 жылдардан бұрынғы ғұмыры жайлы деректер сирек. Көбіне Абылай хан, Қабанбай, Бөгенбай, Көкжал Барақ, Ер Жәнібек сынды батырлармен үзеңгілес болғаны айтылады. Қазақ даласын жоңғар басқыншыларынан тазартуға бағытталған жорықтардың бел ортасында жүрген. Әрі Абылайдың Жоңғар ордасының ішкі істеріне араласу саясатында да тәуір рөл атқарған. Дегенмен батыр өміріне қатысты нақты хатқа түскен деректер 1750 жылдардан кейінгі уақытқа тән. Сол жылдан кейінгі өміріне байланысты мәліметтерді орыс тарихшылары да, қытай жылнамашылары да мол қалдырыпты. Атап айтқанда, батыр қазақ даласына келіп Абылай ханнан пана сұраған жоңғар ақсүйегі Әмірсанамен тығыз қарым-қатынаста болыпты. Моңғол деректеріне қарағанда, Жоңғар хандығына қытай әскерін өзі бастап алып келіп, билікті қолға алмақ болған Әмірсана қытайлардың мемлекетті күйретіп жібергенін көрген соң, қарсы майдан ашқан екен. Сол соғысқа қазақтың Қожаберген батыры 2 мың қолмен келіп, қатысып, көмектескен көрінеді. Кейін Әмірсананың соңына түскен қытайлар оны ұстап беруді Абылай ханнан талап етіп, шарт қойғаны да та¬рихта қатталып қалған. Абылай хан қазақты пана тұтқан жоңғар батырын ұстап беруден бас тартып, мұның соңы қазақ-қытай қақтығысына да ұласса керек. Осы соғысқа да Қожаберген батырдың қатысқаны архив деректерінде сақталып қалыпты. Тіпті Қожаберген мен Әмірсана қытай әскеріне қарсы қаша ұрыс сала жүріп, 1756 жылы қазіргі Қарағанды облысы аумағындағы Нияз тауына барып бекінген көрінеді. Сол жылдары қазақ даласына қол бастап келген қытай сардарлары Хадака мен Дардана деген адамдар Бейжіңге жолдаған хаттарында түрлі мәліметтер бере отырып Әмірсана мен Қожабергеннің бірге жүргенін жазған. Осы ұрыстардың нәтижесінде Сарыарқаға қарай жорыққа шыққан қытайдың 20 мыңдық әскерінен еліне екі мыңға жетер-жетпесі ғана оралған деседі. Ол туралы Ресей империясының Селенгі бекінісінің коменданты В.Якоби деген орыс генералы жазып кетіпті.
Қысқасы, батырдың ерлік істеріне қатысты төңіректегі елдер көп дерек сақтап отыр. Қолбасшылық дарынынан бөлек Қожабергеннің дипломат ретінде қазақ-қытай қатынастарында өзіндік рөл атқарғаны да айтылады. Тарихта «Жылқыға – жібек» деген атпен қалған қазақ-қытай саудасын ұйымдастыруға атсалысқан тұлғалардың бірі болған деседі. 1757 жылы Аягөз бойында болған, Абылай ханның өзі де қатысқан «Мамырсу келісімі» жасалған кезде де Қожаберген батырдың болғаны туралы деректер бар. Кейін Бейжіңге барған елшілер тобының құрамында болған. Айта берсек, батыр жайында көрші-қолаң сақтап отырған дерек көп. Бірақ әңгіме батырдың өмірбаянынан емес, бізге жеткен мұрасына қатысты болып отыр.
Жалпы, Қожаберген Жәнібекұлының бізге жеткен бірқатар мұрасының бар екендігі белгілі. Атап айтсақ, батырдың жорықта ұстаған туы Моңғолиядағы қазақтардың қолында сақтаулы тұр. Сонымен бірге, Бай-Өлке қазақтары арасында қалқаны да болуы мүмкін деген пікірлер бар. Ол киген сауыттың жұрнағы Қытайда сақталыпты. Енді міне, шапаны табылып отыр. Ең бастысы елінің азаттығы үшін күрескен батырдың бұл мұрасы атажұртқа жеткізілген екен.
Негізі Қожаберген батырдың шапаны да, туы да, найзасының ұшы да әу баста оның Жандәулет деген баласынан тарайтын ұрпағының қолында болған деседі. Бірақ кейін әр мұрасы әртүрлі әулеттің қолына көшсе керек. Бүгінде батырдың туы ұрпағы Мұқтажыұлы Жұмаштың шаңырағында сақтаулы болса, шапан батыр әулетіне жиеншар болып келетін Бақыт Теңселұлы деген азаматтың үйінде екен. Бақыттың айтуына қарағанда, шапанды осы әулетке алып келген әжесі Шамшия Кемиекқызы екен. Ол Қожаберген батырдың шөпшегінен туған немене болады. Өткен ғасырдың 30-жылдары Қазақстанда ғана емес, КСРО-ның «көлеңкесі» болған Моңғолияда да байларды, молда-қожаларды, оқыған-тоқығандарды қуғындау басталған. Сол кезде Шәмшия әжеміздің жары Сиыршыбай да, қайын атасы Тотықұс та тұтқындалып, мал-мүлкі тәркіленіпті. Көп кешікпей жалғыз сүйенері – енесі де қайтыс болыпты. Шиеттей төрт баламен қалған ана тұрмыс тауқыметіне шыдамай төркініне хабар берген көрінеді. Сөйтіп, төркін жұрты оны өзінің қасына көшіріп алған екен. Осылайша, Шәмшия балаларын аман-есен аяқтандырса керек. Бақыт Теңселұлының сөзіне қарағанда, дәл сол қиын-қыстау жылдарда әжеміз бабасынан қалған шапанды төркін жұртынан сұрап алған тәрізді. Шамасы, батыр бабаның рухы демеу болсын деген болар. Әйтеуір қалай болғанда да шапан батырдың ұрпағынан жиендер әулетіне өтіпті. Ең қызығы шапанның өз шаңырағында сақталғанын Бақыт осыдан 9 жыл бұрын, 2009 жылы ғана біліпті. Онда да әулеттің ешкімге тіс жармайтын сырын өз анасы айтқан екен. «Содан бері шапан тұратын сандыққа айрықша құрметпен қарайтын болдым. Бұрын бізде осындай екі сандық болушы еді. Көбінде оларда үлкендердің ақыреттік матасы деп сақтап қоятын шүберек тұратын болар деп ойлайтынмын. Шешем үйде Қожаберген батырдың шапаны сақталғанын айтқанда, қатты толқыдым. Ел қорғаған, елшілікке жүрген бабаның мұрасы отбасымда екендігін білгенде бір жағы қуандым, екінші жағынан бұл үлкен жауапкершілік еді. Шапанды тоғыз жылда бір-ақ рет сандықтан алып, қағып-сілкіп қайта салып қойдық. Енді, міне, сіздер келген соң ашып отырмыз. Суретін де алғаш рет сіздер түсірдіңіздер. Мұны мен көзімнің қарашығындай сақтап келемін» деді Бақыт Теңселұлы шапанға қатысты деректермен бөлісе отырып.
Батырдың шапаны ХVІІІ ғасырдың екінші жартысына тән киім екені байқалып тұр. Шамасы Қазақ хандығы мен қытайдың арасында елшілікте жүргенде киген шапан болуы мүмкін екен. Бәлкім, қазақ елшілеріне қытайлар жапқан шапандардың, сый-сияпаттың бірі болуы да бек мүмкін. Тік жағалы, тысы көк сұр түсті торғыннан, ішкілігі бедерлі матадан тігіліп, астарына жұқа қылып түйе жүні салынған шапан жақсы сақталыпты. Бір-екі жерінде ғана шағын жыртығы бар екен. Оның сырын ешкім білмейді. Тек шапанның өз дәуірінде қымбат болғаны ғана байқалады. Қожаберген батырдың ұрпақтары шапанды өткен ғасырдың алғашқы жартысына дейін қайтыс болған адамның бетіне жауып, иман шапан ретінде қолданып келіпті. Ол туралы бізге батырдың ұрпағы Уәр Тоқсанбайұлы айтып берді. Қария жас күнінде өлік шыққан бір үйге ағасының әлгі шапанды киіп келгенін, бірақ оған шешесі ұрсып «Иман шапанды неге киіп алғансың?» деп ренжігенін есіне алды. Қария ол шапанды 1950 жылы көріпті. Содан бері қария шапанды көрмеген, қайда екенін білмеген екен. Енді міне, сол шапан қайта табылып отыр. Табылды дегенде әрине, жоғалып кетпеген. Тек үлкендер сыр сақтап, ешкімге тіс жармаса керек. Отарлаушылардың қазақтан сансыз жәдігерді тартып әкеткенін көрген ұрпақ бабадан жеткен мұралар жайлы ешкімге сыр ашпауды құп көрген-ау деген ой түйдік біз. Сыр сақтай білудің нәтижесінде бабалардың талай мұрасы бүгінгі күнге жетіп, қазір көпшілікке таныстырылып жатыр. Бар қазақтың ортақ мұрасына айналды. Қожаберген Жәнібекұлының шапаны да күллі алаш баласы үшін баға жетпес жәдігер екені сөзсіз. Үш ғасырға жуық тарихы бар дүние батыр ұрпағына да, бар қазаққа да қымбат. Сол себепті шапанды сақтап отырған Бақыт Теңселұлы бұл мұраны алдағы уақытта Астанадағы Қазақстан Қарулы күштері Әскери-тарихи музейіне өткізуге бел байлағанын айтты. Демек, үш ғасырлық тарихы бар мұраны музейден тамашалайтын уақыт та алыс емес деген сөз.

Амангелді ҚҰРМЕТ


22 ақпан 2018 ж. 407 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области