Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Сырға толы сандық

Сырға толы сандық

Kyzylorda-news.kz. Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейі қоры жыл санап көбейіп келеді. Қазіргі таңда қорда төрт мыңнан аса экспонаттар жинақталған. Тарихи құнды, өзіндік маңызы бары қаншама. Солардың бірегейі – сандық. Сандық көнеден келе жатқан қазақтың төл жиһазы, ол халықтың көшпелі тұрмысында құнды дүниесі мен күнделікті тірлікке қажетті жабдығын сақтайтын мүліктің қадірлісі.

Көшпелі қазақтар сандыққа киімкешекті, заттарды, әртүрлі тағамдарды, ал оның үстіне көрпелер жинайтын. Бұдан басқа, кейбір сандық түрлері төсек ретінде қолданылған. Көші-қон науқанында сандықты арбаға, түйеге немесе атқа жегіп көшу қолайлы болған. Сандықтың аузы құлыптануы үшін ішкі немесе сыртқы құлып орнатылған. Сандықты жерге қойғанда түбін дымқыл тартпау үшін астындағы төрт жағына ағаштан аяқ орнатқан.
Қазақ халқы үшін сандық – қыз жасауының ажырамас бөлігі. Қызды ұзатар кезде, оның киім-кешегін, асыл бұйымын сандыққа салатын болған, ал оның үстіне төсек жабдықтары салынған. Болашақ жарының үйіне ұзатылған қыз өзінің жасауымен баратын болған. Бүгінде сандықпен қыз жасауын арнайы алып бару дәстүрі еліміздің көп аймағында сақталған.
Сандыққа байланысты ырымдар да бар. Сандық ашар – қазақ халқындағы көп жоралғылардың бірі. Келін түскенде оның сандығына арнаулы мата салынады. Ол «сандық ашар» жоралғысында алынып, сол тойға қатысқан әйелдердің бәріне үлестіріледі. Тағы бір ырымның түрі, босанғалы жатқан әйелдің толғағы жеңіл болу үшін де үйдегі сандықтың ауызын ашық қоятын да ырым бар.
Сандық жасау асқан шеберлікті талап етеді. Шеберлер сандықты қайың, қара тал, емен ағашының сүрегінен ойып жасайды. Сырты темірмен, мыс жапсырмамен, қатырма ою-өрнекпен көркем етіп безендіреді. Оңтүстікте сандықты бояумен сәндеу, ою жүргізу басымырақ. Солтүстік, орталық, шығыс өңірлерде түсті металдармен безендіру жиі кездеседі. Ал, батыста бедерлеп ою ойылып, қосымша түрлі-түсті бояу жағылып көркемделеді. Сөзіме дәлел ретінде қоса кетсем, 2015 жылы аудандық музей қорына темірмен қатырма ою-өрнекпен жүргізген сандық қосылды. Жүкаяғымен қоса жасалған. Өлшемі – ұзындығы 85 см, ені 45 см. Өзіндік сыры мен сыны кетпеген әдемі сандық.
Сандық өз тарихын тереңнен алады. Тутанхамонның қабірінен табылған ежелгі сандық бұл жиһаздың Ежелгі Мысырдан бастау алғанын дәлелдейді. Оның сыртында соғыс пен аңшылық кезіндегі суреттер бейнеленіпті. Кейін келе Еуропаға да тез тарап, итальялықтар оны «кассоне» десе, ежелгі римдіктер «арок» деп атаған. Аты басқа болғанымен, сандықты барлық жерде зат сақтау үшін пайдаланғаны анық. Өзіндік сынын, сырын, сыйын кетірмеген сандықты қазірде әр қазақтың төрінен көруге болады.

Гүлнар НҰРТАЗАЕВА,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы
02 шілде 2019 ж. 72 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области