Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ШЫНАР КӨЛДІҢ СЫРЫ

ШЫНАР КӨЛДІҢ СЫРЫ


    Сыр елінің жаужүрек батырларының бірі – Бұқарбай Естекбайұлының ХІХ ғасырда Хиуа мен Қоқан хандықтарының  басқыншылығына қарсы жорықта жасаған ерліктерін тарихтан жақсы білеміз. Батыр бабаның 6 әйел алып, олардан бір қауым ұрпақ тарағаны жөнінде айтылып та, жазылып та жүр. Әсіресе, Бұқарбай батырдың  екінші әйелі қыпшақ руынан шыққан анамыз Шынар ажарлы да, айбатты, қайратты жан болған көрінеді. Ат құлағында ойнап, садақ тартып, қылыш сермеуді шебер меңгерген оған батыр жорыққа кеткенде ауылды сеніп тапсырып кетеді екен.
    Ертеректе Шынар көліне байланысты естіген әңгімем есімде қалыпты. Бірде, Бұқарбай батыр нөкерлерін ертіп, шапқыншылықпен ұзақ уақытқа жорыққа кетеді. Соны естіген қоқандықтар батырдың әйелін өлтіріп, кек алмақшы болады. Бір күні Сыр өңірін, Сырдария бойын жайлап отырған Бұқарбай батырдың ауылына келіп тұтқиылдан шабуыл жасайды. Бұны күтпеген ауылдың кемпір-шалдары абдырап, балалары жылап, у-шу болады. Сол сәтте қазықта байлаулы тұрған атына секіріп мініп, найзаны қолына алған Шынар кеудесін кек пен ыза кернеп жауға қарсы ұмытылады. Жекелеп келген 2-3 қоқандықты найзамен түйреп сұлатып салады. Осы кезде шапқыншылардың арасынан біреуі: «Бұқарбайдың Шынары деген сен болдың ғой. Бізге сен керек едің» деп мазақ қылып қарқылдап күледі. Қоқан батырынан тайсалмаған Шынар: «Еркегі жоқ бейбіт ауылды шапқалы тұрғандарың қай сасқандарың, қарапайым халыққа, бала-шағаға тимеңдер, мен керек болсам алдарыңда тұрмын. Жекпе-жек» дейді. Бірақ, қоқан шапқыншылары оны қоршап, қыспаққа алады. – Жан-жақтан жабылып, найза түйреп өлтіріп, денесін көлге тас¬тайды. Көнекөз қариялардың айтуынша, жау әскерлері батырдың жарын өлтіріп, өзге халыққа тиіспеген деседі. Ауылды қорғап, жаумен шайқас кезіндегі ерліктерін көрген ауыл адамдары Шынардың денесін арулап, көлдің жағасына көмген көрінеді. Сөйтіп, ел жайлаған көл «Шынар көлі» атанып кетеді.
     Көлдің жағасына Шынар анамыздың белгісі қойылған. 2012 жылы Бұқарбай батыр Естекбайұлының 200 жылдық мерейтойы қарсаңында батырдың жары Шынар белгісі орнына мәрмәр тас қойылып, қайта жаңғыртылды. М.Шәменов ауылына жақын орналасқан бұл көл бүгінде қамқорлыққа алынған.
    Бір ғажабы, көргендердің айтуынша, айналасы жиде, жыңғыл, көк шалғынмен көмкерілген көлде аққулар мекендеп, жылда жаз бойы жүзіп жүреді екен. Қыс маусымында басқа мекенге ұшып кететін көрінеді. Ел аузында айтылып жүрген «Шынар көлдің» сыры осындай. Бұқарбай батырдың адал жары, сенімді серігі болған Шынар әжеміздің 2 ұл, 1 қызынан тараған ұрпақтары бар.
    Серік БЕРТАЕВ.


16 қазан 2017 ж. 910 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области