Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ТАБАҚ ТАРТА БІЛЕМІЗ БЕ?

ТАБАҚ ТАРТА БІЛЕМІЗ БЕ?


    Жаңабергеннің үйіне ентелей жүгіріп келген жігіт амандықтан бұрын алқынып, Әлимаға:
    – Апа, Жомарт аға үйде ме? – деді.
    Баланың бұл қылығына аңтарылып, аузына сөз түспей, абдырып тұрып қалған Әлиманы:
    – Тамақ дайын, тартатын адам таппай жатырмыз, – деген сөз есін жиғызды. Баланың келісінің төркінін енді түсінді.
    Бұл ауылдағы той-томалақ, өлім-жітімнің қазаны Жомартсыз асылып, табағы тартылмайды. Өйткені, ауылдағы табақ тарту тәртібін білетін жалғыз жан осы.
    Расында да қарап отырсаңыз, қазір екінің бірі бұл өнерден бейхабар. Ертеректе ер кісінің қай-қайсы болмасын мал бауыздап, оны жіліктеп бөліп, табаққа да тәртібімен орналастыра алған. Бірақ, бүгінгінің ерлері ет жегенімен, қай жіліктің қай табаққа түсетінін біле бермейді. Білетіндері бірен-саран.
    Ұлттық салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен өзгеден ерекшеленетін қазақ халқының әр ісінің астарында түсінген адамға терең мағына, тәрбиелік мән жатыр. Біле білсеңіз, қазақтың қай кәдесі де құнды.
    Осы тұста, «Рухани жаңғыруымыз керек» деп ауызбен орақ орғаннан гөрі, өзімізге тән қарапайым құндылықтарды жетік білгеніміз жөн. Алдымен ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жөн-жоралғыларды орнымен жасауды үйрен. Рухани жаңғыруды осыдан бастайық.
    Сондықтан, бүгін қазақ әдебиеттерінде жазылған мәліметтерге сүйене отырып, табақ тартудың түрлері мен тәртібі туралы аз-кем оқырманды хабардар етуді жөн көрдік.
    Қазақтың қонақ күту салтында сыбаға сыйлау дәстүрінде, үйге кісі, сыйлы қонақ, ауыл ақсақалы келгенде, не алыстан өте құрметті, қадірлі қонақ үйге түскенде және оларды арнайылап шақырғанда ақсарыбас қойын сойып, қонақ еткен. Қойды соярдан бұрын тірі малды есіктен алып кіріп, төрге жайғасқан қонақтарға басын қаратып тұрып, бата сұрайды. Қонақтардан бата алынған соң, малды сойып, етін асады. Басын үйітіп, ет әбден піскен кезде төре табаққа қойдың басын, жамбасын, ортан жілігін, арқасын, сүбе қабырғасын, жауырынын, белдемесін, кәрі жілігін, қарын, тоқ ішек, жүрегін, бүйрегін, екі сирағын түгел салып, қонаққа бас табақ етіп тартады. Мұны қазақ «бас табақ» деп атайды.
    Ал орта табаққа жанбас, ортан жілік, жауырын, қабырға, арқа, белдеме, кәрі жілік секілді сыбағалы жіліктер салынады. Бұл табақ үлкендерден жасы кішілеу қонақтарға тартылады. Қазақ қонақ сыйлау, ас ұсыну жолында келген қонақтарды жасына, сыйына қарай отырғызады. Үлкендерге бас, орта буынға орта табақ тартылады. Аяқ табақ, аты айтып тұрғандай төменгі жаққа тартылады. Оған асық жілік, төс, құйымшақ, қабырға, арқа, белдеме жіліктері салынады. Бұл асты алалау емес. Бір малдың кәделі жіліктерін үш табаққа жіктеп салудың өзі – үлкен өнер.
    Ары қарай айтар болсақ, құдасын құдайындай сыйлаған қазақ құда табаққа егер қой сойса, басын, жамбасын, кәрі, ортан жіліктерін, жауырынын, сүбе қабырғасын, арқасын, белдемесін, қарнын, тоқ ішегін, құйрық-бауырын тартады. Өкпе-жүрегін бермейді. Өкпе берсе, құда өкпешіл болып кетеді деген түсінік бар. Құдағи күтудің де жөні бөлек. Ері қайтыс болған, құда жоқ, тек құдағи келсе «құданың жолы», «өлі-тірінің сыбағасы» деп бас, жамбас, омыртқа, арқа, белдеме, қазы-қарта, жал-жая, қарын, қимай, ортан жілік, жауырын, құйрық-бауыр салынған үлкен сый табақ тартылады. Ері тірі әйелдерге бас тартылмайды. «Бас тартса, байы өледі» деген жаман ырым бар.
    Ата жолымен, ақ дастарқанынан күйеуіне орын берген қазақ оның табағына – асық жілік, төс, ортан жілік, сүбе қабырға, арқа, белдеме, қарын, тоқ ішек салады.
    «Қыз қонақ», «Қыздың жолы жіңішке» деген ата-бабамыз төркіндеп келген қызына төрін беріп, дәмін ұсынады. Оған жамбас, асық жілік, жауырын, белдеме, тіл-жағын, қарын-сүрін, сүбе қабырғасын, жүрек-бауырын, бүйрегін асады.
    Гүлжаһан әже қонақты жиі күтеді. Үйге келген әр кісінің жөні бөлек деп отыратын әжей табақ тарту тәртібін балалары мен келіндеріне үнемі үйретіп отырады. Көненің көзіндей болған қарт бізге:
    «Төре табақ» деген бар. Бұл табаққа бір қойдың еті барлық кәделі жілігімен салынады. Табақ алқа қотан отырған балуан, батыр азаматтардың алдына тартылады. Оған тоймай қалса, «үстеме табақ» деп аталатын табақтар мен «қосалқы табақ», «жарыс табақ» деп, жігіттер тойғанша, болдым деп қойғанша тартатын табақтың түрі. Қазақта көбіне бұл табақты «бәс жейтін» азаматтарға тартылатын болған», – деп білгенімен бөлісті.
    Біз айтқан табақ тартудың әлі талай түрі айтылып жүр. «Істегенің еліңе жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы» дейді дана халқымыз. «Білгенге маржан» деген тағы бар. Білеріңіз көп болсын!
    Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА.

24 қараша 2017 ж. 160 0
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области