Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ҚАУЫННАН ҚАҚ ТІЛІП, ҚҰРТ ҚАЙНАТҚАН

ҚАУЫННАН ҚАҚ ТІЛІП, ҚҰРТ ҚАЙНАТҚАН


    Қазалы ауданындағы Бозкөл ауылының тұрғындары  Нұрбек пен Ақмоншақтың отбасын жақсы таниды. Ақмоншақтың қауыннан қақ тіліп, құрт қайнататынын тіпті ерекше сөз етеді. Жақында біз де жаны жайсаң жандардың шаңырағында болып, дәмі тіл үйретін қақ пен құрттан ауыз тиіп қайтқан едік.
    Жас күнінен еңбекке ерте араласып, бау-бақша егудің жай-жапсарын түсінген Нұрбек бүгінде оның жемісін көріп отыр. Ауылдан 7-8 шақырым қашықтықтағы бір жарым гектар бақшалық жері бар. Сонда қауын-қарбыз, асқабақ, картоп, сәбіз, күздік қызанақ, тағы басқа көкөністер екті. Ағасы Айбек пен інісі Нұрболат та ала жаздай бақша басында еңбек етіп, несібелерін алды. «Биылғы өнім жақсы болды» деген Нұрбек сөз арасында он бір машина қауын, бес жүз асқабақ сатқанын айтты. Енді картопты қазып алу жұмыстары бас¬талады.
    Деректерге сүйенсек, қауынның адамға пайдасы ұшан-теңіз. Оның кез келген сортының 100 грамм бөлігі ағзаны бір күндік С дәруменімен қамтамасыз етеді екен. Бұл дәрумен адам ағзасындағы ұлпалардың қалыпты жағдайын сақтауға септігін тигізіп қана қоймай, жара орындарының тез бітелуі мен тіс пен сүйектердің тез қалпына келуіне мүмкіндік жасайды. Қауынның құрамында А дәрумені де молынан кездеседі. Теріңіз бен көзіңіздің қарашығына жақсы әсер етіп қана қоймай, көздің көруін жақсартады.
    Сондай-ақ, қауынның көп¬теген түрі В дәруменіне бай. Бұл дәрумен қант пен көмірсуларды өңдіретін болғандықтан денеңіз күні бойына қуатқа толы болады.
    Барлық жеміс пен көкөністер секілді қауынды арықтауға қолдануға болады. Оның калориясы өте төмен, әрі май құрамында мүлде жоқ. Құрамындағы судың көптігі күні бойы өзіңізді тоқ сезінуге мүмкіндік береді. Күн сайын таңертеңгі асыңыз ретінде қолдансаңыз бүйрек ауруының туындау мүмкіндігі төмендейді. Қауын ішектерді тазартып, іш қатудың алдын алады. Құрамындағы минералдар асқазанда туындайтын ауруларды жойып, қышқылдық ортаны реттейді. Тағы бір пайдасы қауын құрамындағы дәрумендер терінің саулығын қамтамасыз етеді. Қарттықпен күресте қауын өте тиімді. Шашыңыздың саулығына да әсері жоғары.
    Ал одан жасалған қақ пен құрттың дәмі жеген жанның аузынан ұзақ уақыт кете қоймайды.
    Нұрбектің келіншегі Ақмоншақ отағасының еккен өнімін ұқсатып, қауыннан қақ пен құрт жасайды. Біз барғанда да қазанға қауын қайнатып жатыр екен. Байқағанымыздай қауын құрт жасау үшін алдымен қауынды езіп қарбыздың суынан шамалы қосып, жай отта қайнатады. Бір қайнаған соң суына ұн шаяды. Ұзақ уақыт қайнап, қауын қоңыр түске еніп, қоюланғанда ақ матаға жұқалап жайып, кептіреді.
    Қауынқақты жасау үшін қанттылығы жоғары сортты қауындар таңдап алынады. Қауынды тұтастай кептіріп, ортасынан бөліп, тұқымын алып тастайды. Қабығын аршиды да қалыңдығы 2-4 см етіп ұзынынан тіледі. Тіліктерді іліп кептіріп қояды. Қауын әбден кеуіп, иілгіш, ашық-сары не болмаса ашық қоңыр түс болады. Қарбыздың суына жуады. Шірешімен кеуіп қалады. Оны шаш өрім құсатып өреді.
    «Он жеті жасымда осы шаңыраққа келін болып түстім. Көп нәрсені енем үйретті. Оның ішінде осы қауын қақ пен құрт та бар. Бірнеше жылдан бері жасап келеміз. Қазалы қаласында тұратын келінім Ақтолқын да үйреніп алды. Қазір өзі жасап жүр. Қауын піскеннен кейін қақ тіліп, құрт қайнату біз үшін қалыпты жағдай. Кеуіп әбден бабына келген кезде сатамыз. Көпшілік сүйсініп жейді», – дейді Ақмоншақ Қашақбайқызы.
    Бұл отбасының балалары да еңбекқор әрі оқуға да ынталы. Ауладағы бақшаның бабын оқушы ұлы Нұртілеу жасайды. Үлкен қызы Нұрсәуле облыс әкімі Қ.Көшербаевтың гранты арқылы Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да білім алды. Екінші қыздары Гүлсая Талғар медициналық колледжін бітірді. Олар ата-анасына үнемі қолғабыс етеді. Көмектесе жүріп, көп нәрсені үйреніп те алған. Қақ тілуді жақсы меңгерген. Алты баланы өмірге әкелген ата-ана балаларының болашағы жарқын болуы үшін еңбек ететіндіктерін аңғартты.
    Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА.

24 қараша 2017 ж. 281 0

Саясат

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области