Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Табыс – кім батыл қимылдаса, соның үлесінде

Табыс – кім батыл қимылдаса, соның үлесінде

Құмырсқа жылына бір ғана бүртік бидай жейді екен. Мұны естіген Сүлеймен пайғамбар бір жылға құмырсқаға бір бүртік бидай беріп, кішкентай құтыға қамап қояды. Бір жылдан кейін қараса, құмырсқа жартысын ғана жеген. Құмырсқадан сұрайды:
– Қане жылына бір дән бидай жейтінің?
– Уа, Сүлеймен! Ол ырысты Құдайдың өзі беріп тұрған заман ғой. Ал енді маңдайыма жазылған ырысым сен арқылы келеді. Жаратушы ием ешуақытта ұмытпайды, ал сенің ұмытып кетуің мүмкін. Сақ болып отырған халім осы, - деп жауап берген екен.
Бұл әпсана әңгіменің айтылуы тегін емес. Сонау тоқсаныншы жылдың басында өтпелі кезең өзіне тән қиындықпен қатар, «Үкімет өлтірмейді» деп, жайба-рақат жатқан талайларды ұйқысынан оятып, ойда-жоқта келген нарық жолынан өз соқпағын табуына мүмкіндік ашты, сөйтіп көпшілікті құмырсқа тіршілікке кірістіруге итермеледі десек, ешбір қателесе қоймаспыз. Өндіріс орындары жабылып, жұмыс-сыз қалған жұрт енді өздеріне лайық кәсіп іздеді.
Дей тұрғанмен, халықтың біршама парасы беймәлім істі бастауға даяр болмай шықты. Ақиқатын айтсақ, сол тұста елімізде әлеуметтік көмектер арқылы ғана өмір сүретін адамдардың тобы қалыптасты. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі 2007 жылы арнайы зерттеу жүргізіп, елімізде тәуелсіздік алғаннан кейінгі он бес жыл бойы жұмыс істемей келген 180 мың адамның бар екенін, сөйтіп жұмыссыздар саны халықтың 8 пайызын құрайтынын анықтады.
Реті келіп тұрған соң айта кетсем артық болмас, АҚШ тәрізді әлеуетті мемлекетте бір ғасыр бойы ата-бабасынан бері әлеуметтік жәрдемақылар арқылы ғана күн көрген 2 миллион адам бар. Клинтон мемлекет басына келе салысымен сол әлеуметтік жәрдемақыларды қысқартпақ болған. Онысынан түк шыққан жоқ. Ол күшті қарсылыққа тап болды. Иә, әлеуметтік көмектер халықты енжарлыққа тәрбиелейді, жұмыс істеуге деген ынталарын өшіреді. Мұны мен 1997-1998 жылдары Қарағанды облысы Ұлытау ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары қызметін атқарған кезімде толық аңғардым да. Бойында қуат бар, тепсе темір үзетіндей тегеуріні бар, иілмейтін нәрсені иіп, бүгілмейтін нәрсені бүге білетіндей шеберліктен де кенде емес небір атпал азаматтардың жұмыстан бойын аулақ салып, түрлі жолмен өзіне мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек алып жүрген жағдайлары мейлінше кездесіп жатты.
Шындығында, мемлекет өз мойнына алатындар: жетімдер, мүгедектер, қарттар, зейнеткерлер. Өзгелер еңбек еркіндігін пайдаланып, өз тұрмыстарын өздері анықтау керек еді. Сондықтан да оларды еңбек еркіндігіне, яғни нарық жағдайына бейімдеу күн тәртібінің басты мәселесіне айналды. Шын мәнінде, мемлекет медиатор қызметін атқаруды қолға ала бастады. Тұңғыш Президент, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әуелі экономика дегендегі саясатының мәнісі осы болатын. Бұл идея нәтиже берді. Күнкөрісі мен бала-шаға қамын ойлағандар бей-мәлім істі бастауға бел буып, нарық жағдайына бейімделді. Өз кезегінде Үкімет «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын қабылдап, жұмыспен қамту мәсе-лесінде бұрын-соңды болмаған қадамдар жасады деп есептеймін.
Біріншіден, Бағдарлама бойынша, жұмыссыз азамат екі қолына бір күрек табуға шын ниет етсе аудан, қалалардан арнайы ашылған жұмыспен қамту орта-лықтарына тіркеледі. Мамандығы сай келетін мекемеге жолдама береді. Болмаса бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді. Сол жәрмеңкеде бағы жануы мүмкін. Ал, оның мамандығы бойынша қызмет орны мүлде табылмай жатса, оны басқа мамандық, яғни нарықтағы сұранысқа ие мамандық алуға немесе қайта даярлауға ұсыныс айтылады.
«Жоқ, мен ешкімге бағынышты болмаймын, өзім жұмыс орнын ашып, бағымды бизнес саласында сынап көремін» десе, онда оған шағын бизнесті ұйымдастыруға Бағдарлама аясында үш миллион теңгеге дейін несие беріледі. Бұл қаржының басқалардан ерекшелігі – шаруаң толық дөңгеленгенше несие төлеуден босатылатын демалысы бар. Міне, осыншама мүмкіндіктерді неге пайда-ланбасқа? Сонымен қатар елімізде үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламаның шеңберінде де жаңадан мыңдаған жұмыс орындары ашылып жатқаны белгілі. Бір ғана мысал. Автокөлік шығару саласында құрылған бір жұмыс орнының нәтижесінде өзге салаларда 12 жұмыс орнына дейін пайда болады. Өйткені, автоөнеркәсіптің дамуы химия, тоқыма және өзге де өндірістік салалармен тығыз байланысты. Яғни елімізде жасалған автокөлік өнімдері көбейген сайын экономика да өрге басады. Олай болса, хакім Абай айтқандай: «Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді саусаң, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды». Ал, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов: «Мал бақ, егін сал, амал қыл, шебер бол, мерген бол, еңбекке жалын. Еңбекке, білімге жалынған еуропалықтар – міне, бес жүз жыл болды – жұт, аштық жоқ. Қазақ кедейі, сен қашан осы жолға түсе аласың?» дейді. Және қытай ойшылы Конфуцийдің: «Елің асып-тасып отырғанда, кедей әрі кемшін болғаның ұят. Елің арып-аршып отырғанда, бай әрі бағлан болғаның ұят»,– деген сөзі бар.
Бір сөзбен айтқанда, талаптанған адамға қай жағынан алып қарасаң да жол ашық. Бірақ, осыған қарамастан соңғы кездері, қоғамда масылдық көзқарастар орын алуда. Оған нендей себеп итермелейді? Осы жағын зерттеу, зерделеу керек сияқты. Себепсіз салдар болмайды ғой. ҚР Тұңғыш президенті Қорының Әлемдік экономика және саясат институтының сараптамаларына сүйенсек, Кеңес одағы ыдырағаннан бері отыз жылға жуық уақыт өтіп, қазақстандықтардың жаңа буыны өссе де, халықтың көпшілігінің ой-санасы сол қалпы мемлекет «негізгі асыраушының» рөлін атқарған кездегідей, яғни «кеңестік деңгейде» қалды, өйткені азаматтардың менталитеті мұнша қысқа тарихи кезең ішінде түбегейлі өзгеруі мүмкін емес. Социолог Гүлмира Илеуованың пікірінше, азаматтарда мемлекеттен басқа арбитр (олардың мүдделерін қорғаудың кепілі) қалмаған кезде, яғни бұдан былай сенім артатын ешкім қалмаған кезде ғана олар мемлекет тарапынан қолдау мен көмек іздеуді бастайды. Бұл қорытындыға да келіспеу қиын.
Жағдайды өзгерту керек екені түсінікті және бұл жерде, қаншалықты қарапайым болып естілсе де, бір-біріне қарай бағытталған қозғалыс қажет. Яғни, белгілі бір қадамдарды екі тарап та – билік те, халық та жасауы қажет десек, бұл қадамды мемлекет бастауы тиіс.
Егер, азаматтардың сапалы және қолжетімді білім алуы, медициналық қызметтер алуы үшін толыққанды мүмкіндіктері болса, олар құқықтық мағынада қорғалған болса, патерналистік талаптарды барынша азайтуға, азаматтардың өз өмірі мен әл-ауқаты үшін жауапкершілік деңгейін арттыруға болады. Дәл осы сәтте «біз сіздер үшін барлық нәрселерді жасадық, ал енді сіздер өздеріңіз іс-әрекет, бастамашылық, іскерлік танытыңыздар, өздеріңіз әрекет етіңіздер» – деп айтуға әбден болады.
Осы тұрғыдан алғанда, жаңа өнімдер, тауарлар шығарғысы келетін, идеялар, инновациялар ұсынып, іске асырғысы келетін, кәсіпкерлікті дамытқысы келетін адамдар үшін оңтайлы жағдайлар жасау қажет. Бұл ретте, бүгінгі күні ойын ережелерін толығымен мемлекет талап ететіндіктен, елдің табысты дамуының, мемлекет пен азаматтардың үміттері арасындағы келіспеушіліктерді еңсерудің маңызды шарты меритократия қағидаттарын сақтау, нақты жұмыс істейтін әлеуметтік лифттердің болуы – элитада жергілікті жерлерде жұмыс істеген, мансаптық өсудің барлық сатыларынан өткен өз ісінің шеберлері қайта оралатын болады.
Сапалы кері байланысты, биліктің қоғаммен өзара іс-қимылының пәрменді тетіктері мен арналарын жолға қоюдың да маңызы зор, олар екі тарапқа да тиімді болады. Басқару жүйесі, бюрократиялық аппарат тұтастай алғанда қоғам мен мемлекет үшін жұмысқа бағытталуы, тұйық емес, ашық сипатта болуы керек, олар тек бақылау функцияларына сүйенбеуі тиіс. Сондай-ақ ағымдағы даму бағдарламаларын нақты іске асыру үшін барлық деңгейдегі басқарушыларға қатаң жауапкершілік, оның ішінде, әсіресе, дербес жауапкершілік қажет.Барлық құқықтар сақталған.

24 тамыз 2019 ж. 76 0
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области