Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ТЕКТІЛІКТІҢ ТҰМАРЫ – ТАРИХТЫҢ ӨШПЕС ШЫРАҒЫ

ТЕКТІЛІКТІҢ ТҰМАРЫ – ТАРИХТЫҢ ӨШПЕС ШЫРАҒЫ


Табалдырығынан енгеннен ескі заманның елесі есіңді алып, түпсіз тұңғиығына ым-ымдап шақыратындай әсерге бөлер тылсым шежіре, тұнық тарих, ұлағат ұясы теңізден тамшыдай сыр сұқтырып, көрген көзді қызықтырып, көненің көмбесіне көңіліңді бұрады.
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ұлттық құндылыққа деген құрметіңді оятып, көне мұраға деген мойын бұрғызады. Бұл сөзімде қателік жоқтығын осынау қасиетті құндылықтардың қара орны – мұражайды аралап шыққан әркім-ақ мойындайды.
1902 жылы қызыл кірпіштен салынған көне ғимаратқа орналасқан Жаңақорған өлкетану музейі 4 бөлімнен тұрады. Ең әуелі Сығанақтың сырлы шежіресінен бастайық.
Сығанақ – түрікше қамал, қорған деген ұғымды білдіреді. 2000 жылдық тарихында бұл қала қаңлылардың, қыпшақтардың, Ақ Орданың, Қазақ хандығының астанасы болған. Осы қалада дүниеге келген ғұлама Хиссамуддин әл - Сығанақидың:
«Болса Тәңірім екінші өмір қиғандай,
Сығанақта көз жұмар ем қиналмай» деген өлеңінен шаһардың шат-шадыманға толы асыл мекен болғанын болжауға болады. Әр хандықтың тұсында шапқыншылыққа ұшыраған қала қайта жанданып, ғимараттар, мешіт, кітапхана бой көтерді. Сырдариядан тартылған арық-тоғандар арқылы су келіп, халық егін шаруашылығымен айналысты. «Төменарық», «Тоқтамыстың бұлағы», «Мыңбұлақ», «Қызыл тал» сынды жер-су, арық атаулары әлі де солай аталады.
Сығанақты 1898 жылы орыс саяхатшысы Каллаур, 1927 жылы Якубовский зерттеген. Ол сәулетті ескерткіштерді (Шахристан, Рабад) суретке түсіріп алған. 1947 жылы А.Н.Бернштам басқарған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1940, 1950 жылдары осы экспедицияны Агаева, Пацевич жетпісінші жылдары Ақышев, Байпаков зерттеп, Отырардан кейінгі екінші қала деп қорытынды жасады. Тарихи орынды зерттеу тәуелсіздіктен кейін кешенді түрде қолға алынды.
Нақтылап тоқталсақ, 2003 жылдан 2016 жылға дейін Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Сәйдін Жолдасбаев бастаған ғалымдар тобы «Қызылорда облысы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау» мемлекеттік-коммуналды мекемесі тапсырысы бойынша археологиялық қазба жұмыстарын да, реставрациялау жұмысын да жоспарлы жүзеге асырып келеді. Қазба барысында ежелгі халықтың тұрмыс — салтынан хабар беретін қорған, су жолдары, кесене орындарын тауып, айшықтап, ашық аспан астындағы тарихи, мәдени археологиялық қорықтың қатарына қосу міндеттеліп отыр.
2014 жылы өңір басшысы Қ.Көшербаев облыстық бюджеттен қаржы бөлдіріп, Сығанақ қаласы орнындағы тарихи ескерткіштерді қайта қалпына келтіру бағытындағы бастамаға жан бітірді.
Сонымен Сыр бойындағы қазақтың төл мәдени шаңырағы, тоғыз жолдың торабында жатқан қазақ халқының алғашқы ордасы Сығанақтағы қазба жұмыстары нендей сыр шертеді? Сығанақта күмістен ақша құю Ерзен ханның тұсында қолға алынса, Ерзен ханның немересі Орыс ханның тұсында теңге шығарылған. Олардың екі данасы Санкт-Петербордағы атақты мұражай –Эрмитажда күні бүгінге дейін сақтаулы тұр екен.  
Қазба орнында тұрмысқа қажетті бұйымдар, бадыра (күл-қоқыс тастайтын шұңқыр), қам-кесектер, сырлы тегене, керсен, дағара – ас салуға арналған ыдыс (орыс археологтарының тагора деп қолданып жүрген термині осы) табылған. Яғни тагора- табақ деген ұғымды білдіреді. «Сәлдесі дағарадай» деген теңеу содан шыққан.
Бізді аудандық өлкетану музейіне қойылған Сығанақтың қойнауынан табылған үлкен көлемді ыдыс – кум қатты қызықтырды. Кум – дәнді дақыл, астық және сұйықтықтарды сақтайтын, қысқа мойынды, ернеуі қалың, шанағы жұмыртқа тәрізді ыдыс. Ернеуінің диаметрі 0,3 м шамасында. Июі қанған саз белбеуді бір-біріне қабыстырып, ішкі жағынан қыш төсше қойып, сыртқы жағынан ағаш тоқпақпен ұрғылап тандыр құю техникасы осы Кум жасау әдісінің қолма-қол көшірмесі деуге болардай. Сығанақ өңірінен аршып алынған, сан ғасырлық тарихы бар, көлемі мұнан да үлкен кум облыстық мұражайға тапсырылыпты. Сонымен қатар көрмеге кесенелердің, ғимараттардың бетін нақыштауға арналған құрама қаптама қыш сынықтары қаз-қатар қойылыпты. Қаптама қыштардағы әр түрлі бедерде салынған нақыштар батырып сызу, кесіп-керту әдісімен салынған сыңайлы. Өрнекті-симметриялы бейнеленгендері де бар. Сырты бояулы қаптамамен әшекейленген кесек сынықтары табылған, бірақ сапасы жөнінен мықты бояу құрамы күні бүгінге дейін анықталған емес. Сығанақтан табылған күйдірілген кірпіш, керамика бояумен боялған өрнекті ыдыстар берітініректегі ғасырдан сақталған бұйымдар екенінен хабар береді.
Мұражай құндылықтары туралы жан-жақты ақпарат берген аудандық тарихи-өлкетану музейі ғылыми қызметкерлері Құралай Дәрмен мен Мөлдір Дюсенбаева бүгінге дейін қорда 9 мың жәдігер жинақталып тұрғанын жеткізді. Бірақ көрермен залында осы 9 мың экспонаттың 900 түрін ғана жарқыратып орналастырып, тарихи таңбалануы жөнінде толық ақпарат беруге мүмкіндік бар. Қалған көзайым құндылықтарымыз көзден таса, көңілден тыс қалып, қараңғы шоланда шаң басып жатыр. Мекеме директоры, ұлтжанды тұлға Нәбихан Шалаповтың ғимаратты жаңа орынға көшіру мәселесі жөнінде бармаған жері, ашпаған есігі жоқ. Рухани қазыналарымызға қақпасын кең ашып, әлемдік кеңістікте өз орнын айқындауға көшкен ұлттық талап-тілектеріміз өз тұғырын таба бастаған тәуменді тұста жергілікті жердегі құзырлы орын иелерінің жанашыр көзқарасына тәуелді болып, жаутаң күй кешкен бұл қасиетті қараорынның да қабырғасы кеңейіп, тынысы ашыла түсер деген үміт басым.
Жоқ болған жаман, бар болып оны ұқсата алмаған одан да жаман. Қолда бардың киесін кемітпей, мыңдаған көрерменге мөлдіретіп ұсынып отырған мұражай қызметкерлері жас ұрпақ тәрбиесіне де терең атсалысып, мектеп оқушыларымен түрлі тағылымдық шара өткізуді дәстүрге айналдырып келеді екен.
Мұратсыз ұлт болмайды. Сар даланың сарынынан сыр аңдап, қатпар-қатпар құпияларына құлақ түргенге қасиетті мекен қойнауы ғасырлар бойы ғажайып үміт пен зұлым ниеттің аламан айқасында аман қалған асыл жәдігерлерімізді арманы асқақ ұрпаққа аманаттап тұрғандай.
Тәрбие-тал бесіктен басталады. Жас ұландардың жүрегіне ұлттық мақтаныш сезімін орнықтыруда ата-баба аманатының алтын қоры – аудандық мұражайымыз әлі де жүздеген жыл «Мәңгілік елге» ұмтылған мемлекетіміздің ұлттық кодын ұлықтап, өлке өрлеуінің саяси-мәдени қазығын бекемдеуде өз биігін аласартпақ емес.
Б. ҮСЕЙІНОВА.

14 желтоқсан 2017 ж. 529 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области