Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Менің түйгенім – біздің бақытты екеніміз (суреттер)

Менің түйгенім – біздің бақытты екеніміз (суреттер)

Жақында Елбасы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарымен кездесіп, жетістіктерімен танысты. Олардың бірі – қызылордалық Назгүл Кенжетай. Қаладағы №10 Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектеп түлегі журналистика мамандығы бойынша Түркияда білім алады. Бүгінде жас маман әскери тілші, саяси талдаушы ретінде таяу шығыстағы соғыс ошақтарына барып, әлемдік қақтығыстардың фотодеректер қорын тың туындылармен толықтырып келеді.

Елбасымен кездесуде оның «Мен байрағы жерге құлаған елді көрдім. Елін қорғай алмаған ерді көрдім» деген сөзі көпшілікті бей-жай қалдыра алмады. Оның объективіндегі әрбір суреттер бейбіт өмірдегі елге бейбітшіліктің қаншалықты қымбат екенін ұғындыра түскендей.
Жақында Назгүлмен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Назгүл, сұхбаттарыңыздың бірінде «бұл мамандық мені таңдады» дейсіз. Дегенмен кездейсоқ келмегеніңіз белгілі.
– 2013 жылы Түркия республикасының мемлекеттік грантын жеңіп алу арқылы журналистика мамандығын игердім. Қазір халықаралық әскери тілші, саяси талдаушымын. Зерттеу алаңым – халықаралық қақтығыстар. Әрине, мамандыққа кездейсоқ келу мүмкін емес. Менің таңдаған мамандығым икемділікті, төзім мен шыдамды, мықты психологияны талап етеді. Сонымен қатар журналист ретінде барлық қақтығыстарды жақыннан зерттеу – парыз. Зерттеп ғана қоймай бұл драманың шешілуіне қол ұшын беру қажет. Олардың жанайқайын әлемге естірту керек. Ақ пен қараны ажырата білу керек.
– Зерттеу жұмыстарында шынайы ақпарат қаншалықты маңызды?
– Ақпарат қазіргі таңда ең қымбат дүние. Оны дұрыс қолдана алмасаңыз, карьераңыз басталмай жатып бітеді. Ақпаратты қолдану барысында журналистік этика сақталуы тиіс. Себебі, кей кезде қолдағы дерегіңіз бір қоғамның тағдыры болуы мүмкін. Ал, таза ақпарат дегеніміз – еш жерден көшіріп алынбаған, өз көзқарасымызға лайықты мәлімет жинау. Көп ретте біз әлемдегі мәселелерді Ресей немесе Еуропалық БАҚ-тан аударып беріп жатамыз. Осы арқылы оқырманға сол елдің көзқарасын жазып жатқанымызды білмей қаламыз. Біз көшіруден құтылуымыз қажет.
– Бейбіт елдің жас ұрпағысыз. Қаршадай қазақ қызы елден жырақта және қауіп-қатердің ортасында жүр. Тыныштығын жоғалтқан әлемнен түйгеніңіз...
– Бейбітшілік оңайлықпен келген жоқ. Ал бейбітшілікті қорғау одан да қиын. Сыртқы дипломатияда мынадай заң бар: «Үлкен балық кішкентай балықты жұтуы тиіс». Сол себепті қақтығыстардың себептерін зерттеу керек. Біз бұл қауіптің алдын-алу үшін не істеуіміз керек дегенде ғана сол қақтығыстарды ең жақын жерден зерттеу керек деген түсінікке барамыз. Мен де осы үшін бардым.
Менің түйгенім – біздің бақытты екеніміз.
–Өткен жылдың ең үлкен игі ісінің бірі – «Жусан» операциясы арқылы адасқан қандастарымыз елге қайтты...
– Тәуелсіздік алған жылдары түрлі жамағаттар, ағымдар бізге дін үйретуге келді. Солардың соңы – салафизм мен экстремизм. Бірақ адасты екен деп олардан бас тарту ешбір елге жараспайды. Біздің ата заңымызда адам мемлекеттің ең құнды байлығы екені атап көрсетілген. Иә, қаншама адам адасып қалды. Біз оларды алдымен қоғамға икемдеп, содан кейін ғана қоғамға араластыру керек. Бұл мәселе төңірегінде біздің еліміздің еңбегі зор.
– Жусан исі... Сізге қалай әсер етеді?
– Әрбір бейкүнә сәбидің шарасыздығы маған еріксіз жусан исін еске түсіреді.
– «Отансыздықтың жүзі» жобасы жайында айтыңызшы...
–Әр адам үшін Отанның ең қымбат екенін насихаттау мақсатында жасалған маңызды еңбек. Отансыздық – тыйылмаған көз жасы, шарасыздық, тірі өлік. Отаны жоқ адам ешнәрсені армандай да алмайды. Әрбір адамның Отаны, төлқұжаты, өз құқының болуы бәрінен қымбат. Бұл жоба Отан деген киелі сөздің мағынасын түсіне алмай жүргендерге мысал болса екен деймін.
– Кітап жазып жатқаныңызды естідік...
– Иә, туындыны «Отансыздықтың жүзі» деп атамақпын. Сапалы дүние шығу үшін әлі көп еңбек керек.
– Суреттеріңіз қандай басылымдарда жарияланды және қай елдерде көрме өткіздіңіз?
– Bbc Turkish, TRT, Orhaagency, Agency France Press, PolitiksRu басылымдарында жарияланды және әлем баспасөзіне суреттерім жариялана бастағаннан кейін түрлі көрмеден ұсыныстар түсті.
– Біз бейбітшілікті қаншалықты қадірлеп жүрміз?
– Бейбітшіліктің қадірін елге пайдалы болу арқылы білу қажет. Ел үшін күйіп-жану арқылы бейбітшіліктің қадірін біле аламыз. Өзімізді жетілдіру арқылы, қолға алған ісімізді адал атқарумен, жауапкершілікті терең сезінумен, әдеп пен өнегені жоғары деңгейге қоюмен, отбасымызға құрмет көрсетумен біз бейбіт бола аламыз. Әрқайсымыз ел маған не берді деп емес, мен елге не бердім деп сұрау керек. Сол кезде ғана бейбітшілігіміз мәңгі болады. Бейбітшіліктің бағасын ұғыну үшін үлкен нәрсе жасаудың қажеті жоқ.
– Елбасымен кездесуден алған әсеріңіз...
– Елбасы бейбітшілік жолында тер төккен тұлға. Кездесу маған жігер сыйлады. Ақыл-кеңесі, жол көрсетуі, қолдауы мен үшін маңызды.
– Туған жерге соңғы рет қашан соқтыңыз? Сырдың самал желін сағынған боларсыз...
–Туған жерге жылына бір-екі рет соғып тұрамын. Отбасым – туған жерде. Елге келсем жаным жай табады. Туған жерде ғана барлық мәселені, жоспарларды, күйзелісті, әрдайым уақытпен жүру тәртібін ұмытып, анамның, бауырларымның жанында бақытқа бөленемін.
– Сізді толғандыратыны...
– Елімнің келешегі, әлемнің өзгерісі, адамзаттың тағдыры.
– Елімізде жастар жылы. Замандастарыңызға айтарыңыз...
Қандай іс жасасаңыз да ояу рухпен жасаңыз. Сол кезде ғана ісіңіз мағыналы болады.
– Сұхбатыңызға рахмет.

04 наурыз 2019 ж. 223 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области