Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » КӘСІППЕН АЙНАЛЫСҚЫСЫ КЕЛЕТІНДЕРГЕ КЕҢЕС БЕРІЛЕДІ

КӘСІППЕН АЙНАЛЫСҚЫСЫ КЕЛЕТІНДЕРГЕ КЕҢЕС БЕРІЛЕДІ


Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы жыл басынан жеке ісін ашып, кәсіппен айналысқысы келетін азаматтар үшін әлеуметтік желіде тікелей эфир арқылы кәсіпті ашу, жүргізу, қаржыландыру көздеріне қатысты кеңес беру қызметін бастап кетті. Біз сіздерге сол кеңестің жазбаша нұсқасын ұнысамыз.
Бүгін біздің сауалдарымызға Кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Мәдина Қасымжан жауап береді.
-  Жеке кәсібімді ашқым келеді, бірақ неден бастарымды білмей жүрмін. Маған қандай кеңес бере аласыз?
- Біріншіден нақты бір кәсіп түрімен айналыс деп айту өте қиын. Себебі әр адамның өз бейімі, қызығушылығы, жеке мүдделері болады. Соған сәйкес «Мен немен айналыса аламын? Қолымнан не келеді? Қандай істі жақсы жасай аламын?», - деп өз-өзіңізге сауал қойып алғаныңыз жөн.
Бізде жақында бір кісі келіп, кеңес алды. Не кәсіппен айналысуға болатынын сұрады. Қолынан көкөністерді маринаттау келеді екен. Сол қабілетін іске жаратпақ болып, әуеліде аз көлемде үйінің жанындағы мектепке апарып өткізе бастайды. Алғашқы тапсырысы 200 банкі болған. Осы ісін дамыта келе, қазір шағын отбасылық кәсібін жүргізіп отыр. Бұл мысалды үлгі ретінде айтып отырмын. Мысалы, әр адамның бірнеше қабілеті болуы мүмкін. Соның біреуін таңдап алу қажет.
Одан кейін нарықты зерттеу керек. Сіздің тұтынушыға ұсынайын деп отырған қызметіңіз немесе өніміңіз сұранысқа ие ме? Міне, осыны анықтаған жөн. Нарықты зерттеп болғаннан кейін барып айналысатын кәсібіңізді анықтап, бір идеяға тоқтағаныңыз дұрыс.
- Кәсібімді бастау үшін белгілі бір қаражат қажет екені анық. Сол үшін де қандай мемлекеттік бағдарламаға арқа сүйей аламын? Олардан қаржыны қанша пайызбен алуға болады? Сол жөнінде кеңес берсеңіз.
- Қазіргі уақытта мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдауға ерекше мән беріліп жатыр. Көптеген мемлекеттік бағдарламалар бар. Соның ішінде жақсы жұмыс жасап жатқаны «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы мен «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының тиімділігі берілетін үстеме сыйақысы, яғни пайызының төмендігі – 6 пайызбен беріледі. Өте ыңғайлы. Екіншіден, бұл бағдарламаға жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің мүшелері қатыса алады. Ол үшін жұмыспен қамту орталығына барып, өтініш беруі қажет. Тағы да айтамын, сыйақы мөлшері 6 пайыз, 18 млн.теңгеге дейін несие беріледі. Несие берілетін мерзімі 60 ай. Сіз несиеңізді ай сайын, тоқсан сайын немесе жарты жылда бір рет төлейтін етіп алуыңызға болады.
 «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасына тоқталсам. Бағдарламаға қатысуға шекте қойылмаған, яғни бағдарламаға жұмысы бар азаматтар да, жұмыссыздар да қатыса алады. Ерекшелігі – несие екінші деңгейлі банктер арқылы беріледі. Үстеме сыйақысы 14-19 пайыз. Оның қала тұрғындары үшін 7 пайызын, ауыл тұрғындары үшін 10 пайызын мемлекет субсидиялайды (Уикипедиядан алынған мағлұмат бойынша, Субсидия (лат. subsіdіum – көмек), демеу қаржы – мемлекеттік бюджет есебінен көбінесе ақшалай нысандағы бір жолғы жәрдемақы). Сонда, егер Сіз қала тұрғыны болсаңыз максимум 12 пайыздық үстемақымен қайтарасыз несиені, ауыл тұрғыны болсаңыз 7 пайызбен төлейтін боласыз.
Екі бағдарламада да міндетті түрде кепіл мүлік қажет етіледі. Егер Сіз бастауыш кәсіпкер болсаңыз 15 пайыз кепіл мүлкіңіз болуы керек. Қалғанына мемлекет кепіл болады, яғни «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында «Даму»АҚ, ал нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша «ҚазАгроГарант» АҚ кепіл болады.
- Мәдина ханым, мәселен мен сұлулық салонын ашқым келеді. Ол үшін не істеуім қажет. Жолдарын көрсете аласыз ба?
- Сұлулық салоны қазіргі уақытта ең жақсы дамып келе жатқан бизнес түрі. Сұлулық салонын ашу үшін Сізге ең алдымен білім дағдылары қажет. Мүмкін Сіздің қолыңыздан шаш үлгісін жасау, бет әрлеу, тырнақ күтіміне қатысты қызмет көрсету келетін шығар. Дегенмен, Сіздің білім дағдыларыңыз әлі де болса жеткіліксіз болуы мүмкін. Сол үшін қысқа мерзімді арнайы курстарға қатысып, білім-білігіңізді жетілдіріп алғаныңыз жөн. Одан кейінгі екінші сатыда Сіз алған білімдеріңізді тәжірибеде қолданып, тәжирибе жинақтау мақсатында нарықта бұрыннан жұмыс жасап тұрған, беделді сұлулық салондарында аз уақыт болса да жұмыс жасап көргеніңіз дұрыс. Үшінші кезеңде, сұлулық салонын ашатын орынды анықтап алуыңыз керек. Әдетте ең қолайлы жер халық көп шоғырланған орындар, аялдамалардың жанындағы ғимараттар болуы мүмкін. Бір ерекшелігі, панельді орындарда, ғимараттардың жертөлелерінде сұлулық салонын ашуға рұқсат етілмейді. Осыны ескеріңіз. Сұлулық салонында стандарт бойынша бір маманға 7 шаршы метр орын қарастырылуы қажет. Егер Сіздің сұлулық салоныңызда 2 маман жұмыс жасайтын болса, бөлмеңіздің ауданы 14 шаршы метрден кем болмауы тиіс. Кәсібіңізді бастап кету үшін, ғимараттың жалға алу ақысынан өзге (егер ғимарат өзіңіздікі болмаса) 350-450 мың теңге қаржы қажет. Бұл қаржыға салонға қажетті жиһаз, құрал-жабдықтар аласыз. Мұнан өзге, ай сайын ғимараттың коммуналдық шығындарыңыз бар, өзге де қосымша шығындар болуы мүмкін. Осы қаржыларды есептегенде Сіз бастапқы салған қаржыңызды ең азы 6 ай, 1 жыл көлемінде шығарып алуыңызға болады.
- Мәдина ханым, кеңесіңізге рахмет. Жақсы, сау болыңыз.   
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

23 қаңтар 2018 ж. 480 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области