Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Айдос САРЫМ: НАРЫҚҚА ҚАЖЕТІ ЖОҚ БАСЫЛЫМДАР КӨБЕЙДІ

Айдос САРЫМ: НАРЫҚҚА ҚАЖЕТІ ЖОҚ БАСЫЛЫМДАР КӨБЕЙДІ


Асылында, ең өтімді ақпарат ол – шындық. Шындық біреулерге ұнамауы да мүмкін. Бірақ, оны халық соңынан іздеп жүріп оқитын болады. Шындықты шапан жауып та жеткізуге болады» дейді саясаттанушы Айдос Сарым.
 — Қазір отандық ақпарат кеңістігінде газет те, журнал да көп. Оның дені жекеменшік ақпарат құралдары. Бұл баспасөзге сұраныстың артқанын көрсете ме?
— Расымен де, қазір газет-журналдар көбейді. Бірақ, нарыққа қажеті жоқ басылымдар жетіп артылады. Ойлап қарасаңыз, Қазақстанда әдеби процесс жоқтың қасы. Оның нақты мысалын кезекке тұрып оқитын кітаптың жоқтығынан көруге болады.
Жақында әдейі санап көрдім. Қазақстанда он алты әдеби журнал бар екен. Оның барлығы қазақ тілінде. «Бұл керемет екен» дейтін боларсыз. Бірақ, олай емес. Бізде қалай?  Қасым кімнен кем дейміз де, «Қасым» деген журнал ашып тастаймыз. Одан кейін «Мағжан», «Дулат» атымен басылған журналдар көбейеді. Жарайды, Мағжанның бүкіл шығармашылығын жазу үшін, журналдың бес нөмірін арнауға болатын шығар. «Мағжантану» деп, тағы бес нөмірді шығарамыз. Бірақ, одан кейін не жазамыз? Айналып келгенде, сол журналдардың барлығы нарықтың сұранысынан шығып отырған жоқ. Яғни, бұл біреулерге жұмыс табу, мемлекеттік тапсырыс алу сияқты қазақшылықтан туған дүние. Бұл нені көрсетеді? Біздің баспасөз көп жағдайда өмірдің қажеттіліктерін назардан тыс қалдырып,  қоғамнан тыс өмір сүріп жатыр деген сөз.
Сонда не істеу керек?
—  Қоғамға не керек? Қандай мәселе, тақырып өткір тұр? Жарнаманы қалай тартуға болады? Міне, осы тақырыптарға жауап іздеуіміз керек. Мәселен, «Казмедиа» немесе «Жайықпресс», сол сияқты, «Атырау – Ақпараттың» ғимараты  журналистер ғана отыратын мекеме емес, бүкіл аймақты біріктіретін қоғамдық орта болуы керек. Яғни, кез келген адам мұнда келіп кітап оқып шығуға, газеттің жаңа нөмірлерімен танысып, интернет қызметін пайдалануға мүмкіндік беретін жағдай жасалуы тиіс.
Әдетте, газет ұлтты біріктіруші, жинақтаушы деген пікір жиі айтылады. Десе де, газет, сайт, телеарна, радио ең алдымен, бизнес. Жалпы біз, ақпарат құралдарына нарықтың көзімен қарай аламыз ба? Егер, нарық дейтін болсақ, онда адамдардың барлығы қажет деген мәліметті ғаламтордан да таба алады. Ал, шынайы оқырманға алдымен ермек, сосын барып ақпарат керек. Мысалға, «New York Times» деген газет бар. Ол оқырмандарына «менің белгілі бір оқиғаларға тікелей қатысым бар екен» деген ой салу арқылы,  брендке айналып отыр.

ВВС үшін әр британиялық жылдық жарна төлейді

 — Бір сөзіңізде «белгілі бір газеттің оқырманы бәрібір шартты клубқа мүше» деп айтып қалдыңыз. Сіздіңше, оқырман тарту үшін газет осы мүмкіндікті қалай пайдалануы керек?
— Қазір үлгі етуге боларлық көптеген жақсы жобалар жетерлік. Мәселен, vlast.кz деген сайт бар. Олар жазған мақаласының бір бөлігін ғана сайтқа салады да, қалған бөлігін оқу үшін ақша төлеуді талап етеді. Онда да таңдау өзіңізге беріледі. Ақшаны не жекелеген мақалаға немесе сайтқа айлық, жылдық жазылу үшін төлейсіз. Алайда, біздің қазақ оқырманы өзінің таңдауы үшін ақша төлеуге дайын емес.
Сол себепті де, телеарнаны, сайтты бизнес жоба, тауар деп емес, ауадағы зат сияқты қабылдаймыз. Шын мәнінде, барлық дүниенің, нәрсенің сұрауы бар. Мәселен, әлемге әйгілі ВВС арнасына әрбір британия азаматы жылдық жарна төлейді. Біріншіден, бұл – ВВС арнасының сапалы жұмыс істеуіне инвестиция, екіншіден, тәуелсіздікті көрсетеді. Яғни, ай сайын төленетін коммуналдық төлемдердің ішінде, айталық 4 мың теңге арнаға төленеді.
Рас, қазір ешкім жұмыс іздеп кезіп кеткен жоқ. Жалақы уақытында түсіп тұр. Бірақ, екі жылдан кейін осындай жағдай бола ма, жоқ па? Біз оны білмейміз. Бүгін мұнайдың құны 56 доллар болса, ертең 5 немесе 15 доллар болып кетуі мүмкін. Сәйкесінше, газеттер жабылып, құрылған ұйымдар 10 долларға сатылатын жағдай болуы да ғажап емес. Демек, біздің баспасөз мемлекеттен басқа келіп жатқан қаражатты пайдалана отырып, өзін жаңа заманға бейімдеудің жолын іздестіруі керек.

«Тірі» эмоцияға сұраныс көбейді

— «Біздің өмір сүру образымыздың өзінде ескі формат, ескі көзқарас сақталып келеді. Жаңа форматпен арадағы айырмашылық, әсіресе, мәдени, рухани өміріміздегі тоқырауға әкеліп жатыр» деген пікір де бар…
— Қаласақ та, қаламасақ та бүгінде қоғам түгелдей жаңарып жатыр. Мәдени кеңістікте де алуан-алуан өзгеріс бар. Яғни, алда таңдау тұр. Ол жол – ескі мен жаңа форматты өзара бірлестіру деп атады. Мәселен, театрларымызды алып қарайық. Пьеса қоямыз, көрермен қол шапалақтайды. Классикалық дәрежедегі кеш осылай аяқталады. Бұл әрине, жеткіліксіз. Бір Алматының өзінде алты жекеменшік театр бар. Біреуіне елу адам, енді біреуіне екі жүз адам келеді. Бірақ, олар көрерменді тарту үшін жылына кем дегенде тың тақырыптағы он бес жаңа  пьеса қоюға мәжбүр. Қазіргі заманның ағымы қатты өзгергені сондай, кереметтей декорация жасаудың да қажеті болмай қалды. Қызықты тақырып болса, кішкентай бөлменің ішінде отырып та спектакль қоюға болады.
Қазір ғаламторда youtube деген кеңістік пайда болды. Сондағы кейбір каналдардың аудиториясы облыстық, тіпті, республикалық телеарналарды мың орап алады. Мәселен, онлайн режимде жұмыс істейтін бір жас журналист экранда өзі ғана отырады. Екі камерасымен кез келген дәмхана немесе көшеде отырып ақ, бір сағаттық сұхбат жасайды. Қарапайым сұрақтар береді. Бірақ, сол журналистің youtube желісіндегі каналы мыңдаған, миллиондаған қаралымға ие. Керемет пе? Керемет!
Байқасаңыз, қазір әлемдік телеарналардың барлығы бір-біріне ұқсай бастады. Бірақ, ең басты ерекшелік тірі эмоцияға деген сұраныс және оны қанағаттандыруда болып тұр. Қараңыз, біздің теледидарымыздағы, газеттегі лексикон мен қарапайым өмірдегі лексиконның арасы жер мен көктей. Көшедегі жастарда мүлде басқа тіл пайда болып жатыр. Осындай тіл алшақтығы да жастар аудиториясын дәстүрлі медиадан алып кетуде. Демек, маркетизацияның қыр-сырын көбірек меңгеруге тура келеді.

Кішігірім театрлар «Мегаға» келсе

— Ендеше, жастар аудиториясы үшін қандай ерекше қадам жасалуы керек?
— Бүгінгі күні жастар қай жерге көбірек барады? Жауап қарапайым. Айталық, Алматыдағы «Мега» ойын-сауық орталығына бір күнде кемінде 60 мың адамға дейін келеді. Ондағылардың дені жастар. Көпшілігі киноға кіріп-шығады. Сосын сауда жасамаса да, пепси кола мен гамбургерін алып, достарымен әңгімелесіп отырады. Әсіресе, солтүстіктің халқы осындай өмір сүру образына жақын. Сол «Мегаорталыққа» неге кішігірім театрларды алып келмеске?  Неге облыстық театр сондай орталықтарда он минуттық қойылым қоймайды? Кітаптар неге сол жерде тұрмайды? Неге біз қатып қалған классикадан, ескі форматтан арыла алмай жүрміз? Біздің мәдени ошақтарымыз да, бұқаралық ақпарат құралдары да кезінде құрылған шіркеу емес.  Бүгінгі күні біз оқырманның, көрерменнің артынан жүруге міндеттіміз. Егер, біз өнімімізді өткізіп, айтқанымызды жеткізгіміз келсе, осындай стандарттан тыс жүйелерге дайын болуымыз да керек.
Мысалға, газетті алайық. Газет аптасына екі немесе үш, тіпті бес рет шығуы мүмкін. Алайда, қанша жерден керемет жаңалық іздесеңіз де, интернетті басып озу мүмкін емес. Бүкіл жаңалықты интернет айтып тастайды, әлеуметтік желілер талқылап тастайды. Тіпті, радио мен телеарналар да бұл толқынға ілесе алмайды. Оның үстіне, ішкі және сыртқы цензурамыз да бар. Сондықтан, алда қазір екі таңдау жолы тұр. Бірі — тереңдік, екіншісі — жылдамдық. Жылдамдық көп жағдайда арман. Демек, бізге тереңдік керек.
— Тірі эмоцияға сұраныс күшейіп отыр дедіңіз. Ендеше, баспасөз, кітап, театрға деген сұранысты ұлғайту үшін не істеу керек?
— Оқырманның артынан жүре отырып, олардың қажеттілігін өтейтін дүниені ғана емес, өресін биіктететін материалды да ұсына білуіміз керек. Жақында шоу бизнестегі Баян Есентаева 50 мың данамен шығарылған «Баян» деген кітабын сату арқылы, 40 миллион теңге пайда тапты. Оның инстаграммдағы парақшасында 1 миллион 200 мың жазылушысы бар.  Біздің бүкіл классиктер жиналған Жазушылар Одағы соңғы үш жылда мұндай касса жинай алған жоқ. Жақында осы саладағы жігіттерге ұсыныс тастадым. Баянмен келісім-шарт жасассақ, ол айына бір кітапты дұрыс насихаттап отырса, кемінде жүз мың адам сол кітапты оқыр еді. Оның несіне арланамыз? Егер, тауар сатып отырған болсақ, оның өтімділігін қамтамасыз етуіміз керек.
Әсіресе жас шенеуніктердің ішінде «газет заманы өлді» деген пікір бар. Олай емес. Газет қазіргі заман ағымына бейімделеді. Рас, ол үшін алдымен журналистер бейімделіп, интернеттің бүкіл жақсы технологиясын меңгеруіміз керек. Ізденіс, жаңашылдық бар жерде сұраныс міндетті түрде жүретін болады.
Қазір әрқайсымыздың қалтамызда бір-бір банктің карточкалары жүреді. Мысал үшін, мені аудандық газеттің оқырмандар клубының өкілі деп алайық. Егер,  редакция тарапынан берілген карточка «Қазпочта» қызметіне жүгінген кезде, бес пайыздық жеңілдік әкелетін болса, керемет емес пе? Бір нәрсеге өзің ақша төлегеннен кейін бұл жерде көзқарас та басқаша болады. Яғни, мұндай қатысу айналып келген кезде, екіжақты белсенділікке алып келеді. Осындай механизмдер оқырманның редакцияға жиі келіп тұруына, өзінің хатын, пікірін жариялап отыруға мүдделі болуына ықпал ете түсер еді. Және редакциялық кері байланысқа жиі шығудың да берері көп. «Бізге қандай тақырыптар жетпей жатыр?» деген сауалнаманы қаржысыз ақ жүргізіп, тиімді жауап алуға болады.
 Өзім шет мемлекетке шыққан сайын, міндетті түрде сол елдің газет-журналдарын сатып алып оқимын. Бір байқағаным, шетелдің газеттері күн санап қалыңдап бара жатыр. Айталық, «Financial Times»-тың жұмалық нөмірі 200 жүз бетке дейін, түрік газеттері 240 бетке барады. Ішінде саясат, әлеумет, бизнестен бастап, спортқа дейін бәрі бар. Ал, біздің қазақ газеттері тәуелсіздік жылдарында бірде-бір бетке қалыңдаған жоқ. Демек, оқырман бізді оқысын дейтін болсақ, өзіміздің дәстүрлі форматымыздан шығу керек. Әсіресе, қазақ баспасөзі үшін, қазақ тілді сарапшыларды қалыптастырып, терең аналитикаға құрылған материалдарымызды көбейту маңызды.
Сұхбаттасқан:
Баян ЖАНҰЗАҚОВА



20 қазан 2017 ж. 739 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области