Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Майлықожа Сұлтанқожаұлының 180 жылдығына орай жаңа кітап жарық көрді

Майлықожа Сұлтанқожаұлының 180 жылдығына орай жаңа кітап жарық көрді

Kyzylorda-news.kz. «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасында қазақтың суырып салма ақыны Майлықожа Сұлтанқожаұлының 180 жылдығына орай шығарылған «Майлықожа Сұлтанқожаұлы. Толық шығармалар жинағы» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

Шараға қатысқан қонақтар Майлықожа Сұлтанқожаұлының шығармалар жинағы туралы ойларын ортаға салып, оң бағасын берді.
Жинаққа ХІХ ғасыр әдебиетінің алыбы, Оңтүстік Қазақстан, Сырдың орта ағысы мен Қаратаудың күнгейіндегі ақындық мектебінің озық үлгісін жасаған Майлықожа Сұлтанқожаұлының «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының, Түркістан Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Түркология ҒЗИ қорларында сақталған қолжазба мұралары, Мырзашөл, Сарыағаш, Отырар, Ордабасы аудандарынан табылған қолжазбалары, олардың нұсқалары мен версиялары текстологиялық сараптаулардан өткізіліп және әр кезеңде жарық көрген кітаптары негізінде ұсынылды.
Бұл жинақ белгілі қолжазба жинаушы, шежіретанушы ғалым Сейітомар Саттаровтың ұсынысы бойынша және көп жылдар жинаған қолжазбалары негізінде бірлесіп жасалған еңбек. Сейітомар Саттарұлының жинаған Майлықожа ақынға қатысты қолжазба көшірмелері Орталық ғылыми кітапхана қорына өткізілді.
Майлықожа Сұлтанқожаұлы (1835-1898) XIX ғасырда өмір сүрген ақын-жыраулардың ішінде өзіндік орны ерекше, артына мол мұра қалдырып, халықтың ықыласына бөленген ақын. Жамбыл ақын Майлықожаның ақындығына, ғибраты мол өлең-термелеріне «Майлықожа, Сүйінбай, пірім еді сиынған» деп бағасын берген екен. Майлықожа Сұлтанқожаұлы өлеңдерін ауызша шығарған, өзі жазып қалдырған мұралары да кездеседі. Майлықожаның әдеби мұрасын жанры мен мазмұнына қарай бірнеше тақырыптарға бөлуге болады: ғибрат, нақылдар («Ер көгерер дұғамен», «Жолдас болсаң жақсымен», «Жақсы адам қартайса»), арнау өлеңдер («Ахмет төреге», «Тұрлыбекке», тағы басқалар), дастан-мысалдар («Қасқыр», «Тотынама», «Аңқау мен қу», «Шора батыр», «Үш жігіт»), айтыстар. Майлықожа ақынның Сүйiнбай, Мәделқожа Жүсіпқожаұлы, Күдеріқожа, Құлыншақ, Айман-Гүлханым, Ұлбике, қырғыз ақыны Жаныстармен сөз сайыстыруы ақын атамыздың терең ойлы шындықты ту еткен бiлiмдi шайыр екенiне көз жеткiземiз.
29 мамыр 2019 ж. 47 0
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области