Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » МАРҚАСҚА АҚЫН МАНАП КӨКЕНОВ

МАРҚАСҚА АҚЫН МАНАП КӨКЕНОВ


«Манаптың бір өзі – бір театр екен ғой». Бұл Әбділда ақынның Манапқа берген бағасы. Абыз ағаны осылай таң қалдырған талап иесінің өнердің сан түрін ерттеп мініп, тай-құлындай еркіне бағындырған құдырет-күшінің қайнар бұлағы – оның тума талант ақындығы еді.
Халқымыздың ежелден келе жатқан салтымен егіз өрілген, ұтымды уәжбен ұйқас өріп, сөз қағыстыруға келгенде жүрегінің түгі бар, екі иығында қолдап тұрар пірі бар арқалы ақындары қарап қалсын ба, әрбірі бір-бір елдің атынан айтысқа шығып, алдарына жан салмаған. Сондай айтыстың бірі 1943 жылы, Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан кезде елдегі еңбекшілердің көңіліне дем беру мақсатында Нартай Бекежановтың басқаруымен Жаңақорған ауданында да ұйымдастырылады.
Осы айтысқа «Кеңесарық» колхозы атынан Манап Көкенов, «Елтай» колхозының атынан Әбжан Құрышжанов сөз сайысына түседі. Екеуі да өз колхозындағы табыстарды санамалап, бір-біріндегі кемшіліктерді сынмен түйрейді. Сол кезде Манап бар болғаны 15 жаста екен. Екеуіне де риза болған Нартай ақын Манап пен Әбжанды қасына шақырып алып:
Дарияның ағып жатқан тұнығысың,
Тұнықтың бойында өскен шыбығысың.
Тең түстің Манап, Әбжан қарақтарым,
Халықтың ел билейтін құлынысың, – деп ақ батасын берген екен. Көзі көреген, көкірегі алтын сандық саңлақ ақынның үкілеген үміті алдамапты, екеуі де елді билемесе де, сөз патшасы – өлеңнен ойлы адамның омырауына гүл тағып, көңілін көкке шарықтатты.
Манап ақын алпыс төрт жыл ғұмырында туған жерден кіндігін үзбей, атамекеннің жазиралы маңдайына жырмен моншақ кестеледі.
Жаңақорған – жәннатым, өз мекенім,
Білемін бар бақытым сенде екенін.
Өзіңді әрқашанда шын жүректен
Ардақтап өз анамдай әндетемін, – деп ағынан ақтарылады ақын.
Көкенұлы Манап 1928 жылы 20 мамырда дүниеге келген. Аталары Ыбырайым Сырдария бойында Ақтас деген жерде шығыр тартып отырған. Он бес жасында Мәдениет үйі жанынан ашылған №1 Қызыл Отаудың меңгерушісі болып тағайындалғаны туралы оның еңбек кітапшасында бір ғана бұйрық бар. Ол бойындағы барлық талант-талғамы, ақындық қыры, әншілік, әртістік дарыны, үгітші, насихатшы, ұйымдастырушылық шеберлік шыңы ел алдында шыңдалып, тұла-бойында тұнған тағдыр тартуын түгелдей сарқып, туған халқының игілігіне жұмсаған тұлға.
Сыр бойы ежелден-ақ өлең мен жырға бай өңір. Есімдері кең танылған Ешнияз сал, Балқы Базар, Кете Жүсіп пен Қаңлы Жүсіп, Шораяқтың Омары, Күдеріқожа мен Бұдабай, Құлан ақын, Нұртуған шайыр, Тұрмағанбет, Нартай ақын туып, өсіп, өлең жырмен бөлеген бұл өлкені халықтың «Сырдың елі – жырдың елі» деуі де сондықтан.
Манап осы мектептің шәкірті. Халық ақыны, әрі композиторы Кенен Әзірбаевтың 90 жылдық мерейтойына байланысты 1974 жылы өткізілген айтыста Манап ақын өзімен сөз додасына түскен Жамбыл облысының ақыны Асылқұл Бүрбаевқа:
– Ел қамын жырлар ақын он ойлана,
Ол міндет жүктелмеген оңай ғана.
Сен – Кенен, Мен – Нартайдың шәкіртімін.
Мені де кем ойлама, абайла, аға! – деуі де сондықтан.
Ал енді алматылық ақын Әсімхан Қосбасаровпен бір қақтығысында Манап:
– Сырда туған дүр еді,
Сүлейлердің бірі еді.
Бағасын берген шақырып,
Жамбыл оның пірі еді.
Мен Нартайдың шәкірті,
Сіздерге өлең түстенсе,
Бізге келіп түнеді.
Сырдың елі – жыр елі,
Екенін қазақ біледі, – деп төгілдіреді. Тағы бірде:
Сыр бойынан мен келдім,
Сүлейлердің мекені.
Сыр туралы сыр шерткен
Ақын болып кетеді.
Сырда туып, Сырда өсіп,
Толқынымен түлегем,
Сылдырымен тілдесіп,
Жолдас болды бұл өлең, – деп өзінің ақындық жолға түсуін Сыр топырағының қадір-қасиетімен түйіндейді.
Тәңір сыйлаған талантымен тас жарып, атағы алысқа тараған, он бес жасынан сөз патшасы – өлеңді өресіне бағындырып, өзі содан бақ тапқан, жыр-жақұты жауһарды көкіректе жаттатқан, жыр алыбы – Жамбылдың ізін басқан желегі, Қаратаудың өрені – Манап ақынның өзі де бүгін сол жыр дүлділдері – Сыр сүлейлерінің біріне айналған. Оның маржандай мол мұрасы кейінгі ұрпақ үшін қанып ішер мөлдір бастау сынды.
02 қазан 2018 ж. 206 0

Саясат

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области