Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Н.БЕКЕЖАНОВ АТЫНДАҒЫ ДРАМА ТЕАТРЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬДЕ ӨНЕР КӨРСЕТЕДІ

Н.БЕКЕЖАНОВ АТЫНДАҒЫ ДРАМА ТЕАТРЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬДЕ ӨНЕР КӨРСЕТЕДІ


Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры осы жылдың тамыз айында Шотландияның Эдинбург қаласында өтетін «Фриндж» халықаралық өнер фестиваліне қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» лиро-эпостық драмасының желісі бойынша сахналанған «Ақбаян» спектаклімен қатысады.
Халықаралық «Фриндж» («Fringe») фестивалі 1947 жылдан бастап жыл сайын тамыз айында Шотландия елінде өткізіліп келеді. Әлемдегі ең жоғары деңгейде өтетін өнер фестивальдерінің бірі. Фестивальге әлемнің 50 мемлекетінен 50000 өнерпаздар қатысады және 3000-ға жуық қойылымдар көрсетіледі.
Сыр театры ұсынғалы отырған «Ақбаян» спектаклін қойған режиссер театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әмір-Темір Хұсейн Жүсіпұлы.
Көркемдеген суретші Нұркен Қалымбетов. Спектакльде өнер көрсететін артистердің басым көпшілігі жастар. Атап айтсақ, Ақбаян ролінде – Зарина Кенжеәлі, Айым Бегмат, Қозы ролінде – Санат Жүзбай, Қодар – Қанат Архабаев және Қарабай ролінде – Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Бақытбек Темірбеков, Сарыбай – Сырым Әбдразақов, Мақпал – Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Мәдениет қайраткері төсбелгісінің иегері Залипа Төлепова және Күнекей ролінде – Ақтолқын Төлеуова.
Махаббат хикаясына толы елу минуттық қойылымда – бесікте атастырылып, бірақ жолдары екіге айырылған, он жеті жылдан соң қайта жүздескен қос ғашықтың тағдыры суреттеледі. Бір-бірін көруге ынтық жүректер қайта табысады. Алайда, олардың қосылуына кедергі бар. Бірі – қалайда дүниесін толтыруды көздеген қыз әкесі Қарабай. Екіншісі – Баянға ғашық, тек күшіне сенген Қодар. Спектакльде қазақтың салт-дәстүрлері - ұлттық биі орындалып, асық, арқан-тартыс секілді ұлттық ойындар ойналып, қойылымның өне бойынан қазақтың ұлттық нақыштағы киімдері көрініс табады.
"Қазақтың ұлттық мәйегі мен мәдени құндылығы тоғысқан «Ақбаян» спектаклімен әлем сахнасына жол тартып, барша қазақ өнерінің жүгін арқалаған Нартай Бекежанов атындағы қазақ драма театры үшін бұл - үлкен тарихи құбылыс және мәртебелі міндет болып табылады", - деді театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әмір-Темір Хұсейн Жүсіпұлы.
Жарты ғасырдан астам тарих қойнауындағы Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының репертуарында түрлі жанрдағы көрермен талғамына сай сапалы қойылымдар қатары бар.
Сонымен қатар, театрдың шығармашылық құрамында жастар труппасы, қуыршақ тобы және драмалық ұжымды қосқанда барлығы 50-ге жуық артистер қызмет етеді.
Театр 63 жылдық маусымында бес мемлекетке үлкен гастрольдік сапармен барып, қазақ өнерінің мәртебесін көтеріп, мерейін асқақтатты. Оның ішінде Татарстан, Түркия, Әзербайжан және Ұлыбритания еліндерінде өткен өнер додаларына қатысып, үлкен жетістіктермен оралды.

Айта кетейік, Халықаралық «Фриндж» фестивалі – әлемдегі ең жоғары деңгейде өтетін үлкен өнер фестивальдерінің бірі. Аталған фестивальге музыкалық, этникалық, кино және ең басты екі сала – опералық және экспериментальды театрлар қатысады.
Фестиваль тарихы 1947 жылдан бастау алады. Алғашқы Халықаралық Эдинбург фестиваліне қатыса алмаған, яғни фестиваль бағдарламасына енбей қалған бірнеше театр труппалары еркін түрде қойылымдар ұйымдастырып, барлық қала алаңдарында көрермендерге ұсынды. Осындай тың құбылыстардан соң сыншылар тарапынан оң нәтижелі пікірлер айтылып, сол уақыттан бері «Фриндж» және Халықаралық Эдинбург фестивалі қатар өткізіліп келеді.
«Фриндж» әлем бойынша ең үлкен және өнер ұжымдары үшін өте қолайлы ұйымдастырылған фестиваль. Фестиваль дәстүрі бойынша ақылы қойылымдар арнайы 4 үлкен ашық алаңдарда өтеді. Олар: Pleasance, Assembly Rooms, Gilded Balloon және Underbelly. Ал, ақысыз қойылымдардың басым көпшілігі атақты туристік көшеде және Маунд белесінде өтеді.



23 шілде 2018 ж. 397 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области