Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Қызылордалық ақын бас жүлде иеленді

Қызылордалық ақын бас жүлде иеленді

Kyzylorda-news.kz. Түркістан облысында «Түркістан – Ер Түріктің бесігі ғой...» республикалық әдеби байқауының және «Түркістанды бірге түлетейік» шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Аталмыш байқауларға республикамыздың барлық өңірінен 100-ден аса қаламгер мен әлеуметтік желі қолданушылары қатысып, бағын сынады.
Марапаттау рәсімін облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов ашып берді. «Мұндай байқаулардың өтуі – руханият саласына үлкен серпіліс алып келеді. Байқауға түскен тың туындылар, маңызды мәліметтер арқылы Түркістанның тарихын өскелең ұрпаққа жаңаша бағытта насихаттай аламыз», - деген ол, қатысушыларға алғысын білдірді. Түркі елдерінің рухани астанасы, жас облыс орталығы – Түркістан қаласының терең тарихын жырлау, шығармашыл жандардың туындысына серпін беріп, олардың тың дүниелерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Түркістан – Ер Түріктің бесігі ғой...» республикалық әдеби байқауы поэзия және проза жанрлары бойынша өтті.
Қазылар алқасының шешімімен тақырыпты тереңінен толғап, отты шығармаларымен ерекшеленген Қызылорда облысының тумасы Толыбай Абылаев бас жүлдеге ие болды. Жүлделі 1-орын Қарағанды қаласынан қатысқан Жанат Жаңқашұлына берілсе, түркістандық Батырхан Сәрсенхан 2-орын, Қостанай облысынан Ақылбек Шаяхмет 3-орынды қанжығасына байлады. Маңғыстау облысынан Асылбек Жаңбырбай, көкшетаулық Қуаныш Оспан, Нұр-Сұлтан қаласынан қатысқан Олжас Қасым және Түркістан облысынан Айдар Сейдәзім мен Дәурен Тілеуханға ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Байқауға ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегман, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Әлібек Шегебай, белгілі жазушы Есқара Тоқтасын қазылық етті.
Ал Түркістан қаласын дамытудың кешенді жоспарлары мен оңтайлы өзгерістерін кең көлемде насихаттау мақсатында жарияланған «Түркістанды бірге түлетейік» шығармашылық байқауына 20-дан аса әлеуметтік желі белсенділері қатысуға ниет білдірген болатын. «Айқын» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Тельман Бейсен, белгілі журналист Бауыржан Бердімұратов, қалалық «Түркістан» газетінің бас редакторы Мәлік Әлмахан қазылық жасаған байқаудың «Әлеуметтік желідегі жарияланымдар» аталымы бойынша 1-орынға белгілі журналист, «Южный Казахстан» газетінің бас редакторының орынбасары қызметін атқарған, марқұм Кеңесбай Исмайловтың жұмыстары лайық деп танылып, жүлдесі ұлы Сейдулла Кеңесбекұлына табысталды. 2-орын Иманқұлова Несібелі Ғайбуллақызына, 3-орын Шорабекова Жансая Әбдіәліқызына бұйырды. Ал, ынталандыру сыйлықтарымен Дәурен Болыс, Привалов Владимир марапатталды. «You Tube каналындағы имидждік бейне түсірілім» аталымы бойынша 1-орын Бейбіт Қазыбековке берілді.
13 желтоқсан 2019 ж. 144 0
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области