Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Қармақшыда қоғам қайраткері Есенбек Құрманбаевты еске алу кеші өтті (ФОТО/ВИДЕО)

Қармақшыда қоғам қайраткері Есенбек Құрманбаевты еске алу кеші өтті (ФОТО/ВИДЕО)

Kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданында бүкіл саналы ғұмырын туған елінің өркендеуіне, халық тұрмысының жақсаруына сарп еткен қоғам қайраткері, коммунист, соғыс және еңбек ардагері, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, ақын Есенбек Құрманбаевты еске алуға арналған кеш өтті. Екі күнге созылған айтулы шарада атпал азаматтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Жұмыр жердегі бір ғұмыр» атты кітаптың тұсауы кесілді.
Қармақшылық тұрғындардың арасынан Есенбек Құрманбаевтың есімін білмейтіндер кемде-кем. Әсіресе, оның аудандағы «Октябрь» (қазіргі Иіркөл ауылы) колхозын құрудағы жанкешті еңбегін көнекөз қариялар әлі күнге дейін аңыз етіп айтып отырады.
Ерен еңбегінің арқасында елдің құрметіне бөленген тұлға 1903 жылдың маусым айында Сырдария ауданының Айдарлы ауылында дүниеге есігін ашады. 1909 жылы 6 жасында әкесі Құрманбай қайтыс болып, жеті жасынан бастап кісі есігінде жүріп, байдың малын бағады.
Ел басына күн туған 1916-1917 жылдардағы оқиғалардың әсерінен елді жоқшылық жайлап, жалшылыққа жалданатын бай азайғандықтан, ел Ақтөбеге ауғанда Есенбек те халықпен бірге сонда барады. Ақтөбеде де байға жалданып, мал бағады. Бірақ, келіскен бай еңбекақысының кесімді уақыты келгенде, оған бір тиын да төлемей, үйінен қуып жібереді. Есенбектің басындағы ауыр халді көрген қарапайым халық оған бар жағдайды Сағымбай батырға айтқан жөн деп шешеді. Болған оқиғаны естіген Сағымбай батыр арызын ертең келетін Қызыл өкіметтің адамына айтуға кеңес береді. Ол – Әліби Жангелдин болатын.
Міне, осы кезден бастап Есенбек Құрманбаевтың қазақтың көрнекті қайраткер ұлы Әліби Жангелдинмен таныстығы басталады. Атақты революционер Есенбектің байда кеткен ақысын артығымен төлеттіріп береді. Сосын оны паровозға от жағушы етіп жұмысқа тұрғызады. Есенбек ұлт көсемі Әлібимен үнемі байланыста болып, сауатын ашады. Кейін қызметке тұрып, қоғам өміріне араласа бастайды.
Есенбек Құрманбаев өзінің ерік-жігерінің арқасында қарапайым жалшыдан халық сенімін арқалаған жауапты қызметкерге дейін өсті. 1926 жылдан партия қатарында 65 жыл бойы еңбек етеді. 1928 жылы Мәскеу мемлекеттік университетіне түсіп, оны үздік бағамен аяқтайды. Шымкент қаласында шахта жұмысшысынан бастап, Шаян ауданының милиция бастығы, Алматы облысындағы Қорғас шекара бекетінің, Қастек аудандық жер бөлімінің бастығы, Еңбекшіқазақ аудандық МҚҚ (қазіргі ҰҚК) бастығының орынбасары секілді жауапты қызметтерді абыроймен атқарады.
Ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан даласына аттанып, Орта Азия әскери округінің ротасына командир болады. Қан майданнан елге аман оралған соң, халық игілігі жолындағы қызметін жалғастырады.
1946 жылдан бастап Қармақшы ауданында жер бөлімінің бастығы, 1951-1961 жылдары 6 колхоздан құрылып, ірілендірілген «Молотов» колхозын басқарады. Осы жылдары оның есімі алыстарға кетіп, Одақтағы барлық республикаға аңыз болып таралады. Тынымсыз, еңбекқор, өзіне де, өзгеге де талапшыл, халқының мүддесіне адал қызмет еткен Құрманбаевтың еңбегі бағаланып, Еңбек Қызыл ту ордені секілді ең жоғарғы марапаттарға ие болады.
1985 жылы зейнеткерлікке шықса да, еңбектен қол үзбей, өмірінің соңына дейін ауыл шаруашылығы саласында агроном, прораб болып жұмыс жасайды.
Міне, елі үшін осындай ерен еңбек еткен Есенбек Құрманбаевтың есімі әуелі өзі негізін қалаған Иіркөл ауылындағы №106 мектепте ұлықталып, ертеңіне Қармақшы ауданында жалғасын тапты.

Ш.Төлепова атындағы Мәдениет үйінде өткен салтанатты шара шымылдығы әнші-композитор, жыршы-термеші Жарқынбек Тұрымбетовтің арнау жырымын түрілді. Халқы құрметтеген қайраткердің өнегелі еңбек жолын жыр тілімен жеткізген Тұрымбет жыраудың ұрпағына халықтың қошеметі ұзақ уақыт бойы толастаған жоқ.
Туған жерін түлеткен тұлғаны еске алу кешінде сөз алған «Nur Otan» партиясы Қармақшы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дастан Буханов қоғам қайраткерінің халқы үшін атқарған еңбегі ұрпақ жадында мәңгі сақталып, дара тұлғасы жерлестерінің жүрегінен өшпейтіндігіне тоқталды.
– Жүз жырауы жыр дестелеген қасиеті Қармақшы жерінің ұрпақтары бүгінгідей бақытты таңға куәгер еткен, қаншама қиындықтарға мойымай ерен еңбектің үлгісін көрсеткен аға ұрпақ алдында әрқашан бас иеді. Осындай тұлғалардың бірі де бірегейі Есенбек Құрманбаевтың халқына жасаған қызметіндегі барлық жетістіктерінде туған ел мен жерге деген зор махаббаты көрінеді. Қазақта «Тау алыстаған сайын биіктейді» деген аталы сөз бар. Есенбек ағамыздың есімі де жыл өткен сайын жаңғыра түсіп, даралана беретініне күмән жоқ, – деді ол.
Дастан Әбдібекұлы сөзінің соңында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мұрат Имандосовтың жүрекжарды лебізі жазылған жеделхатын Құрманбаевтар отбасына табыстады.
Есенбек ақсақал аудан халқына тек ерен еңбегімен ғана емес, ақындық, жазушылық қабілетімен де танылған тұлға. Оның өлеңдері мен әңгімелері көзі тірісінде аудандық, облыстық, тіпті, республикалық басылымдарда үзбей жарияланып тұрған. Үнемі күнделік жазып, бірнеше рет баспасөз беттеріндегі жазба ақындар айтысына қатысқан. Өзінің өмірі, бала кездегі көрген қиындықтары, еңбек жолы, замандастары туралы естеліктерін ұрпағына жазып қалдырыпты. Е. Құрманбаев өзінің осы естелік қолжазбаларының кітап болып жарыққа шығуын өмір бойы армандап өткен екен. Халқының бағына біткен тұлғаның сол арманы орындалып, оның өз қолымен өмір бойы жазған қолжазба күйіндегі күнделігінің негізінде астаналық ақын Оңаш Мәжитова 145 беттен тұратын «Жұмыр жердегі бір ғұмыр» атты повесть жазып шығыпты.
Салтанатты кеште осы кітаптың тұсауы кесіліп, ұрпақтары мен оқырмандар көптен күткен туынды көрермендерге таныстырылды. Сахна төрінде арда азаматтың өмірі туралы жазылған повесттің авторына құрмет көрсетілді.
Аталған кітапқа повесттен бөлек, Е. Құрманбаевтың өлең-жырлары, әңгімелері, жазба айтыстары, нақыл сөздері, жұмбақтары мен өмірден түйген ой өрнектері енгізілген. Сондай-ақ, қоғам қайраткері туралы ел аузындағы қызықты әңгімелер мен естеліктер, арнау өлеңдер және өмірінің әр кезеңінен сыр шертетін суреттер топтастырылған.

– Есенбек Құрманбайұлының қолжазбасын қолыма алғаш алғаннан-ақ ерекше сезімде болдым. Осы повесттің жазылатынына сендім. Қолжазбаны парақтай отырып, сол дәуірде жүргендей күй кештім. Әр парағын ашқан сайын таңданысымды жасыра алмадым. «Тарихты тұлғалар жасайды» десек, осындай тағдырлы тұлғаның, атпал азаматтың халқы үшін жасаған ерен еңбектерін бір кітаптың, болмаса бір кештің ауқымына сыйдыру мүмкін емес. Себебі, Есенбек атамыз өзінің отбасын, туған-туыстарын ғана ойламаған азамат. Ол – бүтін ауылдың, күллі халықтың болашағына, тағдырына алаңдаған жан. Туған жерінің әрбір азаматын ойлап, әрбір тұрғынның жоғын жоқтаған кең жүректі тұлға. Сол жолда басын бәйгеге тігуге дейін барған қайраткердің бүкіл саналы ғұмыры – бүгінгі жастарға таптырмас азық. Осы тұлғаның өмір жолынан мысалдар келтіре отырып-ақ жастарды тәрбиелеуге болады. Қаһарманды, қазіргі жастардың тілімен айтсақ, «идеал» тұлғаны кинодан іздеудің қажеті жоқ. Ондай адамдар өмірде бар. Есенбек Құрманбаев – мыңдаған жастарға, тіпті, бүтін ұрпаққа идеал бола алатын тұлға. Сондықтан да, бұл повесттің авторы атану – мен үшін үлкен мәртебе, – деді ақын Оңаш Мәжитқызы.

Ал, ақын, Иіркөл ауылының ардақты ақсақалы Нұртай Түктіғұлов Есенбек Құрманбаевтың іскерлік қабілетінен бөлек, кісілік келбеті мен адамгершілік қасиеттерінен жарқын мысалдар келтірді. Кезінде туыстары алып кетпек болғанда ауылдастарымен қалғанын тілге тиек етті.
– Колхоз төрағасы Есенбек Құрманбаевтың ұйымдастыруымен озат колхозшыларға арналған Қарақұман «Сулы барша», Сырдария бойынан «Ақши» демалыс курорттары ашылды. Онда колхозшылар айлап жатып, демалып, денсаулықтарын жақсартып қайтатын. Ауыл азаматтарын Алматыға оқуға жіберіп мамандандырып отыратын. Соның арқасында Ерманов, Нақыпов, Үкібасов, Кенжебаев деген азаматтар оқып келіп, белді қызметкер болғанын ауыл адамдары көрді. Есекең еңбегінің арқасында бүкіл республикаға танылды. Кезінде туыстары келіп көшіріп әкетеміз дегенде бармай, «өзімнің колхозымда ауылдастарыммен бірге болам, өлсем топырағында бірге жатам» деп қалып қойған. Бұл – кез келген адамның қолынан келе бермейтін ерлік, – деп үлкен тебіреніспен еске алды замандасы Нұртай қария.


– Әкем еліне сіңірген ғаламат еңбегі үшін кезінде атақ-марапаттың бәрін алды. Мен ешкімнің алдына түсіп әкемді мақтамаймын. Әр перзент әкесімен мақтанады. Ол заңдылық. Маған әкем туралы қатар жүрген замандастары, дос-жарандары мен ағайын-туыстары, ел-жұрты айтты. Мен осындай тұлғаның ұлы болғанымды мақтан тұтамын. Кейде «Осындай әкеге лайықты ұлмын ба?» деп те ойланамын. Бұл кітап кешігіп шықты. Оның да өзіндік себептері бар. Мәселе қаражатқа тірелген жоқ. Мәселе – менің рухани жетілуімде, азаматтық көзқарасымның қалыптасуында болды. Әкемнің арманын орындамаққа бекініп, осы кітап деген үлкен шаруаны қолға алғалы жан-дүнием астаң-кестең болды. Әкеге деген қаншама жылғы сағыныш бүгін де асау теңіздің толқынындай жанымның жағалауына соғып, маза бермеді. Әкемнің о дүниелік болғанына көп уақыт өткендіктен, оның жора-жолдас, замандастары жоқтың қасы. «Көп нәрсе ұмытылып барады ғой» деген қорқынышым негізсіз екеніне бүгінде көзім толық жетті. Есенбек әкемнің асыл бейнесі оны таныған елінің, ауылдастарының жүрегінде сақталғанына қанықтым. Бұл ретте үлкен іс тындырған жазушы Оңаш Маратқызының еңбегін ерекше атап өткім келеді. Бүгін осы кешке әкемді сыйлап келіп отырған баршаңызға басымды иемін, – деді қоғам қайраткерінің ұлы, осы өнегелі істің ұйымдастырушысы Жанболат Құрманбаев.
Еске алу кешінде еңбек ардагері негізін қалаған Иіркөл ауылындағы №106 мектептің үздік оқушылары Е. Құрманбаевтың өлеңдерін жатқа айтса, ауданның жас жыршы-термешілері Руслан Өтегенов, Малика Алдамжарова, Тоғжан Бақытова қоғам қайраткерінің шығармаларын жырға қосты. Қармақшылық жас өнерпаздар әннен шашу шашты.
Кеш аяқталған соң Есенбек Құрманбаевтың құрметіне ас беріліп, рухына құран бағышталды.









Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ.
23 қазан 2019 ж. 54 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области