Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Алматыда Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 95 жылдық мерейтойы тойланды (ФОТО)

Алматыда Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 95 жылдық мерейтойы тойланды (ФОТО)

Kyzylorda-news.kz. Алматыда Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 95 жылдық мерейтойы аталып өтті.
Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына туған күн иесінің жақындары мен туыстары, сондай-ақ мемлекет қайраткерлері мен жазушылар жиналды.
Салтанатты жиында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев құттықтау сөз сөйледі. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған құттықтауын оқып берді.
«Құрметті Әбдіжәміл Кәрімұлы! Мерейлі 95 жасқа толған торқалы тойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Көзі тірі классик, сөз өнерінің сардары, құрметті қаламгерлерден туған қайраткер ретінде сіз ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына, оның әлемдік деңгейде танылуына сүбелі үлес қостыңыз. Қалың жұртышылық жақсы білетін «Қан мен тер», «Соңғы парыз» сияқты әйгілі шығармаларыңыз арқылы оқырманың бірнеше буынының шынайы құрметіне бөлендіңіз. Халқыңыздың сан-салалы тыныс тіршілігін эпопеялық ауқыммен шебер суреттеп, қазақтың өмірде қайталана бермес бірегей бейнесін сомдаған көркем туындыларыңыз жас ұрпаққа ұлағатты ой айтуымен ерекшеленеді. Алдағы уақытта да сізге шығармашылық табыс, зор денсаулық, отбасыңызға бақ-береке тілеймін» делінген Нұрсұлтан Назарбаев жолдаған жеделхатта.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатында жазушының «Қан мен тер», «Соңғы парыз» романдары қазақ көркем сөзінің алтын қазынасына еніп, әлем әдебиетінде өзіндік орны бар рухани құндылыққа айналғаны жайында айтылады. Жазушының жалпыадамзаттық мәселелерді арқау еткен шығармалары арқылы халқымызды бүкіл дүниежүзі танығанына да тоқталған.
Салтанатты кеште Әбдіжәміл Нұрпейісовке ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, сондай-ақ белгілі жазушылар мен журналистер жылы лебіз білдірді.
Аңызға айналған тұлғаны ұлықтаған шараға Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов арнайы келіп қатысып, абызға жерлестерінің ыстық ықыласын жеткізді.
– Бүкіл қазақ халқы «Әбе» деп құрметтеп, төбесіне көтерген, ұлт әдебиетінің абызы мен аңызына айналған айбоз тұлғамен жерлес атанудың өзі бізді ерекше сезімге бөлейді. Иә, Сыр елінің Сізге деген ыстық ықыласы алабөтен. Осыдан 4-5 жыл бұрын туған топырағыңызда Өзіңіздің қатысуыңызбен 90 жылдық мерейтойыңызды кең көлемде зор қуанышпен атап өткен едік. Сол мерейлі мезетте ашылған Әбдіжәміл Нұрпейісов атындағы әдебиет үйі бүгінде қара сөздің қадірін түсінетін көзі қарақты қауымның рухани ордасына айналды. Шығармашылық үйдің алдындағы «Соңғы парыз» романыңыздың кейіпкерлері Жәдігер мен Бәкизатқа арналған символикалық композициялық ескерткіш Арал қаласының көркіне көрік қосып, ажарын ашып қана қойған жоқ, оған қараған жанды Сіздің туындыңыздағы терең түйіндерге жетелеп, жүрегін тербетеді.
Енді міне, бәрімізге Сіздің 95 жылдық мерейтойыңызда басқосу бақыты бұйырып тұр. Топырағына өлең мен өнер қатар түнеген қасиетті Сыр елінде Сіздей перзенттің дүниеге келуін ерекше мақтаныш етеміз.
XX ғасырдың қазақ әдебиетінің «алтын ғасыры» аталуына зор үлес қосқан суреткерлердің бірі Өзіңіз екендігіне дау жоқ. Әлем әдебиетінің алтын қорына қосылған «Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы – Сіздің, яғни Әбдіжәміл Нұрпейісовтің ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің табысы.
«Қан мен тер» және «Соңғы парыз» шығармаларыңыз отыз шақты шетел тілдеріне аударылып, әдебиетімізді дүние жүзіне танытты, әлем әдебиетшілерінің үздік бағасына ие болды. Әлем әдебиетіне елеулі құбылыс болып енген сол шығармаларда адам психологиясын, ішкі рухани әлемін, әр алуан жан дүние қалтарысын нанымды, әсерлі бейнелегеніңізге оқырман ретінде біз де сүйсінбей қала алмаймыз. Көркемдік көкжиегі кең «Қан мен тер» романындағы кейіпкерлерді кейде шынайы өмірде көріп кездестіргенде, дарабоз дарынның адамның көңіл-күйін, мінез-құлқын шебер талдағанына еріксіз тәнті боламыз, – деді Қуанышбек Досмайылұлы.
Сондай-ақ, облыс әкімі Қ. Ысқақов Әбдіжәміл Нұрпейісовтің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігіне ерекше тоқталды.
– Сіз Ұлы Отан соғысының отты жорықтарын бастан өткерген жеңіс жауынгерісіз. Батыстан төнген қара бұлтты миномет қорғасынмен түріп, Курландияны азат еткен саптағы сарбаз әдебиет майданында да ерлікпен тең ерен іс атқарды. Оған – Луи Арагон, Юрий Казаков, Сергей Баруздин, Шыңғыс Айтматов, Мұқтар Әуезов, т.б. әлем әдебиеті классиктерінің берген бағасы дәлел.
Сізді халқыңыз әрдайым қадірлейді және ерен еңбегіңіз елдің, мемлекеттің жоғары бағасын алды. Жазушы ретінде кеудеңізге «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» және тәуелсіз Қазақстанның «Отан» ордендерін жарқырата тақтыңыз. «Халық жазушысы» деген құрметті атаққа ие болдыңыз.
Сондай-ақ, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атандыңыз. Кеңестік дәуірде бұл мәртебелі сыйлықты қазақстандық қаламгерлер арасынан Сізден басқа Мұхтар Әуезов пен Жұбан Молдағалиев қана алған болатын. Біріншіден, бұл аталған есімдердің «социалистік реализм» дейтін қатаң жүйеден қаймықпай, халқының өр болмысын бейнелей білген ерлігі болса, екіншіден, төрткүл дүние алдында қазақ халқы абыройының арта түсуіне тұғыр қалаған қаһармандық деп білеміз. Міне, сондықтан да біз өзіміздің рухани қазынамызды молайтып, ұлттық болмысымызды биіктеткен Өзіңіздей өр тұлғалы азаматқа әрдайым қарыздар екенімізді ұмытпаймыз, – деді ол.
Қуанышбек Досмайылұлы сөзінің соңында Неміс Ниццесін, орыс Некрасовын мақтан тұтса, қазақ Нұрпейісовымен марқаятынын жеткізді.
– Сіздің есіміңізбен бірге тағы да Арал апаты еске түсетіні жасырын емес. Шығармашылық ғұмырыңыздың тең жартысын туған жеріңіз – Аралға арнадыңыз. Қаламыңызды найзадай білеп, теңіз тағдырына араша түсуді “Соңғы парызым” деп санадыңыз. Бүгінде Арал теңізіндегі тіршіліктің қайта түлеп, айдыны шалқып, балығы тайдай тулай бастауы – саналы ғұмырыңызда санаңызды сансыратқан салмақ пен жүрек түкпіріңіздегі зар-тілектің өтеуі деп білеміз. «Қазақ әдебиетінің қара нары» деп бағалаған, жаратылысы да, болмысы да бөлек ардақты абызымыз Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 95 жасқа толған мерейтойы – бүкіл қазақ халқының, қалам ұстаған қауымның, қазақ әдебиетінің тойы екендігі сөзсіз. Ардақты Әбе, елімізбен бірге мәңгі жасаңыз! Дүние тұрғанша тұрыңыз! Тұғырыңыз биіктей берсін! – деді Қызылорда облысының әкімі.
Сонымен қатар, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин мен ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева құттықтау хат жолдады.
Шығармашылық кеш концерттік бағдарламаға ұласты.
22 қазан 2019 ж. 46 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области