Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Нұр-Сұлтанда Әбдіжәміл Нұрпейісовтың мерейтойына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті

Нұр-Сұлтанда Әбдіжәміл Нұрпейісовтың мерейтойына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті

Kyzylorda-news.kz. Бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауретаты Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 95 жылдық мерейтойына арналған «Әбдіжәміл Нұрпейісов әлемі: шеберлік феномені» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Журналистика және саясаттану факультеті ұйымдастырған шараға мемлекеттік ұйымдар өкілдері, шет елдік және отандық ғалымдар мен сарапшылар, білім және мәдениет қызметкерлері, ақын-жазушылар, азаматтық қоғам институты және БАҚ өкілдері мен білім алушылар қатысты.
«Ә.Нұрпейісов және XXI ғасырдағы әдебиет пен өнер», «Жазушы тұлғасы және қазіргі БАҚ мәселелері» тақырыбы кеңінен сөз болған конференцияның басты мақсаты – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық еңбегі аясында заманымыздың заңғар жазушысы, әлем және ТМД елдеріне танымал қаламгер, қоғам қайраткері, Қазақ PEN International негізін қалаушы Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің руханияттағы дара орнын және оның әдеби дамуға қосқан үлесін байыптау.
Сонымен қатар көркем әдебиет пен жалпыдамзаттық мәдениетті жаңғыртудағы қазақ және Қазақстан әдебиетін Ә.Нұрпейісов шығармалары арқылы зерделеу; Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сындарлы сұхбат пен сабақтастық саясаты бағдарында әдебиет мен парасат, тарихи ел бірлігі мен бүгінгі ел бірлігі тұжырымдамаларын айқындап, аталған тұлғаның адамзат өркениетіне сіңірген еңбегін қарастыру.
Жиынды Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы ашып, ЕҰУ ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов құттықтауын жеткізді.
Конференцияда халық жазушысын жан-жақты танытатын баяндамалар оқылды. Атап айтар болсақ, ҚР ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жабайхан Әбділдин «Ел мұраты және Ә.Нұрпейісов тұлғасы», Венеция Ка-Фоскари университетінің ғалымы, италияндық PhD Джулио Сербо «Әбдіжәміл Нұрпейісов: жазушы және оның уақыты», Мексикадан келген Мехико Туризм технологиясы университетінің ғалымы, PhD Хосе Умберто Баеза Эстрада «Қоғам және өнер өрісі» тақырыбында баяндама жасады.
Сондай-ақ, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Оңайгүл Тұржанның «Ә.Нұрпейісов шығармаларындағы адамтану концепциясы», Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Әсима Ишанованың «Ә.Нұрпейісов романындағы кейіпкерлер», ҚР Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлының «Әбдіжәміл Нұрпейісов – аса көрнекті жазушы, қазіргі әдебиет классигі» тақырыптарындағы баяндамалары нұрпейісовтануға жол ашқан ғылыми еңбектер болды.
Жиында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы, алаштанушы-ғалым Қайрат Сақ, профессор Сәуле Тапанова, журналистика және саясаттану факультетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Тахан, журналистика және саясаттану факультетінің 2 курс магистранты Бекарыстан Аманжолдың арнайы баяндамалары тыңдалды.
«Су адам үшін жаратылды ма, әлде адам су үшін жаратылды ма, біз оны қайдан білейік. Білетініміз, бір мақал: «Сусыз өмір жоқ». «Соңғы парыздың» кейіпкерлері мына дүниеге сол судың көзімен қарайтындар. Өздерін бір басқа, теңізді бір басқа әлем танымайтындар: өздерін тартылып бара жатқан теңіздің тамшысымын деп есептейіндер және одан тартылып бара жатқан өз ғұмырларын түсінетіндер. Уақыт та адамның өмірін ұрттап тауысады. Теңіз қайтар, бірақ адам қайта ма?! Әрине, қайтса оның ұрпағы болып қайтар, бірақ әр адам әр басқа. Қаламгердің теңіздегі тағдырлы кейіпкерлерін көріп отырып, осындай ойға кетесің. «Теңіз тартылғалы бұл өңірдің халқының ісі мен мінезі ұсақтап барады», - деді ақын, филология ғылымдарының кандидаты Оңайгүл Тұржан.
Ақын өз баяндамасында «тек Арал ғана емес, әлемдік экологияның денсаулығы жақсарып, тәуір болып кетер» дегенге сенгісі келетінін де айтып өтті.
«Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парызындағы» адам мен табиғат тағдырының бүгінгі кейпі енді бір жүз жылдан кейінгі оқырмандарды кенересі толып, кемелері керуен-керуен болып айдында жүзген балықты-балдырғалы теңіз жағасында ән салып отырған оқырмандары: «Ойпыр-ай, Арал теңізі сондай қиын шақтарды да басынан кешіріп пе еді?!» дегізіп, жақсы экология болатынына сенгім келеді.
Егер дәл солай болып өзгеріп жатса, Әбдіжәміл ғұламаның табиғатты қорғау жайлы жанайқайы адамдарды ақылға шақырса, «Соңғы парыздың» қарызы орындалар деген үміттемін», - дейді Оңайгүл Тұржан.
Ғылыми-практикалық конференция түс қайта журналистика және саясаттану факультеті мен филология факультетінде секциялық жұмыспен жалғасты.
ЕҰУ филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рахымжан Тұрысбек төрағалық еткен секциялық отырыстағы «Ә.Нұрпейісов және ХХІ ғасырдағы әдебиет пен өнер», «Ә.Нұрпейісовтің кейіпкер бейнесін ашу шеберлігі («Соңғы парыз» романы бойынша)», «Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романындағы Арал тағдыры мәселесі, Ә.Нұрпейісов прозасындағы психологиялық портрет үлгілері», «Ә.Нұрпейісов еңбектері негізінде қазіргі БАҚ мәселелерін талдау», т.б. тақырыптар конференция салмағын арттыра түсті.
Жиын соңында конференцияға қатысушылар арнайы қарар қабылдап, естелік суретке түсіп тарқасты.

22 қазан 2019 ж. 70 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области