Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Қызылордада 3000-ға жуық оқушы «Қобыланды батыр» жырын жатқа біледі

Қызылордада 3000-ға жуық оқушы «Қобыланды батыр» жырын жатқа біледі


Kyzylorda-news.kz. Осы жылдың ақпан айында елімізде мектеп оқушыларының арасында «Тұлпар мініп, ту алған!» республикалық байқауы басталғаны белгілі. «Qazaq Epos» қоғамдық қорының бастамасымен тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған ауқымды жобаның негізгі мақсаты – жастарды «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр» жырлары сынды xалқымыздың бай мұрасы негізінде тәрбиелеп, еліміздегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру.


«Тек жырды жаттап қою аздық етеді»
Биыл алғашқы рет еліміздің бүкіл өңірін қамтып отырған байқаудың шарты бойынша оған қатысушылар «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтуға тиіс. Жалпы, «Қобыланды батыр» жырының 29 нұсқасы бар. Соның ішінде ғалымдардың ұсынуымен ұйымдастырушылар Марабай жырау нұсқасын таңдаған.
132 беттен, яғни 5206 жолдан тұратын «Қобыланды батыр» жырының осы нұсқасын биыл еліміздегі 5621 мектептен 51328 оқушы жаттап жатыр. Жоба аясында осы 51 мыңнан аса оқушының бәрі аталған жырды толық жаттаса, бұл көрсеткішті «Гиннес» рекордтар кітабына тіркетуге өтінім беру жоспарланған. Бүгінде бұл оқушыларды байқауға 21138 мұғалім баптау үстінде.

Байқау 6-10-сынып оқушылары арасында ұйымдастырылады. Әр мектептен 10 оқушы (6-шы сыныптан 2 оқушы, 7-ші сыныптан 2 оқушы, 8-ші сыныптан 2 оқушы, 9-шы сыныптан 2 оқушы және 10-шы сыныптан 2 оқушы) қатыса алады.
Жоба үш кезеңнен – аудандық, облыстық және республикалық іріктеуден тұрады.
Аудандық кезеңде 1-ші орын үшін 150 000 теңге, 2-ші орын - 100 000 теңге, 3-ші орынға 50 000 теңге қарастырылған. Облыстық кезеңде 1-ші орын үшін 1 000 000 теңге, 2-ші орын – 600 000 теңге, 3-ші орын алғандарға 300 000 теңге табысталады.
Жеңімпаз оқушылардың мұғалімдері де мадақсыз қалмайды. Аудандық кезең жеңімпаздарының ұстаздары Білім және ғылым министрінің арнайы дипломымен марапатталады. Сонымен қатар облыстық кезеңде бірінші орын алған оқушының ұстазы кемі 2 000 000 теңге, екінші орын кемі 1 200 000 теңге, үшінші орын алған оқушының жетекшісі 600 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық иемденеді.
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, аталған байқау Мемлекет басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы мен биылғы Жастар жылымен тығыз байланысты.
– «Қатысушылар «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтып, жырдың ішіндегі көнерген, тариxи сөздердің мағынасын ашып, «Қазақ әдебиеті» оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді. Алдын ала бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған тақырыптар бойынша эссе жазады. Тариxи эпостарды жаттау, туындыны толық жатқа айту, мәнерлеп оқу, эпостағы әр сөздің мағынасы мен мазмұнын түсіну – басты талаптардың бірі. Поэтикалық мәтінді меңгеру арқылы тариxты да терең түсіне бастайды. Сондай-ақ, есте қалатын поэтикалық мәтін оқушының сөйлеу мәдениетін, сауатты жазуын қалыптастырады. «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» бағдарламасында айтылған ұлттық кодты қалыптастару үшін де бұл жобаның ықпалы зор болмақ», – деген еді Д. Абаев Нұр-Сұлтан қаласында аталған жобаны таныстыру бойынша өткен баспасөз мәслиxатында.
Ал, «Qazaq Epos» қоғамдық қорының бас директоры Бақытжан Жұмағалиұлының мәліметінше, байқау 10 балдық жүйемен белгіленетін болады. «Бірінші кезеңде оқушылар жыр айтудан жарысады. Екінші кезеңде жырдағы жер-су аттары бойынша сыналады. Яғни, сол кезде оқиғалар болған жерлер туралы сұрақтарға жауап беруі қажет. Ал, ақтық сында қатысушылар жырдағы көнерген сөздердің мән-мағынасын ашуы керек», – дейді ол.
Демек, жырдағы әр көнерген сөздің мағынасын түсініп, жер-су аттарын жадыңызға сақтамасаңыз, 132 беттік жырды мәнерлеп айтып бергеніңізден үздік атануыңыз екіталай.

«Облыстық кезеңнің жеңімпазына 1 млн теңге беріледі»
Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «Тұлпар мініп, ту алған!» ағарту жобасының Қызылорда облысы бойынша штаб жетекшісі Дәурен Омаровтың айтуынша, аталған байқауға қатысуға Сыр елінен 3000-ға жуық өрен өтініш білдірген. Оларды 1400-ден аса мұғалім байқауға баптау үстінде. Бүгінде өңірімізден қатысатын барлық оқушылар мен олардың жетекшілерінің тізімі жасақталып, арнайы іске қосылған республикалық «Қазақ эпосы» сайтының (qazaqepos.com) базасына енгізілген.
– «Тұлпар мініп, ту алған!» ағарту жобасының облыс аудандарындағы іріктеу кезеңі 16-26 қыркүйек аралығына жоспарланып отыр. Бүгінде барлық аудандардағы дайындық жұмыстары пысықталды. Әр ауданнан және қаланың өзінен жеңімпаз атанған 3 қатысушы, яғни, 1, 2, 3 орын иегерлері облыстық кезеңге жолдама алады. Облыстық кезең ағымдағы жылдың 2 қазанында өтеді. Облыстық кезеңде жеңімпаз атанған қатысушыға 1 млн теңге, ал, оны дайындаған ұстазына 2 млн теңге беріледі. Бүгінгі күннің өзінде облысымызда жүздеген оқушы «Қобыланды батыр» жырының Марабай нұсқасын толық жаттап алған, – дейді Дәурен Сейітжанұлы.

Сондай-ақ, «Қобыланды батыр» жырының Марабай нұсқасы арнайы кітапша етіп шығарылып, байқаудың барлық қатысушыларына көмекші құрал ретінде тегін таратылған.

«Ағайынды қыздар мен егіз оқушылар – Қазалы ауданының басты үміттері»
Аталған ағарту жобасына облысымызда ерекше дайындалып жатқан аудандардың бірі – Қазалы ауданы. Бұл ауданда қазірдің өзінде Гүлфайруз Әлішеваның шәкірттері, Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің оқушылары Аймейір Әбдрахым, Гүлзира Қонысбай, Мейрамкүл Жөлекеш баптаған Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназия оқушылары Азиза Айдарбекова, Айя Сердалы, Сұлтанғазы Томай жетекшілік ететін №88 мектептің абыройын арқалаған Жазира Нұрқаш, Айерке Төремұрат сынды оқушылар «Қобыланды батыр» жырын түгелдей жаттап алған.
– Жас өрендердің ұлттың рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілігін оятып, бұрынғы жыраулар апталап, айлап жатқа соққан ауыз әдебиеттің бұл түрін қайта тірілту өте құптарлық іс. Қазіргі таңда оқушылар арасында түрлі жарыстар өтіп жатады. Бірақ жеңімпаздарға қомақты қаржылай жүлде тігілген гуманитарлық бағыттағы бәйгенің көптен бері болып тұрғаны осы. Бұл да оқушылар мен жетекшілердің қызығушылығын арттыруда, – дейді Қазалы аудандық білім бөлімінің әдіскері Эльмира Ержанова.

Оның айтуынша, бұл байқауға қазалылық өрендер белсенді түрде дайындалып жатқан көрінеді.
– Қазіргі уақытта ауданда 37 білім беру мекемесі бар. Барлығы дерлік бұл додаға біркісідей атсалысуда. Қазалыдан 361 оқушы бағын сынап, бәйгеге түспек. Есте сақтау қабілеті жоғары, әдебиетке бейім балаларды жетекшілері іріктеп алған. Олар қазір үлкен қызу дайындық үстінде. Ата-аналар да балаларын баптап, аламанға алаңсыз дайындалуына жағдай жасауға бел буған, – дейді әдіскер.
Жауапты жарысқа Қазалы ауданынан қызу дайындалып жатқандардың бірі – ағайынды Аяулым мен Гауһар Әзендер. Аяулым №170 мектептің 8 сыныбын бітірсе, сіңлісі 7 сынып оқушысы.
Қыздардың әкесі Жеңісбек Аралбаевтың айтуынша, жыр жаттауға алғашында отбасы пәлендей назар аудармаған. Бастауыш сыныпты жақсы үлгеріммен оқитын бұл оқушылар сол кездері «Бас¬тау» республикалық олимпиадасының аудандық, облыстық, республикалық жарысына қатысып, жеңімпаз болады. Төменгі сыныпты бітірген соң, арада үзіліс болып, балалар немен айналысарын білмей қалғанында, ата-анасы халықтық мұрамен қаруланған адам әлсіз болмайтынын айтып, ой салған. Осы кезде балалардың да қызығушылығы ояна бастаған. Бұл талпыныс нәтижесіз болмаған. Балалар Абай, Махамбет, Қадыр, Мұқағали шығармашылығын насихаттауға арналған республикалық байқауларда бақ сынап, жүлдемен оралған.

«Алға мақсат қойдық. Алла қаласа, белгіленген мәреден табыламыз деген межеміз бар», – дейді Жеңісбек бізбен әңгімесінде.
– Қазіргі таңда «Қобыланды батыр» жырын жаттаудамын. Бұл хабарды алғаш ұстазым Майра Омаровадан естігенде үлкен қуанышта болдым. Жырды жаттау арқылы елдің жер-су атауларын көптеп білдім. Қобыланды батырдың жалғыздықтан жабыққанда, алдағы үмітін желкен еткен туған жерге деген сағынышын тебіренбей оқу мүмкін емес. Өзім жарысқа қатысумен бірге, мен құралпы өскіндерге үлгі болып, ұлттық құндылықты дамытуға үлесімді қосқым келеді, – дейді Аяулым.
Аралбаевтардың келесі үкілі үмітін жалғаушы Гауһар бізбен әңгіме барысында тіпті тебіреніп кетті.
«Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жадыра Көмекбаева апайым сынға қатысуға ұсыныс білдіргенде, ықыластана тыңдап, жауапты іске дайындалуға мүмкіндігім барын айттым. Сол күннен бастап қолыма кітапты алдым. Табысым көп болды. Жаттауда қиындықтар кездескенін жасырмаймын. Көмбедей көнерген сөздерден мол қазынаға кенелгендей күйге түстім. Жоғалғаныммен қауышып, өткеннен мол өнеге алдым. Әсіресе, ерекше әсерде қалдырғаны жылқыға деген көзқарас білдірген тұстар болды. Қандай орын аларым бағым мен бабыма байланысты. Бірақ мен жүлдеден де жоғары жетістікке қол жеткіздім. Барлығына батырлар жырын оқуды ұсынар едім», – дейді ол шаттана.
Сол секілді, аудандағы №238 мектептің 6 сынып оқушылары, егіздер Нұрталап және Ерталап Әмірбектер де жырды түгелдей жатқа біледі екен.
– Біздер бір үйдің егіз балаларымыз. Жазғы демалысымызды «Қобыланды батыр» жырын жаттауға арнадық. Күнде жыр жаттауды бірге бастап, бір-біріміздің дайындығымызды тексеріп отырамыз, – дейді олар.

«Сырдариялық оқушылар байқау болатын күнді асыға күтіп жүр»
Ал, Сырдария ауданынан 170 оқушы байқауға қатысуға ниет білдірген. Оларды сайысқа 85 мұғалім дайындауда.
Қазірдің өзінде осы оқушылардың жартысы жырдың 100 бетін жаттап алған. Ал Шаған ауылы №37 мектеп-лицейдің 6 сынып оқушысы Мөлдір Мұратқызы, Сейфуллин ауылы №137 мектептің 8 сынып оқушысы Алтынай Бердібекова, сол мектептің тағы бір 8 сынып оқушысы Ғайниза Бөкенбайқызы «Қобыланды батыр» жырын толық жаттаған.
Өзге өрендер де күздің алғашқы айында өтетін байқауға қызу дайындалып жатыр. Ұстаздарының айтауынша, балалардың бұл жырды жаттауға екі айдан астам уақыты кеткен. Күніне екі-үш беттен жаттауды мұғалімдері байқау жайлы естіген күннен бастап қолға алыпты.

– Жыл басында бастау алған байқау туралы ұстазым Ардагүл апайдан естідім. Бірден қызығушылығымды оятқан «Қобыланды батыр» жырын жаттауға ден қойдым. Аз ғана уақыттың ішінде 132 беттен тұратын эпосты бүгінде кез келген жерінен тоқтатып сұрасаңыз айтып бере аламын. Сайыстың облыстық кезеңін асыға күтіп жүрмін. Барлық оқушыны жаздық демалыс кезінде құр жатпай осы жырды жаттауға шақырамын, – дейді шағандық оқушы Мөлдір Мұратқызы.

«Арал – облыс бойынша қатысушысы көп аудан»
Жыр жаттаудан Арал ауданы да қалыс қалмақ емес. Бүгінде байқауға қатысуға аудандағы 44 мектептен 441 оқушы ынта танытып отыр. Бұл оқушыларды 220 мұғалім жетекшілік етеді. «Осыншама бала өз тарихымен сусындаса, онда ұлттық құндылақтарымызды ұлықтағанымыз деп білеміз. Айта кету керек, Арал облыс бойынша қатысушысы ең көп аудан болып отыр. Бұл да біздің жыр қонған мекен екенімізді білдіреді», – дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Нәзігүл Молжігітова.

Оның айтуынша, ұстаз үшін ұрпақ тәрбиесі қашан да маңызды. Елдің ертеңі бүгінгі мұғалімдер тәрбиелеген балалардың қолында. Осы жолда аудан ұстаздары аянбай тер төгіп келе жатыр. Ұстаздар ұрпаққа ұлағат болатын осындай байқауларға қолдауын аямайды. – Қазірдің өзінен жыр жаттауға кіріскен оқушыларымыз байқауды қызығушылықпен дайындалып жатыр, – дейді Н.Молжігітова.
Жобаның облыстық кезеңін жергілікті телеарнадан тікелей эфир арқылы көрсету жоспарланып отыр.
– Мұндай қолдаудан мотивация алған оқушыларымыз жазғы демалысты тек тынығып өткізбей, ұлттық құндылыққа қанығып өткізді. Ал бұл байқаудың ең үлкен олжасы деп білеміз, – дейді жырды толық жатқа білетін Арал қаласындағы Ж. Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы Жанерке Қалиеваның ұстазы Жадыра Әлиева.
Бүгінде жырды толық жаттап алған аралдық өрендер молшылық. Мәселен, Арал қаласындағы Жарасқан Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы Жанерке Қалиева, (жетекшісі Жадыра Алиева), Сапақ ауылдық округіндегі №69 орта мектебінің 8 сынып оқушысы Бекарыс Жаңабаев (жетекшісі Гүлсара Сәрсембаева), Аманөткел ауылы №73 орта мектептің оқушылары Нұрдәулет Сейтжан, Хадиша Есенбайқызы (жетекшісі Бакыт Алдамжарова), Сапақ ауылдық округі №69 орта мектебінің оқушылары Ақнұр Кенжебаева, Біржан Бахитжанов (жетекшісі Бауыржан Мамытов), Жақсылық Жеткергенов (жетекшісі Ақнұр Нұрғазиева), №262 мектеп-гимназияның оқушылары Абат Қапанов, Жеңіс Нұрайым (жетекшісі Гүлбаршын Дәуленбаева), Қамыстыбас елді мекені №21 орта мектептің оқушысы Мөлдір Жақсылық (жетекшісі Құралай Жақыпова), Шижаға елді мекені Е.Көшербаев атындағы №57 мектептің оқушысы Серік Мерей (жетекшісі Гүлнұр Баетова) «Қобыланды батыр» жырын толық жаттаған.
Қазірдің өзінде аудандағы 150-ге жуық оқушы 132 беттен тұратын жырдың 100 бетін жаттап үлгерген.

«Қармақшыда ұлты түрік оқушы жыр жаттаудан алдыңғы орында»
Топырағына өлең мен өнер қатар түнеген Қармақшы ауданынан 304 оқушы байқауға қатысады. Оларды сайысқа 145 мұғалім дайындап жатыр. Бүгінде ауданда жырды толық жаттап алған өрендер жетекшілерімен бірге дайындықтарын пысықтау үстінде.
Қасиетті өңірдегі С.Есқараев атындағы №27 орта мектебінің 7 сынып оқушысы Қабілет Әбдірайым (жетекшісі Айымкүл Бекмаханқызы), Ақтөбе ауылындағы №109 орта мектебінің оқушысы Гүлсіңай Кенжебек (жетекшісі Б.Әбдірасылова) 132 беттік «Қобыланды батыр» жырын түгел жаттаған. Жалпы қармақшылық оқушылардың байқауға дайындығы жоғары деңгейде. Күздің алғашқы айының ортасына дейін барлығы дерлік 100 пайыз дайын болады деген сенімдеміз.
Қармақшы ауданының Ақтөбе ауылында бар баласы үздік оқыған, оқитын отбасылар көп. Солардың бірі – Бақытбек Мұнарбаев пен Шолпан Байтанатованың балалары. Алтынбек, Алтынай, Гүлсіңай, Жарқынай деген ұл-қыздар атына сай. Бәрі де оқу озаты. Алтынбек жоғары оқу орнын тәмамдап, қызмет етсе, Алтынай «Алтын белгі» иегері. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті. Жарқынай 7 сыныптың үздік оқушысы. Ал Гүлсіңай 11 сыныпта. 3 сыныпта «Тұрмағамбет» оқуына қатысып, ІІ орын иеленген. 5-6 сыныбында Абайдың 100-ге жуық өлеңін жаттап, «Абай оқуына» қатысқан. Алғыр да зерек оқушы түрлі мүшәйра мен ғылыми жоба байқауында ерекше көзге түседі. Ұстазы, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Тұрсынай Берікбаева оны әдебиетке мықтап баулыған.

Сол Гүлсіңай Кенжебек – аудан намысын ағарту байқауында қорғайтын 304 қармақшылық оқушының біреуі. Ол «Қобыланды батыр» жырын небәрі 2 айдың ішінде жаттап алған. Жыр ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын Бибігүл Әбдірасыловамен бірге талдап, жете меңгеріпті. Биыл 11 сыныпқа аяқ басқан ол бір қызығы гуманитарлық емес, жаратылыстану бағытын таңдапты. Есепке де жүйрік ол физматтың білгірі болсам дейді. Жаз бойы ҰБТ-ға дайындалуда. «Алтын белгіні» абыроймен қорғап, грант жеңіп алу – басты мақсаты. Ол бүгінде «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауына қатысуға тас түйін дайын.
Ал, ауданның ІІІ Интернационал ауылындағы №108 орта мектебінің 10-сынып оқушысы, ұлты түрік Омар Латипов жырды толық жаттап қана қоймай, ондағы жер-су аттарын да түгел жатқа біледі.

– Жырды жаттауға кеңес берген ұстазым Гүлжан Жайсаңбаеваға алғысым шексіз, – дейді Омар Латипов, – «Қобыланды батыр» жырын бастап оқығаннан-ақ мені бірден баурап алды. Ондағы батырлық оқиғалар жігеріңді жанып, Қобыланды атамыздың ерлігі еріксіз өзіне баурайды. Жырдың әр жолын оқыған сайын «Батырлық – білекте емес, жүректе» деген қазақ халқының мақалының мағынан тереңірек түсіндім. Туған жерің мен еліңді қорғау – жас талғамайтынын ұқтым.

«Жалағаштағы бір мектептен байқауға қатысатын 10 оқушының барлығы жырды мүдірмей айтады»
Жалағаш ауданының 98 ұстазы байқауға 200 оқушыны дайындап жатыр. Бүгінде осы оқушылардың 80-і жырдың 100 бетін жатқа біледі.
Ал, ауданның Таң ауылындағы №118 орта мектептен байқауға қатысуға ұсыныс білдірген 10 оқушының барлығы «Қобыланды батыр» жырын жатқа мүдірмей айтатын деңгейге жеткен.

– Бір мектептің намысын қорғайтын 10 оқушының барлығы «Қобыланды батыр» жырын жаттауды аяқтадық. Бүгінде дастанды қайталап, дайындығымызды пысықтап жатырмыз. Үш ай жазғы демалысымызда бұл жырды тұрақты түрде жаттауға мектептегі жоғары сынып оқушылары көп көмектесті. Каникул болса да, бізден алдыңғы сыныптарда оқитын аға-әпкелерімізбен мектепке келіп, тұрақты түрде дайындалдық. Бабымыз келіскен, енді бағымыз жанса деп тілейміз, – дейді осы №118 мектептің 6 сынып оқушысы Дінмұхаммед Батырханұлы.

Жалпы, байқауға жалағаштық қатысушыларды дайындауда аудандық білім бөлімінің әдіскері Күміс Иманқалиеваның еңбегі зор. Аудан намысын қорғайтын әрбір талапкермен жеке байланыс орнатып, олардың дайындығын өзі бас болып қадағалап, керек жерінде ақыл-кеңесін беріп отырған Күміс Әбдіқайырқызына оқушылар мен олардың жетекшілері де дән риза.
– Кез келген оқушы – дарынды. Оқу үлгерімі төмен деген оқушының өзінің ерекше қабілеті болады. Тек сол оқушының дарынын тап басып, дұрыс бағыт-бағдар бере білу қажет. «Қобыланды батыр» жырын жатқа оқудан байқауға дайындалып жатқан ауданымыздағы оқушылардың әрбірі – талантты да талапты жастар. Бүгінгі таңда байқауға әрбір оқушыны жеке дайындап, жеке қарым-қабілеттеріне қарай бағыт берудеміз, – дейді ұстаз К. Әбдіқайырқызы бізбен әңгімесінде.

«Қызылорда қаласында жыр жаттаған өзге ұлт өкілдерінің саны көп»
Қызылорда қаласының өзінен байқауға қатысуға 542 оқушы ұсыныс білдірген. Осыған қарап-ақ «қаланың балалары жыр жаттамайды» деген теріс пікір екенін көруге болады.
Мәселен, Тасбөгет кентіндегі №11 мектеп-лицейінің 7 «ә» сынып оқушысы Нұрайлым Жаңаберген сайысқа сақадай сай. Ұстазы Гүлбану Жабетова дайындықты ертерек бастағанын айтады.

– «Қобыланды батыр» жырын толық жаттадық. Ендігі жерде ондағы көнерген, тарихи сөздерге талдау жасап жатырмыз. Нұрайлым бұған дейін қазақ тілі пәні бойынша қалалық, облыстық олимпиадада жүлделі орындардан көрініп келеді. Сәтін салса алдағы сайыста да үмітімізді ақтайды деп сенеміз. Жалпы оқушылар арасында мұндай байқаудың өтуі – құптарлық іс. Ол – бүгінгі жас ұрпақтың ата-баба мұрасын, өз ұлтының әдебиеті мен мәдениетін тереңінен тануына зор мүмкіндік әрі баланың әдебиетке деген қызығушылығын арттырады. Бұл дарынды оқушылар мен олардың ұстаздарына үлкен қолдау деп білемін, – дейді ол.

Қызылордалық егіз қыздар Нұрай және Гүлай Қалиқановалар – қаладағы Әли Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушылары.
Егіздердің екеуі де жетекшілері Айжан Әлімованың көмегімен жырды толық жаттап алған. Бүгінгі таңда жырды қайталап, ондағы жер-су аттары бойынша келетін сұрақтарға дайындалып жатырмыз, дейді олар.
Қызылорда қаласында «Қобыланды батырды» жаттаған өзге ұлт өкілдерінің саны басым. Қазақшаға судай олар аталған жырды жаттауда ешқандай қиындық кездеспегенін айтады.

– Қаладағы №253 орта мектептің 9-сынып оқушысымын. Бүгінде «Қобыланды батыр» жырының 90 пайызын жатқа білемін. Жыр жаттауда ешқандай қиындыққа кездескен жоқпын. Жырдағы жер-су аттарын жаттап, олардың мағынасын түсінуде де еш қиналған жоқпын, – дейді орыс қызы Валерия Лизько.

«Байқауда жеңімпаз атану – кәріс қызы Саёраның басты мақсаты»
Қызылорда қаласындағы Ж. Нұрманов атындағы №198 орта мектептің 7 сынып оқушысы, ұлты кәріс Саёра Ким де «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауына қызу дайындалып жатқан талапкерлердің бірі. Ол «Байқауда жеңімпаз атану – басты мақсатым», дейді бізбен әңгімесінде.

– Басында «Қобыланды батыр» жырындағы оқиғаларды қиял-ғажайып әңгіме, былайша айтқанда, «фантастика» ретінде қабылдадым. Бірақ, кейіннен, отбасымдағы жандардан мұндай батырлық оқиғалардың тарихта болғанын естідім. Олар маған кәріс халқының тарихында да Қобыландыға ұқсас батырлардың болғанын айтып, бұл байқауға ден қоя дайындалуыма көмектесіп, қолдау танытып отыр, – дейді С. Ким.

«7 жасар Жәния да байқауға қатысқысы келеді»
Қызылордалық 7 жастағы Жәния Шынтеміроваға анасы Айсана Айбергенова «Қобыланды батыр» жырын қағазға шығарып әкеліп беріп «Жаттайсың ба?» депті.

Жәния болса, «Иә, жаттаймын» деп кішкентай болса да жыр жаттауға құлшына кірісіп кетеді. Бүгінде ол жырдың 10 шақты бетін жаттап алған. Өзінің ынтасы өте зор көрінеді.
Кейін осы жыр бойынша байқау болатынын естігенде кішкентай Жәния анасына:
– Мама, мен де жарысқа қатысайыншы, – дейді.
– Өкінішке қарай, саған болмайды, оған 6-10 сынып оқитын аға-әпкелерің ғана қатыса алады, – деп жауап береді анасы.
– Мәәә, мен жеті жаста емес, 7 сыныпта оқығанымда ғой, – депті Жәния мұңайып...
Байқаудың ұйымдастырушылары 7 жастағы Жәнияның таудай талабын ескеріп, аладғы күндері арнайы құрмет көрсетеді деген ойдамыз.
P.S: Біз халық тұрмысын әдебиеттен бөліп қарай алмаймыз. Ата-бабамыздың тыныс-тіршілігі, салт-дәстүр, әдет-ғұрпы ауыз әдебиеті арқылы бүгінгі күнге жетті. Сол арқылы өткенімізді біліп, мәдениетімізді, руханиятымызды таныдық. Атадан қалған асыл мұрамызды жаңа дәуірде қайта жаңғырту, жаңаша тыныс беру – игілікті іс. Ендеше, ұлттық құндылық ұлықталатын атаулы байқауға қатысушы әрбір жас өркеннің талабына нұр жаусын дейміз.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
журналист.


05 қыркүйек 2019 ж. 78 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области