Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Қызылордада «Ұлы даланың сарқылмас үні» атты өнер экспедициясы өтті

Қызылордада «Ұлы даланың сарқылмас үні» атты өнер экспедициясы өтті

Kyzylorda-news.kz. Қызылордада «Ұлы даланың сарқылмас үні» атты өнер экспедициясы өтті.

Шараны облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының мамандары ұйымдастырып, оған Қазанғап атындағы музыкалық колледж студенттері қатысты.
Бұл шараның негізгі міндеті – оқушылардың қазақтың аспаптық музыкаға деген қызығушылықтарын оятып, ұлттық өнерге деген құрметтерін арттыру.
Жалағаш ауданындағы «Ақтерек» сауықтыру лагерінен бастау алған шара барысында өнерпаздар домбыра, адырна, жетіген, қобыз, керней, үскірік, сазген секілді қазақтың музыкалық аспаптарымен «Құсни қорлан», «Халқым-ай», «Жыр бастау» шығармаларын нақышына келтіріп орындады. Шарада сөз алған:
«Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында қазақ елінің тарихы мен оның құндылықтары, оларды жаңаша жаңғырту мен жаңарту жолдары жайлы айтылған. Сонымен қатар аталған құжатта еліміздің түп тарихын зерттеу мен ұлттық мұрамызды әлемге әйгілеуге бағытталған ірі жобалар талқыланған. Яғни, қазіргі таңда кенжелеп қалған дала фольклоры мен музыкасын қайта жаңғыртуға шақырып, салт-дәстүрге қойнауы толы ел екенімізді мақтан тұтып, өзге елдерге үлгі болуымыз керектігін айтты. Әрине, түсінгенге бұл құжат – Қазақстан халқын біріктіретін, жігерлендіретін қуатты қозғаушы күш. Мұны Елбасының саясаттағы үлкен тәжірибесінің нәтижесі деп бағалаймын», - деді облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Әлима Әбдіқалықова.
Мұнан соң Сырдария ауданындағы «Жалын» лагеріне жол тартқан өнер экспедициясының мүшелері оқушыларға концерттік бағдарлама ұсынып қана қоймай, ұлттық аспап туралы білімдерін жетілдіру мақсатында «Атадан қалған асыл мұра» атты таным сағатын өткізді. Онда лагерь тынығушылары 40 жылдам астам тарихы бар қаладағы Қазанғап атындағы музыкалық колледж студенттерінің халықаралық деңгейде орындап жүрген шығармаларының шығу тарихымен танысты.
Ал музыкалық аспаптар жайында тереңінен білетін лагерь тынығушысы А.Нұрбаева қазақтың қасиетті қара домбырасының шығу тарихы жайында баяндады.
«Ертеде бір аңшы жігіт болыпты. Сол аңшы жігіт биік таудың қиясын, қалың қарағайдың арасын тұрақ еткен бұғы-маралды аулап, кәсіп етсе керек. Бірде жолы болып, биік таудың қиясынан теңбіл марал атып алады да, маралды етекке түсіру үшін ішек-қарынын алып тастайды. Содан арада айлар өткенде, аңшы жігіт аң атуға ұрымтал жер еді ғой деп, баяғы теңбіл маралды атқан жерге соқса, құлағына бір ызыңдаған дауыс естіледі дейді. Барлап қараса, өткенде атқан маралдың ішек-қарынын қарға-құзғын іліп ұшқан болу керек, қарағайдың бұтағына қос тін болып керіліп қалғанын көреді. Ызыңдаған дыбыстың сол ішектен шығып тұрғанын аңғарады. Қарағайдың бұтақтарына керіле кепкен ішекті сәл ғана жел тербесе ызыңдап, жанғы жайлы дыбыс шығарады. Оның өзі бірде уілдеп, бірде сарнап, енді бірде сыңсып жылағандай болып, аңшы жігітті алуан түрлі күйге бөлейді. Сол жерде аңшы жігіт «қой, мына қос ішекке тіл бітейін деп тұр екен, бір амалын жасайын» деп ішекті үйге алып келеді де, бір аспап жасап, соған қос ішекті тағады. Содан тартып көрсе, шынында да қос ішекке тіл біткендей сұңқылдап қоя береді. Міне, сол заманда пайда болған қасиетті қара домбыра, қанша ғасыр өтсе де халқымен бірге әлі күнге жасасып келеді деген екен», - деді А.Нұрбаева.
Танымдық сағатта оқушылар «Жетіген», «Қылқобыз», «Шертер» секілді тағы да басқа ұлттық асаптардың шығу тарихымен танысты. Сондай-ақ оқушылар Базар жыраудың «Ғибрат», М.Әміреевтің «Өсиет» термелерінен үлкен әсер алғандарын жеткізіп, музыкалық аспаптардың өзіне тән әуенділігі мен сазды үнінен әсем күйге бөленгендерін сөз арасында айтып өтті.
Өнер экспедициясының өнерлі жастары одан әрі Қызылорда қаласындағы «Сырдария» тынығу лагерінде болып, көпшілікті халқымыздың тұрмыс-тіршілігінен, салт-санасынан, әдет-ғұрпынан хабар беретін музыкалық асаптарымен өнер көрсетіп қайтты.
09 шілде 2019 ж. 120 0
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области