Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » » Қызылордалықтардың жалақысын өсіру - Үкімет пен облыс әкімінің басты міндеті – Қасым-Жомарт Тоқаев

Қызылордалықтардың жалақысын өсіру - Үкімет пен облыс әкімінің басты міндеті – Қасым-Жомарт Тоқаев

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы тұрғындарының жалақысын өсіру - Үкімет пен облыс әкімінің басты міндеті. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысының жұртшылығымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

«Сыр бойы - елдің әл-ауқатын еселеп, халқымыздың бақ-берекесін арттырған өңір! Қызылорда - халықтың тағдырлы шешімдері қабылданған қала», - деді Президент.
Президенттің айтуынша, республикалық деңгеймен салыстырғанда Қызылорда халқының тұрақты табысы әлі де төмен.
«Мәселені бір күнде немесе бір айда шешу мүмкін емес. Мен мұны түсінемін. Бірақ, жағдайды өзгерту керек. Аймақтағы азаматтардың жалақысын өсіру - Үкімет пен облыс әкімінің басты міндеті», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ атап өтілгендей, қоғамды мазалайтын келесі мәселе - азаматтарымыздың еңбек құқығы. Мемлекет басшысының айтуынша, әсіресе, шетелдік компанияларда жұмыс істеп жатқан қазақстандықтардың мүдделерін қорғау маңызды.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының бастамасымен іске қосылған барлық әлеуметтік бағдарламалар толық жүзеге асырылатынын және олардың ауқымы кеңейе түсетінін атап өтті.
«Әлеуметтік саясатты одан әрі тиімді жүзеге асыруға қосымша 2 трлн теңге бөлеміз. Көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға 40 мың жалдамалы пәтер салынады», - деді ол.
Президенттің сөзінше, биыл «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында білім, денсаулық сақтау, мәдениет, жол құрылысы салаларында құны 1,7 миллиард теңге болатын 60 жоба жоспарланған.
«Облыс әкіміне оларды өз уақытында әрі тиімді жүзеге асыруды тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
14 мамыр 2019 ж. 171 0
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области