Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » » Тоқаевтың Exit poll қорытындысы жарияланғаннан кейінгі алғашқы мәлімдемесі

Тоқаевтың Exit poll қорытындысы жарияланғаннан кейінгі алғашқы мәлімдемесі

Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қазақстанның ендігі міндеті қолдағы барын қадірлеп, өрлеу мен жасампаздық жолында болашаққа батыл қадам басу екенін атап өтті, деп хабарлайды Sputniknews.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды штабында болып, Exit poll қорытындысын жариялау рәсіміне қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, Exit poll-дың қорытындысына сәйкес президент сайлауында Nur Otan партиясынан түскен кандидат өзге үміткерлерден айтарлықтай жоғары дауыс жинаған.
Сауалнама нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 70,13 пайыз дауысын алғаны анықталды. Халықтың сайлауға келу көрсеткіші 77,4 пайызды құрап, 9 миллионнан астам қазақстандық өз таңдауын жасады.
Алдын ала мәлімет жарияланғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне сенім білдірген барша отандасына алғысын білдірді, деп хабарлады президенттікке кандидаттың ресми сайты.
«Сайлауалды науқан өркениетті әрі жүйелі түрде жүргізілді. Шын мәнінде бұл науқан бағдарламалардың бәсекесі болды. Халық бізге сенім артып, өз таңдауын жасады. Сондықтан алдымызда ауқымды жұмыстар күтіп тұр», – деді Тоқаев.
Ол үгіт-насихат кезеңіне қатысқан республикалық қоғамдық штабтың мүшелеріне, белсенді азаматтарға және партия жақтастарына атқарған жұмыстары үшін алғысын білдіріп, электоралды науқанның ауқымы мен технологиялық мүмкіндігін атап өтті.
«Бүкіл әлемдегі сияқты біздің елімізде де жағдайдың өзгергенін көріп отырсыздар. Әлемдік қауымдастықтың бір бөлшегі болғандықтан Қазақстанға жаһандық оқиғалардың да ықпалы болары сөзсіз. Сондықтан біз еліміздің жарқын болашағы үшін жұдырықтай жұмылуымыз керек», – деді мемлекет басшысы.
Жиналғандарға арнаған сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанның бүгінгі жетістіктері Елбасы есімімен тығыз байланысты екенін айтты.
«Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл әлем мойындаған қуатты, көп ұлтты мемлекет құрды. Біздің ендігі міндетіміз – қолдағы барымызды қадірлеп, жетістіктерімізді сақтап, өрлеу мен жасампаздық жолында болашаққа батыл қадам басу», – деді Қ.Тоқаев.
Айта кету керек, сайлауалды науқан кезінде кандидаттың еліміз бойынша 228 штабы жұмыс істеді.

10 маусым 2019 ж. 31 0
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области