Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » » ҒАЖАП ӘУЕЗ, ҚОҢЫР КҮМБІР

ҒАЖАП ӘУЕЗ, ҚОҢЫР КҮМБІР

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріліп отыр. Осы орайда қазақтың жанына, жүрегіне айналған қоңыр домбыраның қадір-қасиетіне, оның жан дүниеңді тебірентер ғажап әуезіне, намысшылдық пен патриоттыққа, отаншылдыққа тәрбиелейтін әсерлі қасиеті туралы ойларыммен бөліскенді жөн көріп отырмын.
Бірде көпшілік жиналған отырыстың ішінен біреу «жігіттер, жан тербетер жайлы әуез деп нені айтуға болады?» деп ортаға сұрақ тастапты. Отырғандардың бірі «алтынның сыңғыры болар», екіншісі «ат тұяғының дүбірі болар», келесісі «баланың күлкісі шығар» деп өз ойларын айтыпты. Арасында «ананың бесік жыры», «бұлақтың сылдыры», «сүйген қызыңның сыбыры», «жаңбырдың тырсылы», «бұлбұлдың тамылжыта сайрағаны» дегендері де болыпты.
– Білмедіңдер. Ендеше, мына күйді тыңдап көріңдерші, – депті де, сұрақ беруші жігіт қоңыр домбыраны қолына алып шерте бастапты. Домбыра шанағынан төгілген әуен толқындай тулап, буырқана бусанып, алып күш қара тасты қақ жарғандай, көбігін көкке атып дөңбекшіген теңізді жуасытып, қарақшыны қара ниетінен қайырып, ғашықтарды ынтықтыра түсердей толқытсын-ай келіп, тебірентсін-ай келіп! Бейне бір қос ішекті домбыра емес, қазақтың өзі сөйлеп тұрған секілді. Айнала жым-жырт, уақыт бір сәтке тоқтап, күй әсерінен мүлгіп, маужырап қалғандай.
Дүниенің бар-жоғын ұмыттырған күй аяқталысымен күйші:
– Міне, жігіттер, домбыраның жан тебірентер күмбірінен асқан ғажап әуез жоқ. Өйткені, қоңыр домбыраның қоңыр үнінде жаңағы сендер айтқан дыбыстардың барлығы бар, – деген екен тебіреніп.
Бала күнімде әжем қолыма домбыраны ұстатып тұрып:
– Балам, дүниеде домбыраның үніне жететін әуен жоқ. Күйді жан дүниеңмен ұғынып, тыңдап үйрен. Ол көпті көрген көсем, көп білетін шешен ғой, – дейтін жарықтық.
Сол тұста әжемнің сөзінің парқын түсінген жоқпын. Ер жете келе әліпті таяқ деп білмейтін үлкен кісінің айтқан пәлсапасында қалтқысыз шындық барына көзім жетті. Шынында да домбыра шанағынан ақтарылған үнде күннің күркірі, тұлпар тұяғының дүбірі, асау теңіз гүрілі, ботасын іздеген бозінгеннің азалы үні, ұлынан айрылған кейуананың зары, ғашықтардың сыбыры, бәрі-бәрі бар екен.
Бірде шетелдік қонақ домбыраны қолына ұстап көріп:
– Домбыра неге екі-ақ ішекті? – депті менсінбеген түр танытып. Сонда қазақ:
– Тіршілікте ізгілік пен зұлымдық, қуаныш пен қайғы, адалдық пен арамдық, шындық пен өтірік, мейірім мен қатыгездік, ақыл мен жетесіздік қатар өріледі емес пе? Осы бір қарама-қарсылықтың ешқашан да ымыраға келмейтін мәңгілік күресін сипаттау үшін ата-бабамыз домбыраны әдейі қос ішекті еткен, – депті.
– О-о, түсінікті... – депті әлгі шетелдік мейман бірден ойлы кейіпке түсіп.
Бірде орта жастағы кісі қасындағы серігінен домбыра тартуын өтінгенде «кешіріңіз, маған ондай өнер қонбаған» деген жауап естиді.
– О-о, сабаз... Өзің барсың ба әйтеуір? Қағынан жеріген құландар болмаса, домбыраның құлағын келтіре алмайтын, сүйгеніне өлең арнай алмайтын қазақ болушы ма еді, тәйірі, – депті, домбыра ұстаған кісі ренжіп.
Тағы бірде жақын досымның үйіне барғанымда төрде шаң басып ілулі тұрған домбыраны көріп, «ішегі тербелмеген домбыра – ешқашан толғатпаған келіншек, аяғына жем түскен тұлпар, тірсегінен қиылған арлан, темір тордағы арыстан, туламаған жүрек екен-ау» деген ойға келгенмін.
Досханның естелігінен үзінді: Осыдан бір жыл бұрын сұмдық жағдайға тап болдым. Жол шетіндегі қоқыс салатын жәшікке белгісіз біреу бір беті бүтін домбыраны тастап кетіпті. «Қазақтан бәрін күтсем де бұны күтпеген едім» деп жаным түршікті. Домбыраны қолыма алсам еш жері сынбаған! Қоқысқа тасталған тәбәрік бұйымды сол маңнан өтіп бара жатқан адамдар көргенімен, мән бермегені жаныма батты. «Апыр-ау, бұл таяқ емес, темір емес, домбыра ғой! Сынып, жарамсыз болып қалғанның өзінде көзің қиып, киесінен қорықпай, қоқысқа қалай тастайсың, айтшы! Міне, біздің жеткен жеріміз! Домбыра ұятың, ар-ожданың емес пе!» деп іштей жаным күйзелді...
Бала кезде әжем айтқан аңызда Жошы ханның ұлы аң аулауға шығып құланды жаралайды. Ызалы құлан аңшыға тап беріп, оны теуіп өлтіреді. Ұзақ уақыт ұлынан хабар болмаған Жошы жүрегі бір жамандықты сезіп, іздеу салыпты. Қаралы хабар жеткізген адамның көмейіне ыстық қорғасын құйып жазалайтынын айтады. Із кесушілер дамыл көрмей күндіз-түні шарқ ұрып іздеп, үшінші күні хан баласының мәйітінің үстінен шығады.
Сұмдық хабарды ханға жеткізуге қаһарынан қорыққан уәзірлер Күдері ақынға бастарынан кешкен қаралы оқиғаны баяндап беріп, хан қаһарынан құтқарудың амалын табуды өтініпті. Сонда Күдері ақын әмірші алдына жайғасып алып, домбыраны сарната жөнеледі. Хан қос ішектен төгілген азалы үннен жер танабын қуырған тұлпар тұяғының дүбірін, шыбын жандары шырылдай жөңкілген аң легінің дүбірін, құла дүзге өлім сепкен садақ жебесінің зуылын, омақаса құлаған құралайдың жан шығарардағы аянышты қырылын естігендей болады.
Домбыраның қоңыр үні бірте-бірте күшейе түседі. Тасқа тиіп от шашқан тұлпар тұяғының дүрсілін, дүркірей жосып бара жатқан киіктер сарынын, атылған жебенің зуылын, ақсаңдай басқан киіктің жан қиналысын көз алдына елестеткендей болады. Кенет найзағай жарқылдап, аспан күркіреп, жер-жаһанды жаңғырта жай түскендей күңіренеді. Қос ішектен төгілген қасіретті күйді жаны күйзеле тыңдаған хан ақсақ құланның ханзадаға қарсы шапқан тұсын зарлата қайырғанда бар жағдай түсінікті еді.
Аһ ұрған хан Күдеріге қарап: «Сен маған ұлымның қазасы жайында қаралы хабар әкелдің. Домбыраңның күйін тыңдап, бәрін ұқтым. Мұндай хабар үшін өлім жазасына лайықтысың. Алайда, өзің бір ауыз тіл қатпағандықтан, жазаны домбыра тартсын. Сағағына қорғасын құйыңдар!» деп бұйырыпты. Осылайша Күдері ақынның даналығы арқасында қаһарлы әміршіге ұлының өлімі естіртіледі. Қаралы хабарды жеткізген домбыраның көмейіне ыстық қорғасын құйылады. Содан бері домбыра шанағында тесік пайда болыпты. Қасиетіңнен айналайын домбыра қазақтың абыз ақынын ауыр жазадан құтқарып қалған екен.
Бірде түркиялық дос Кенан Коч екеуміз Құрманғазы оркестрінің концертіне бардық. Сансыз қос ішектен ағылған жанға жайлы қоңыр әуен бірде баяу мұңға батырып, көзіңе жас алғызса, енді бірде жігеріңді қайрап, қиялыңа қанат бітіреді. Бойыңды алапат сезімге бөлеп, жан әлеміңді баурап барады. Ғажайып концерт аяқталғанда түркиялық досқа көз салсам ағыл-тегіл жылап отыр.
– Ой, Кенан, мұның не? Көз жасыңды көлдеткенің қалай?
– Неткен ғажап бұл, Бегман аға! Ат төбеліндей аз қазақ ұшы-қиыры жоқ осыншама ұланғайыр жерге қалайша иелік еткен деп ойлаушы едім. Сол сауалға бүгін жауап алғандай болдым. «Аттан!» деп жорыққа шақырып тұратын, намысты жанып, рухты заңғар биікке көтеретін, ерлік пен батырлықты паш ететін қос ішекті домбыра тұрғанда алаш азаматы, түркі жұрты көк бөрілі байрағын төмендетуі мүмкін бе? Мүмкін емес! Қос ішектен ағылған лағыл лебіз жан дүниемді астан-кестен етіп, мендегі бар қасиетті сүзгіден өткізіп, тазасын қалдырып, қажетсізін лақтырып тастағандай әсер етті. Бойым жеңілдеп, ойым жаңарғандай болды. Ғажап! – деді түркиялық Кенан дос.
Домбыра шанағынан буырқана төгілген күйден түркиялық дос түркілік рухты жан жүрегімен сезінсе керек. Қан тартады деген осы да! Болмаса ағылшынның не болмаса немістің домбыраның қоңыр үніне сүйсінуі мүмкін, алайда, Кенандай ағыл-тегіл болуы екіталай жағдай.
Шіркін домбыра, сен толғанған кезде тамыр-тамырды қуалай аққан қаның тасып, тұла бойыңды ерен қуат пен қайрат кернеп, әруақтанып, арқаланып шыға келетінім бар. Рухты күй шалқыған кезде тегеурінге тегеурін, жігерге жігер қосылып жатады. Ол – намыстың, рухтың төлқұжаты, жемісті ойдың, тындырымды істің бастауы. Жастарды ақылды, жаужүрек етіп, қарттарға жалынды жастығын сағындырады.
Немерем Ердияр сабақтан келе салып:
– Әке, домбыра үйірмесіне қатысқым келеді, домбыра сатып әперіңіз, - деді.
Әкесі: – Балам-ау, одан да өнімді істің бірімен айналыссаң болмай ма? Мәселен, футбол, шахмат дегендей. Егер нәтиже көрсетсең, еліңді дүние жүзіне танытатын боласың әрі табысы да жақсы. Ал, Қаршыға секілді домбырашы болдың дейік, сені қазақтан басқа кім таниды? Ешкім танымайды! – дегені. Міне, бүгінгі әкенің түсінігі! «Бүгінгі қазақ бұрынғы қазақ емес, мүлдем өзгерген қазақ» (Г.Бельгер).
Кезінде әжем маған: – Балам, бұл жалғанда домбыраның әсем сазына жететін әуен жоқ. Оны тыңдап үйрен. Ол көпті көрген, көп білетін көсем ғой, – деген еді-ау с-о-онау баяғыда, жас кезімде.
Әріп танымайтын әжем қазақтың жүрегіндегі халқына, туған жері мен Отанына, тіліне, діні мен діліне деген махаббатын мәңгі сөндірмей сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші алтын көпір осы қоңыр домбыра екенін білгендіктен ескерткен екен-ау. Үзілген жіп түйінделіп барып жалғанатынындай, үзілген салт-дәстүрдің де қайта жалғасуы екіталай екенін сезгендіктен айтқан екен-ау әз әжем. Екі институт бітірсек те осынау қарапайым түсініктің парқына жетпейміз-ау, жетпейміз.
Немерем сабағынан басқа домбыра және шахмат өнерінің шылбырын ұстады. Ол тартқан күйлерді тыңдап отырып Жаратқанға мың мәрте шүкіршілік айтамын. Дәстүрдің жалғасқанына. Қоңыр үннің, ата-бабам дүниеге әкелген жанға жайлы қоңыр күйінің әлем «оркестріне» қосылып үндескеніне. Нағыз қазақ қазақ емес,
Нағыз қазақ – домбыра. Ақын Қадыр Мырза Әли:
«Нағыз қазақ қазақ емес,
Нағыз қазақ – домбыра», - деп қалай тауып айтқан десеңізші. Демек, домбыраны төрге іліп қою жеткіліксіз. Оны ойнай білу керек, қазағым!

Бегман ЫСҚАҚ,
Халықаралық гуманитарлық-техникалық
университетінің профессоры

24 шілде 2018 ж. 318 0
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области