Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » 11 мамыр: Ел тарихында орын алған оқиғалар

11 мамыр: Ел тарихында орын алған оқиғалар

1904 жылы 11 мамырда ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы, шығыстанушы, әдебиеттанушы, өнертанушы, филология ғылымының докторы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әлкей Хақанұлы Марғұлан дүниеге келді. 1985 жылы дүниеден өткен.
Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Бастапқы білімді ауыл мектебінен алған. Семей педагогикалық техникумын, Ленинградтағы шығыстану институтын және Мемлекеттік материалдық мәдениет тарихы академиясының аспирантурасын бітірген. 1921-1925 жылдары «Таң» журналы мен «Қазақ тілі» газетінің редакцияларында қызмет атқарады. Осы жылдары ол М.Әуезовпен, М.Жұмабаевпен танысады. 1926-1927 жылдары КСРО Ғылым академиясының академигі А.Ферсман мен профессор С.Руденконың басшылығымен ұйымдастырылған Қазақстан және Алтай археологиялық және этнографиялық экспедицияларының жұмысына қатысады. Экспедиция кезінде Ә.Бөкейхановпен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлесіп қызмет істейді. 1928 жылдан қазақ халқына қатысты әдеби, мұрағаттық материалдар жинақтаумен шұғылданады. 1929 жылы Абай шығармалары туралы дипломдық жұмыс қорғап, орыс география қоғамы мұрағатындағы Абай қолжазбалары туралы нақты тарихи деректер негізінде ғылыми дәйекті тұжырымдар жасайды. 1930 жылдан Терминологиялық комиссияның ғалым хатшысы, Шығыстану институтының оқытушысы, Мәскеудегі материалдық мәдениет тарихы институтының ізденушісі және ғылыми қызметкері болады. Осы жылдары ол Шығыс Түркістан археологиясы мен өнері бойынша маманданып, бірнеше археологиялық экспедицияларға қатысады. 1939-1941 жылдары КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі Тарих институтының аға ғылыми қызметкері болады. Осы жылдары оның «Мәшһүр Жүсіп мұрасындағы түркі эпосы», «Декабристер және Қазақстан», «Әлішер Науаи және қазақ мәдениеті», «Мұхаммед Хайдар - тарихшы», «Шоқан Уәлиханов және Орта Азия тарихы», «Суворов», «Жамбыл Жабаев» атты еңбектері жарық көреді. 1941 жылы КСРО Ғылым Академиясы қазақ бөлімшесінің тарих бөлімін басқарды. Осы қызметте жүріп «Хандар жарлығының тарихи маңызы» деген тақырыпта қорғаған кандидаттық диссертациясында көне қыпшақ тарихына байланысты құнды зерттеулер жасайды. 1958-1976 жылдары Сырдария, Шу, Талас өзендері бойында және Отырар, Сауран, Сығанақ қалалары орнында қазба жұмыстарын жүргізіп, соның негізінде «Көне қазақ жерінің қалалары мен құрылыс өнерінің тарихы» аталатын монографиясын жариялайды. Қ.Ақышев, М.Қадырбаев, М.Оразбаевтармен бірге Орталық Қазақстанда жүргізген археологиялық қазба жұмыстарының қорытындысы саналатын «Орталық Қазақстанның ежелгі мәдениеті» атты ғылыми-зерттеу еңбегін жазып, кітаптың редакциясын басқарады.

1996 жылы Иран Ислам Республикасы мен Қазақстан Республикасының Президенттері екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту және тереңдету туралы бірлескен декларацияға, Каспий теңізінің мәселелері бойынша бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

2012 жылы Қазақстанда Музей аптасы жарияланды. Осы кезеңде мемлекеттік музейлер өз есігін барлық келушілер үшін айқара ашты. Көрермендер назарына көптеген жаңа жәдігерлер ұсынылды. Сондай-ақ, апта аясында тематикалық дәрістер, экскурсиялар, ғылыми оқылымдар, музей-театрлық қойылымдар өткізілді.

2016 жылы Венадағы кинотеатрлардың бірінде Қазақстан киносы күндері өтті. Фильмдер түпнұсқа, қазақ және орыс тілдерінде, ағылшын тілінде субтитрмен көрсетілді. Жобаның басты мақсаты - Қазақстанның мәдениеті, дәстүрі мен тарихын таныстыру, сондай-ақ екі елдің достық қатынасын нығайту.
11 мамыр 2019 ж. 183 0
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области