Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Ысырапшылдық дендеп барады…

Ысырапшылдық дендеп барады…

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға барған ресми сапарында ел ішіндегі түрлі ысырапшылдыққа байланысты келелі әңгіме қозғады. Бұл – дәл қазіргі күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселе!
Ысырап, даңғойлық, жалған намыс мені біраздан бері толғандырып келе жатқан. Бұл жөнінде пікірімді бұдан екі жыл бұрын да жазғам және назарымнан әлі де шыққан жоқ. Оның себебі не? Той көбейген сайын (бұл біздің қанымызға сіңген қасиет) кейбір келеңсіз жайттар да, өкінішке қарай, «жаңғырып» жатыр.
Несін жасырам, кезінде менде ысырапшылдардың қатарында болдым, атеизмнің ресми идеологиясының әсерінде туып, өстім. Енді менің өмірге деген көзқарасым күрт өзгерді… Рухани кемелденуге бар күш-жігерімді салып жатырмын. Сондықтан, мен ысырапшылдықтан аулақ болуға барша отандастарымды шақырамын.
Әлбетте, қазақ үшін «тойсыз» өмір жоқ. Қазақ жағдайы болмаса да, қазіргі кезде қарыз алып, қауғаланып немесе банктерден несие алып, әйтеуір, қалай да той жасауға үйір… Өйткені, досқа – күлкі, дұшпанға – таба болмауға тырысады. Осыған орай, мына бір болған нақты жағдайды назарларыңызға салғым келеді.
Бейсенбай дейтін танысымыздың баласы үйленді. Сонда әкесі перзентіне: «Балам, өткенде сен анау Сейсенбайдың баласының үйленген тойында болдың ғой? 300 адам болды тойда. Дастарқанда құстың сүтінен басқаның бәрі болды.
Енді сенің тойыңа мен 500 адам шақырамын. Сөйтіп, өзімнің де, сенің де даңқыңды асырамын. Мен одан кеммін бе? Намысымды жібермеймін! Осыны да үлкен мәселе жасаймыз ба? Банктен несие аламын! Несие алу қазір оп-оңай» деп баласының қарсылығына қарамастан кеуделеп қоймапты. Бұған дейін алынған қа-рыздардың кесірінен үй кепілде тұр… Сөйтіп, көрпесіне қарамай көсіліп, бала-сының тойын дүркіретіп, халықтың есінде қалатындай етіп өткізді. Өкінішке қарай, жастар өзара келісе алмай, үш айдан кейін ажырасып кетті… Сөйтіп, неси үстіне несие жапсырды, үйсіз қалу қаупі тағы бар… Ақырында осындай даңғойлыққа барғанына бармағын тістеп өкінді. Өмірдің өзінен алынған осының өзі бізге аз сабақ болмайды.
Мен көзіміздің ағы мен қарасындай ұл-қыздарымыздың үйлену тойын өткізбейік дегеннен аулақпын. Ұлды – ұяға, қызды – қияға қондыру әр ата-ананың парызы Бірақ, әлгіндей ысырап, даңғойлық біздің ұлтымызға керек пе? Неге біздің пейіліміз бұзылды? Неге?
Сосын той басқаратын асабаларды да мәдениеттілікке тәрбиелеу керек. Тіпті, кейбір тойларда құлақ қойып тыңдап отыру мүмкін емес. Таяуда бір тойда асабаның «арақ ішкен чемпион, арақ ішпеген шпион» дегенін естіп жағамды ұстадым. Неге біз бір бірімізді ішімдікке шақырамыз, ал ішпейтіндерді келемеждейміз? Неге? Осындай орашолақтықтан ада болу үшін той тізгінін білімді, байсалды, сөз қадірін білетін, зиялы, рухани сауатты азаматтардың қолына ұстатып үйренейік!

31 наурыз 2019 ж. 47 0
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области