Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » БАҚ ӨКІЛДЕРІМЕН БАЙЫПТЫ ӘҢГІМЕ

БАҚ ӨКІЛДЕРІМЕН БАЙЫПТЫ ӘҢГІМЕ


Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткізген брифингінің соңында аймақ басшысы мен БАҚ өкілдері арасында емен-жарқын әңгіме өрбіді. Алғаш рет өзгеше форматта өткен шарада өңір басшысы мен қатысушылар тарапынан аймақ дамуы жайлы журналистер мен блогерлер сауалына кеңінен мәлімет берілді.
Рауан Мыңбаев, “Хабар 24” телеарнасының тілшісі:
– Қазақстан мен Ресей “Бәйтерек” ортақ ғарыш жобасы бойынша жұмыстарды жүзеге асыруда. Байыпты бастама облыс дамуына қандай әсер береді?
Қ.Көшербаев, облыс әкімі:
– “Байқоңыр” кешенін ғарышқа бағытталған моноқала есебінде ғана емес, өнеркәсіп пен жоғары технология орталығы ретінде дамыту шаралары қолға алынуда. Әлемге әйгілі айлақтан “Бәйтерек” жаңа зымыран кешенін салу көзделіп отыр. Бұл бастамаға Қазақстанмен бірге Ресей тарапы мүдделілік танытуда.
Еншілес екі мемлекет дамытудың жаңа жобасын жасап, тиісті шараларды бастап кетті. Кешеннің көкжиегін кеңейтудегі басты шараның бірі – “Бәйтерек” жаңа зымыран айлағын салу. Одан бөлек Байқоңыр қаласын жан-жақты дамыту да жоспарға енгізілген. Бұл Қазақстандағы ғарыш саласының тынысын ашады. Осыған орай маусым айында Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің үкіметаралық комиссиясының 5-ші отырысы өткізілді. Кездесуде аталған жұмыстарды тездетіп, зымыранды ұшыру мерзімін 2025 жылдан 2022 жылға ауыстыру мәселесі қаралды. Жаңадан салынатын “Бәйтерек” кешенінің ұшырылу аймағын Қазақстан тарапы дайындамақ. Ал зымыранды құрастыру Ресей еншісінде. Қос тараптың бірлескен бағдарламасында жұлдызды қаланы жан-жақты дамыту, әлеуметтік мәселелерді шешу қарастырылды.
Рахым Ошақбаев, сарапшы:
– Менің пікірімше, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту
бағытында жергілікті атқарушы органдардың тетіктері шектеулі сияқты. Орталық деңгейінде шешілетін осындай ортақ проблемаларды көтеруге көзқарасыңыз қандай?
Қ.Көшербаев, облыс әкімі:
– Сіз дұрыс айтасыз, біз унитарлы мемлекетпіз. Сондықтан орталықтың көзқарасы ғана емес, аймақтардың да пікірі ескерілуі керек? Мемлекеттік саясаттың аймақтарда жүзеге асырылуының өзіндік тәсілі бар. Мемлекет басшысы билікті орталықсыздандыру және шектеу туралы шешім қабылдарда бұл аспектілерді ескерді. Өкінішке орай, барлық кезде осылай бола бермейді. Оған қажетті тетік бар ма, жоқ па, соған қарамастан, біз белсенді өмірлік көзқараста болып, пікірлерімізді айтамыз. Мысалы, қаржыландыру жайында айтып жатырсыз.
Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Ұлттық Банкіне тек инфляциямен ғана емес, экономикамен де айналысуды тапсырды. Бұл – инфляцияны таргеттеумен айналысу ғана емес, экономиканы дамыту үшін жаңа жағдайларды құру деген сөз. Айталық, Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасын іске қосты. Бірақ ол инфляцияны шарықтатқан жоқ ғой. Өйткені қыруар қаражат әлеуметтік төлемдерге емес, дамуға негіз болатын инфрақұрылымдарға бағытталды. Ұлттық Банктің қаржысы тек ғана инфрақұрылымды дамытуға бағытталды, бұл бағдарлама елдің дамуына ықпал жасады.
Мұнан кейін аймақ басшысы қандай да бір әлеуметтік реформаларды енгізу үшін пікірлерді ескеру бойынша нақты механизм болуы керектігін айтып, медициналық сақтандыруды мысалға келтірді. Қазақстан Президентінің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды ендіруді тоқтату жөнінде уақытылы және дұрыс шешім қабылдағанын айтты, себебі, адамдардың көптеген бөлігі сақтандыру полиссіз қалар еді.
Мысалға, ол жүзеге асқан жағдайда бір ғана Қызылорда облысында жұмыссыздар саны 6 есе өсіп, оларға бюджеттен қосымша 16 млрд теңге қажет болар еді. Әрине, мұндай жағдайлар ескерілуі керек. Бұл бағытта бірлескен жұмыстар жасалуда. Еліміз аймақтардан құралған. Орталық Аймақ деңгейінде өзара байланыс міндетті түрде тиімді жұмыс істеуі керек.
Асхат Райқұл, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі:
– Әсел, сіз Дүниежүзінің алдында еліміздің абыройын асқақтатып жүрсіз. Осы жетістігіңіз мен жеңісіңіздің сыры неде? Алдағы жоспарларыңыз жайлы да айтып берсеңіз...
Әсел Серікбай, шахматтан оқушылар арасында екі дүркін Әлем чемпионы:
– Шахмат ойыны терең ой мен ақыл парасатты талап етеді. Мен сәуір айында Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатында 3 дүркін Азия чемпионы атандым. Ал, мамыр айында Румынияда шахматтан оқушылар арасында 2 дүркін Әлем чемпионы болдым. Мұның бәрі де тынымсыз жұмыс пен еңбексүйгіштік қасиетімнің арқасында жеткен жетістігім. Қазір Сыр спорты серпінді дамып келеді. Қызылордада мен секілді талантты жас шахматшылар қатары артып отыр. Осы ретте спорт саласының дамуына үнемі қолдау білдіріп келе жатқан облыс әкімі Қырымбек Елеуұлына және жаттықтырушыларыма алғысымды білдіргім келеді. Мен алдағы уақытта талай додаларда еліміздің көк Туын биікте желбіретіп, Әнұранымыздың шырқалуына бар күш-жігерімді жұмсайтын боламын. Басты армандарымның бірі – Халықаралық ареналарда еліміздің абыройын асқақтату.
Ә.Қасымова, «Қазақпарат» агенттігінің тілшісі:
– Шыны зауытының құрылысы, қуаттылығы, өндірілетін өнімдерге қатысты келісім-шарттар туралы тарата айтып берсеңіз...
Ержан Сағымбаев, «Orda Glass» ЖШС басқарма төрағасы:
– Бұл зауыт Елбасының қолдауымен 2015 жылы басталған. Құрылыс барысында бірқатар қиыншылықтар да болды. Қазір барлық мәселе шешімін тауып, қытайлық «China Triumph» компаниясымен мердігерлік келісім-шартқа қол қойылды. Зауыт жабдықтарының 97 пайызы Еуропа және АҚШ-тан жеткізілді. Алдағы жылдың наурыз айында құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтап, пешті қыздыру басталады. Талап бойынша пешті қыздырғанда ауа температурасы 15 градустан төмен болмауы тиіс. Қыздыру жұмысы кем дегенде 2-3 ай бойы жүреді. Сондықтан 2018 жылдың шілде айында, Астананың 20 жылдық мерейтойына алғашқы шыны тарту етілмек. Зауытта 250 адамға жұмыс беріледі, 500 адам аутсорсинг жұмыстарына ие болады.
Қытай компаниясы зауыт аумағынан күн панельдері, смартфон, планшет өндірісіне қажетті әйнек шығаратын өндіріс орнын ашуға инвестиция құюға әзірлігін білдірді. Мұндай зауыт Дүниежүзінде 2 жерде ғана бар. Біреуі «China Triumph» компаниясының ноу-хауы. Бұл – ультратаза, мөлдір және 150 микрондық өте жұқа шыны. Оны әлемге әйгілі «Nokia», «Apple», «LG» компаниялары қолданады. Күн панельдерінің шынылары қазіргі шығарылып жатқан шыныларға қарағанда ультратаза, күндіз күннен, түнде айдан қуат алады. Шыны индустриясы маңайына кластер болып автокөлік терезесін шығаратын зауыттар өздерінің кәсіпорындарын ашады.
Ғалым Байтоқ, «Қазақстан блогерлер альянсының» президенті:
– Қырымбек Елеуұлы, бүгін спортшы, кәсіпкер, халық қалаулыларынан құралған спикерлер тобымен жиынды жоғары деңгейде өткізіп отырсыздар. Бұл – алғаш өтіп отырған жақсы бастама. Сіз кезінде қазіргі үлкен бірнеше саланы біріктірген министрлікті және үш облысты басқарған белгілі қайраткерсіз. Осы сәтті пайдалана отырып, еліміздегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру реформасына қатысты пікіріңізді білсек..
Қ.Көшербаев, облыс әкімі:
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бізде медициналық қызмет сапасын жақсартып ғана қоймай болашақта емханалар арасында бәсекелестік орнатады. Бұл туралы Елбасының «100 нақты қадам» институттық реформасының жоспарында да, «Қазақстан – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында да нақты атап көрсетілді.
Бірақ, әлеуметтік реформаларды мұқият дайындап, оның мүмкін қатерлерін ескеру қажет. Табиғатта да, қоғамдық өмірде де әр нәрсенің екі жағы бар емес пе?!


19 қазан 2017 ж. 589 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области