Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Атаулы әлеуметтік көмекті 70 мыңға жуық қызылордалық алады

Атаулы әлеуметтік көмекті 70 мыңға жуық қызылордалық алады

«Нұр Отан» партиясының съезінде Мемлекет басшысы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі жайында елеулі мемлекеттік бастамалар ұсынған болатын. Бұл жаңалық елді елең еткізді. Десе де, аталған жәрдемақыны барлық көпбалалы аналар ала алмайды. Тек аз қамтылған отбасыларына ғана беріледі. Әлеуметтік көмек төңірегіндегі сауалдарын Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жолдады.

Облыс бойынша қанша отбасы 21 мың теңге жәрдемақыны алады?
«Қызылорда облысында 35 мыңнан аса көпбалалы ана бар. Кәмілетке толмаған 4 және одан да көп балалардың саны 18,5 мыңнан асады. Бүгінде өңіріміздегі 60 862 аз қамтылған отбасына 21 мыңға жуық нақтырақ айтқанда 20 789 теңгеден тағайындау жоспарланып отыр. Сонымен қатар аз қамтылған отбасылардың балаларына 18 жасқа дейін ай сайын 20 789 кепілдендірілген көмек төленетін болады. Ол бала оқыған жағдайда 23 жасқа дейін төленеді. Облыста бұл көмекті 40 600 балаға тағайындау жоспарлануда», – дейді басқарманың әлеуметтік көмек бөлімінің басшысы Шаризат Алмашова.

Отбасылардың табысы қалай есептеледі?
Осы жылдың 1 сәуірінен бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийі ең төменгі күн көріс деңгейінің 50 пайызынан 70 пайызға дейін көтеріледі. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған кезде отбасының табысына «Күміс алқа» және «Алтын алқа» иегерлеріне төленетін жәрдемақылар, жастардың стипендиялары есептелмейді.
«Облыс бойынша құрылған арнайы комиссиялар аулаларды аралап, көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың жағдайымен танысып, оларға ең бірінші кезекте қандай көмек керек екенін анықтап жатыр. Олардың тұрмыстық жағдайы зерттеліп, отбасының әлеуметтік картасы жасақталуда. Ол әрбір жанұяның қажеттілігін, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын бағалауды көздейді», - дейді Шаризат Алмашова.
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау рәсімі де жеңілдетілген. Ақпараттық жүйеде мәліметтер болмаған жағдайда халықты жұмыспен қамту орталықтары немесе ауылдық округтердің әкімдері тиісті мемлекеттік органдардан қажетті құжаттарды сұратады.
Айта кетейік, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға республикалық және жергілікті бюджет есебінен қосымша қолдау шараларын көрсету үшін 2019-2021 жылдарға арналған өңірлік әлеуметтік Жол картасының жобасы әзірленді. Жол картасына қосымша әлеуметтік қолдаулар, мектеп жасындағы балалардың қоғамдық көліктерде жеңілдікпен жүруі, ыстық тамақпен және киім-кешекпен қамтылуы, мектеп жасына дейінгі балалардың балабақшамен қамтылуын субсидиялау, дәрі-дәрмекпен және тұрғын үймен қамтылу мәселелері енгізілді.

Фариза ОМАРОВА
14 наурыз 2019 ж. 104 0
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области