Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » «BAIKONYR INVEST»: ИРАНМЕН ИГІЛІКТІ ҚАТЫНАС

«BAIKONYR INVEST»: ИРАНМЕН ИГІЛІКТІ ҚАТЫНАС


    “Қазақстан Республикасы және Иран Ислам Республикасы арасындағы ынтымақтастық” деп аталатын секциялық отырыста бірқатар мамандар ұсыныстарымен бөлісіп, баяндама жасады.
    Басқосуды облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов жүргізіп, Иран Ислам Республикасы арасында байланыстың одан әрі нығая түскенін жеткізді. Жуырда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған делегацияның Иран Ислам Республикасына жасаған жұмыс сапары барысында екі елдің кәсіпкерлік саласындағы палаталары әріптес болып, ынтымақтаса жұмыс жасауға келісілгеніне тоқталды.
    – Өздеріңізге белгілі, 21-23 қазанда облыс делегациясы жұмыс сапармен Иран Ислам Республикасында болып қайтты. Сырбойылық кәсіпкерлер Гүлістан және Мазандаран провинцияларындағы ауыл шаруашылығының өндіріс орындарын аралап, бизнес қауымдастыққа ортақ жобаларды таныстырды. Екі ел арасындағы тиімді әріптестікке негізделген қарым-қатынасты нығайту және дамыту мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында қос ел палатасы инвестиция, тауарлар мен қызметтер саудасын кеңейтіп, кәсіпкерлік саласында тәжірибе алмасады, – деді Ғ.Жақсылықов.
    Иран Ислам Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Дамирчилу Моджтаба да 80 миллион тұрғыны бар Иран – ет өнімдерін көп тұтынатын елдің бірі екенін, енді импорттайтын қой етінің бір бөлігін Сыр өңірінен сатып алуға дайын екендіктерін атап өтті. Орайы келгенде айта кетейік, Қызылорда облысынан бірер жыл көлемінде біріккен кәсіпорын салынады деп жоспарлануда. Биыл Иранға 10 мың бас қозы экспортталған еді. Ал біріккен кәсіпорын іске қосылғаннан кейін ирандықтар Сыр өңірінен тірі малды емес, оны ет күйінде сатып алмақ. Сондай-ақ, цитрус өнімдерінің 55 пайызы осы Иранда өндіріледі екен. Мұнда жылына жиналатын 2 млн тоннадан аса жеміс-жидектің бір бөлігі Сыр елінің сауда сөрелерінен орын алуы мүмкін деген болжам бар. Бұл ретте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жаханов Иран тарапы жеміс-жидектерімен біздің облысты, жалпы Қазақстанның барлық аймағын қамтамасыз етуге мүдделі екенін мәлімдеді.
    – Қызылорда облысы мен Иранның бірқатар аймағы экономикалық ынтымақтастықты арттыруға ниетті. Сауда-логистикалық орталықтардың жұмысын ұйымдастыру туралы келісімге келдік. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында бірнеше жоба бірлесіп жүзеге асырылады. Бүгінде “Ақтөбе и К” ЖШС “Торем Хошеми” сортын 70 гектарға екті. “Сыр маржаны” серіктестігі де өнімді сортты тестілеуден өткізді. Биыл Иранға аталған сорттың 60 тоннасы экспортталады. Сонымен қатар 2020 жылға қарай ирандық күріш алқаптарын облыста 5 мың гектарға дейін ұлғайтып, экспорт көлемін 8 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Тараптардың тығыз байланысына транспорттық тұрғыдан тежеу жоқ. Қазақстан, Түркіменстан және Иранның бірігіп салған теміржолы тауар айналымдарының еселеп артуына мүмкіндік туғызды. Ең бастысы, осы мүмкіндікті тиімді пайдалануға кәсіпкерлердің құлшынысы жоғары. Арал теңізінің маңынан бекіре өсіру және өңдеуді бірлесіп жүзеге асыруға да қолдау бар, – деді басқарма басшысы.
    Отырыста шағын және орта бизнесті дамыту, тиімді инвестиция тарту мәселесі де шет қалмады. “Қазына Капитал Менеджмент” АҚ өкілдері “Тікелей инвестиция тартудың төте жолы” тақырыбындағы баяндамасымен бөлісті. Мұнда шетел инвестицияларының келуінің жаңа перспективалары ашылғаны, отандық кәсіпорындар тарапынан инвестициялар мен несиелендіруге сұраныс бұрынғыға қарағанда айрықша артқаны сөз етілді.
    «Сыр бойы»

17 қараша 2017 ж. 162 0

Саясат

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области