Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЖАҢАҚОРҒАННАН ШЫҚҚАН МАЙДАНГЕРЛЕР

ЖАҢАҚОРҒАННАН ШЫҚҚАН МАЙДАНГЕРЛЕР

Жаңақорғандық жауынгерлер майдандас достарымен тізе қоса отырып Мәскеуді қорғады, Сталинград пен Курск шайқастарына қатысты, Украина мен Белорус майдандарында, партизан жорықтарында болды. Еуропа елдерін неміс басқыншыларынан азат етті, Берлинге дейін барып, Рейхстагқа шабуылмен кірді.
ӘНУАР ӘБУТӘЛІПОВ. 1923 жылы 7 желтоқсанда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының «Талап» колхозында шаруа отбасында дүниеге келген. Әскер қатарына 1942 жылдың қазан айында шақыртылады. Ал 1943 жылы майданға аттанды. Майданда ІІ-ші Украин майданы 1-ші гвардиялық әуе-десант дивизиясы 13-ші гвардиялық әуе-десант полкінің пулемет расчетінің командирі болды. Тисадорогма атты венгр деревниясы жанындағы Тисса өзені бойында болған ұрыста өзеннен 47 рет қайықпен қатынап, рота жауынгерлерін әскери жабдықтарымен қоса өзеннен шығынсыз өтуін қамтамасыз еткен. Өзеннен өткен жауынгерлер шабуыл жасап, жау плацдарымын алады. Әнуар өз пулеметінен оқ жаудырып, 18 жауды жайратты. Жаудың З «Тигрын» от-жалынға орады. Ә.Әбутәліпов КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылдың 24 наурызындағы Жарлығы бойынша Кеңес Одағының Батыры атағын және Ленин орденін алды. Соғыстан кейін Жаңақорған ауданындағы совхозда күріш өсіруші болып жұмыс істеді. Екі мәрте Ленин орденімен және басқа да орден, медальдармен марапатталған. 2002 жылы дүние салады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылдың 3 қазанындағы қаулысы бойынша Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы, Аққорған ауылдық округіндегі қазақ орта мектебіне батырдың есімі беріледі. Жыл сайын Қызылорда облысында батырды еске алуға арналған күрестен жасөспірімдер арасында сайыс пен велосипед марафоны өтіп тұрады.
АЛЕКСАНДР РОМАНОВ. 1922 жылы 18 қаңтарда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Төменарық станциясында жұмысшылар отбасында дүниеге келген. 6 сыныпты орта мектепті бітірген. 1941 жылы Кеңес әскері қатарына шақыртылады. 1942 жылы Гомель әскери училищесін тәмамдайды. 1942 жылдың маусымында майданға аттанады.
Соғыс жылдарында лейтенант А.Романовтың ротасы 104 неміс жауынгерін жер жастандырып, 118-ін тұтқынға түсіруге ат салысты. Осы ұрыста Романовтың бір өзі 19 фашистті жер жастандырып, 15 көлік, 15 автомат, 9 станокты пулеметті қолға түсіреді. Берлин-Лихтенрад майданында Романовтың ротасы өздерінен күші басым жаудың алты кері шабуылына тойтарыс береді. 1945 жылдың көктемінде Романовтың ротасы Берлиннің шығыс жағында, ағып өтетін Тельтов каналын алғашқы болып өтіп, жаудың плацдармын басып алады. Осылайша кеңес әскерінің каналдан кедергісіз өтуіне жағдай жасады. 1945 жылдың 28 сәуірінде жеңіс күніне бірнеше күн қалғанда Берлин көшесінде болған қиян-кескі ұрыста ерлікпен қаза табады. Отанға шексіз берілгендігі, ерекше ерлігі мен батылдығы үшін лейтенант А.Романовқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылдың 27 маусымындағы жарлығы бойынша Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Берлин қаласында жерленген. Төменарықтағы өзі оқыған № 53 орта мектепке А.Романовтың есімі берілді. Мектепте батырға арнаулы бұрыш ұйымдастырылған.

Танкист АЙТМАҒАНБЕТ НАҚИПОВ (1924–1998 ж.ж.) 1-Украина майданындағы генерал-полковник П.Рыбалко басшылық еткен 3-гвардиялық танк армиясына қарасты 9-гвардиялық механикаландырылған корпустың 229 Проскуров-Берлин атындағы ерекше танк полкінде «Т-34» маркалы № 242526 танк экипажында көздеуші-атушы болды. Талай шайқасты жылдарды артқа тастап, 1945 жылы 23 сәуір күні таңертең Айтмағанбет Нақипов қызмет еткен 229-шы жеке танк полкі қаланың шет аймағынан Берлинге басып кірді. Пулемет оқтаушы-атушысы А.Нақипов болған танк басты көшелердің біріне бірінші болып шықты. Дәл атқан снарядпен танк қарсылық көрсеткен жаудың талай атыс ұяларын жойды, бірақ Рейхстагтың іргесінде танкке снаряд тиді. Танк өртеніп, командирі лейтенант Минаев пен сержант Минаметдинов қаза тапты, жараланып, оққа күйген А.Нақипов госпитальға түсті… оның оқ тиген болат құрсаулы 242526 номерлі танкісі ерліктің символы ретінде Берлиндегі Рейхстаг тұғырына қойылды [3]. 1-дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен «Берлинді алғаны үшін», Тула, Орел, Киев, Прага қалаларын азат еткені үшін медальдардың иегері, атақты танкист Айтмағанбет Нақипов та Қазақ теледидары «Қаһарлы жылдар шежіресі» деген айдармен 1985 жылы «Қазақстан Ұлы Отан соғысында» атты жасалған көп сериялы бейнефильмнің 38-ші сериясында арнайы түсірілді.
Ұлы Отан соғысына ер азаматтармен қатар қыздар да өз еріктерімен майданға аттанды. Солардың бірі Жайылма ауылында туған — РАЗИЯ ЫСҚАҚОВА (1922–2011 ж.ж.). 1936 жылы жеті жылдық мектепті бітірген соң Шымкент қаласындағы медициналық училищені бітіріп, фельдшер мамандығын алады. Еңбек жолын ауылдан бастағалы отырған кезде Ұлы Отан соғысы басталады. Разия майданға өзі сұранып, 1941 жылдың қазан айында әскери фельдшер болып соғысқа аттанды. Ол кезде Разия Шәкенқызы он тоғыз жасар қыз еді.

Ол Украина майданында генерал-полковник П.Рыбалко қолбасшылық еткен атақты танк армиясының құрамындағы 55 танк бригадасында фельдшер боп жүріп, жауып тұрған қорғасын оқтың арасынан талай жаралыларды аман алып шықты. Фельдшер Рәзияның бір ерлігі жөнінде дәрігерлік қызмет бригадасының бастығы, майор Багусловский: — «Медицина қызметінің лейтенанты Ысқақова нағыз ерлік көрсетті. Ол жанып жатқан танктен батальон командирі Федоров пен оның экипажын алып шықты. Оның есебінде өлімнен аман қалған 4 экипаж мүшесі мен айқас алаңынан сүйреп алып шыққан жаралы 15 адамы бар, — дейді. — Бұл Сандомир шайқасында болған еді. Рәзияны кейде «Қазақстан Розасы, қазақтың гүлі» деп те атайтын. «Қазақтың бұл гүлінде он адамдық жігер бар» деп мақтан тұтатын. Рәзия 1942 жылы Сталинград қанды шайқасына қатысты. Ол лапылдап жанып жатқан танктердің арасында жер бауырлай жылжып жүріп, отқа күйіп жараланған 21 танкистке жедел дәрігерлік көмек беріп, командалық пунктке жөнелтеді. Ол соғыста бірнеше рет жараланды, бірақ жазылысымен майданға қайта оралады.
Рәзия Ысқақова Сталинградтан бастап Харьковты, Киевті, Варшаваны азат етуге қатысты. Құзғындар ұясы Берлинді алу шайқасында болды. Праганы азат етуде-де майдан ортасында жүрді. Ол осы шайқастарда қан кешіп жүріп, жаудың қарша бораған оғының арасынан тағы да 44 жаралы жауынгерге медициналық көмек көрсетіп, майдан шебінен ерлікпен алып шыққан. Ол басқа да көптеген жаралыларға қажет болғанда өзінің қанын құйған, ол соғыс жылдары барысында 400-ден аса жауынгерлерді ажалдан құтқарған.

Рәзия соғыс кезінде ерен ерліктері үшін Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің «Флорена Найтингейл» медалімен марапатталды. Үлкен апаттарда жаралылар мен ауруларға көмек көрсеткен, оларды ажалдан құтқарған, мейірімді жүрегімен қамқорлық жасаған медбикелер марапатталатын мұндай медальмен Ұлы Отан соғысы кезінде Кеңес Одағы бойынша 26 медбике, ал Қазақстаннан 3 фельдшер, соның бірі мейірімді жүрек иесі Рәзия Шәкенқызы Ысқақова марапатталды. Рәзия Ысқақова майдандағы ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Жауынгерлік ерлігі үшін» және басқа да медальдармен марапатталды. Соғыстың басынан аяғына дейін Рәзия Ысқақова 55-ші танк бригадасында болды. Осы танк бригадасының командирі генерал-полковник, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Давид Абрамович Драгунский соғыс аяқталған соң Рәзия Ысқақованың ерліктері жайлы «Роза — дочь казаха» деген повесть жазып бастырды. Рәзия Ысқақованың суреттері мен өмір жолдары жайлы және ерліктері туралы құжаттары Лондон мен Мәскеудегі, Көкшетау мен Шымкенттегі музейлерде және аудандағы тарихи-өлкетану музейіне қойылған. Соғыс жылдарында аудандық «Екпінді» газетінде тұрақты жарияланған «Жауынгерлік эпизодтар» айдарында майдан шебіндегі жауынгерлердің ерлік істері жайлы, ақпараттар жарық көрген. Лейтенант А.Рябковтың «Жауынгерлер жаудың шабуылын тойтарды», «Найза соққысының күші» атты хабарларда солтүстік-батыс майданындағы жағдайлар баяндалады.
Басқа да көптеген жаңақорғандық жауынгерлер жауға қарсы күресте оқ пен отқа оранып, ерлік пен майдан жолдарынан өтті. Жерімізді жаудан тазартып, Еуропа елдерін азат етіп, Берлинге дейін жетті. Жаңақорғандық Сапабек Мұсылманқұлов КСРО, АҚШ және Ұлыбританияның Үкімет басшылары (И. В. Сталин, Г. Трумэн, У.Черчилль) қатысқан Потсдам конференциясында (1945 ж) Құрметті күзетте тұрды. Ол соғыстағы ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», «Жауынгерлік Қызыл Ту», 1-дәрежелі Отан соғысы және Ленин ордендерімен марапатталған.

Майдан шайқастарында ерлік жолдарынан өткен Қызыл Жұлдыз, «Ұлы Отан соғысының" 1-дәрежелі ордендерімен марапатталған Әбіласан Әшірбеков, 1-дәрежелі „Ұлы Отан соғысы“ орденімен, 13 медальмен және Тәуелсіз еліміздің „Құрмет“ орденінің иегері Махметжан Сапарбаев, ІІ және ІІІ дәрежелі Даңқ ордендері мен 1-дәрежелі „Отан соғысы“ ордендерінің иегерлері Әбсемет Мәдиев пен Тұрғанбек Оспанов, қос „Қызыл Жұлдыз“ ордендерінің иегерлері: Бердібек Ертаев пен Тұрсынқожа Шалапов, „Қызыл Жұлдыз“, „Жауынгерлік ерлігі үшін“ ордендерінің иегері Тұрсынбек Исмайлов, „Қызыл Жұлдыз“ орденінің иегері Тілеу Тотаев, сондай-ақ ордендер мен бірнеше медальдардың иегерлері Әсен Құлымбетов, Әсілбек Қошқаров, Мәткәрім Досжанов, Үрзімат Мадиев, Ерман Әйтпенбетов, К.Бегдуалиев, ұшқыштар Ахметжан Байниязов, Абыдын Мұсабаев, Әбен Үржігітов, ұшқыштар бригадасында пулеметчик болған Нұрман Асанов, барлаушы Сейітхан Байдүйсенов, Тасан Әбенов, Темірбек Сатыбалдиев, Қожахмет Ауанов, Ергеш Сабырханов, Аханбай Балтабаев, Оразбек Қашқынов, Ұзақ Өтебеков, Нәжім Жамуров, Ерман Байзақов, Нәрзілда Қалилаев, Бектас Жүсіпов, Шамшудин Изотов, Алаш Жаппасов, Төребек Сапарбаев, Қаржау Өміров, Құдабай Наурызбаев, Шәймерден Сүйіндіков, Тастемір Тілеубергенов, Мақұлбек Қасымбеков, Жақанша Сәдуов, Балтабай Әлімбетов, т.б жаңақорғандық жауынгерлер болды.
Жаңақорғандықтар тек майдандарда ғана емес жау тылында да шайқасты. Елдің басқа халықтарымен бірге олар жау уақытша басып алған аумақтардағы партизандық қозғалысқа және Еуропа елдеріндегі Қарсыласу қозғалысына қатысушы жаңақорғандықтар фашистерге қарсы күресте батырлық пен ерлік үлгілерін көрсетті. Құттықожа ауылының тұрғыны Омар Тойымбетов 1943 жылдың аяғында Польша партизандар отрядында ерлікпен шайқасып, 1944 жылдың аяғында 8 гвардиялық армиясына қосылып, соғысты Германия жерінде аяқтады. Бұл жөнінде генерал-майорА. А. Петровтың „Всегда на чеку“ кітабының 162- бетінде " … В польских партизанских отрядах сражались Айдархан Ержанов ныне декан факультета и Омар Тойымбетов учитель Чилийского района Кызылординской области», — деп жазылған.

«1942 жылдың жазында Волга мен Дон өзендері арасында қанды қырғын соғыс жүріп жатты. Осындай шайқастардың бірінде жаңақорғандықтар Жүнәйдулла Оразқожаев, Күзенбай Исақұлов, Пірман Есжанов, Қалданбек Дүйсенбеков басқалармен қатар тұтқынға түсіп қалады. Фашисттер оларды басқа да тұтқындармен бірге Солтүстік Италияға айдады. Олар Ливорно қаласына жақын Тоскане деген жердегі концлагерьде болды. Осы кезде Италияда да партизан қозғалысы кең етек алып жатты. Әскери лагерде көрмеген қорлығы жоқ жаңақорғандық төрт жігіт сонда кездескен Сәлім Бақбергеновпен бірге тұтқыннан қашып, жергілікті халық көмегімен аты, аңызға айналған Италия бостандығы жолындағы күрескер Гаррибальдидің бригадасына қосылды. № 23-гарибалдилік «Грундо Боскалия» партизандар бригадасынының командирі «Дорджо»(лақап аты) және басқалар оларды туысқаны есепті қуана қарсы алып, «Русский взвод» бригадасына қосты. Партизандар жолды, көпірді бұзды, жаудың автоколоннасын қиратты. Фашистерден Тосконо қаласын азат етті. «Русский взвод» пен «Грундо Боскалия» партизандар бригадалары біріге отырып, бір айда жүзден астам фашисті тұтқынға алды. Жеңістен кейін жаңақорғандық төрт жауынгерді «Дорджо» (туған қыстағына апарып, сый-сияпат көрсетті. Соғыстан кейін олардың қолында «Дордж» деп қол қойылған алақандай қағаз сол күндердің бір естелігі ретінде ұзақ сақталды. Сол сияқты партизан отрядтарында Жолдас Жүнісов, «Қазақ тұтқыны» мемуарлық кітабының авторы Сүлеймен Бекенов, тағы басқа да жауынгерлер жау тылында ерлікпен шайқасты.
Жаңақорған ауданынан Ұлы Отан соғысына 4949 жауынгер аттанса, соның 2660-ы ғана елге оралып, 2289 боздақ майдан даласында қаза тапты. Оларға топырақ туған жерден жырақта бұйырды. Майданнан оралмаған жаңақорғандық жауынгерлер Жаңақорған ауданы бойынша «Боздақтар» кітабының 4-томына еніп, есімдері аудан орталығындағы «Тағзым» алаңындағы ескерткіш тақтаға қашалып жазылды. Қазақстанға белгілі академик, заң ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Сартаев өз қаржысымен 5 баласы бірдей майданнан оралмай қалған «Батыр Ана» Үміт Мұратбайқызына арнап «Үміт ана — арманда кеткен аналардың Анасы» деген атпен бойы үш метрлік ескерткіш салдырып, «Тағзым» алаңына орнатты. «Ешкім-де, ештеңе-де, ешқашан ұмытылмайды» — бұл халық даналығы. Кешегі соғыс жылдарындағы айбынды батырлық, жанқиярлық ерлік халық есінде мәңгілік сақталатыны даусыз.


САҒАТ ТАЙМАН, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті


08 қараша 2018 ж. 33 0

Ұқсас жаңалықтар:

Саясат

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
2627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области