Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Іңкәр көңіл

Іңкәр көңіл

Бегман Шәмшиев – кешегі алпысыншы жылдардан тоқсаныншы жылдардың екінші жартысына дейін еңбек жолын қарапайым есепшіден бастап, аудандық, облыстық деңгейлерде қаржы саласының білікті де білгір маманы ретінде жауапты лауазымдық қызметтер атқарып, ел игілігі мен ертеңі үшін ерен еңбек сіңірген Сыр саңлақтарының бірі саналады. Осы орайда зейнет демалысына шыққаннан кейін де ақтық демі үзілгенше қоғам өмірінен қол үзбей, халқына қалтқысыз қызмет етуден танбай өткен абзал азамат туралы еске алуды парыз санадық.
Жақсылар жақсымын деп айта алмайды,
Жамандар жақсымын деп айқайлайды.
Жүрген соң күнде көріп баурайында,
Таулардың биіктігі байқалмайды.
Ол рас, Бегман аға нақ сондай, осы жырда жазылғандай жақсы азамат еді. Ақырын жүріп, анық басты. Ешқашан оның біреуге дауыс көтеріп, өктемсіп сөйлегенін де немесе әлдекіммен жанжалдасып, артық-ауыс сөз айтып жатқанын да көрмеппін. Өзінің саналы өмірінде қаншама жандарға жақсылығын жасап, қамқорлығын көрсеткенін өзгелер ғана сыртынан ризалықпен тамсана айтып жататынын талай естідік. Адамдарға әйтеуір бір шарапатын тигізуге дайын тұратын. Оның үстіне кісіге мейірлене қарайтыны тағы бар-ды. Бекең сөйлесе де ағынан жарылып, ақтарыла сөйлейтін, күлсе де рахаттанып тұрып күлетін. Бәрі де ісі де, сөзі де, өзі де шынайы болатын. Сол шынайы күйінде өмірден өтті.
Бекең сол шынайылықтың шыңына жеткен адам-ау деп ойлаймын. Себебі, шынайылық дегеніміздің өзі жүректің тазалығы, арыңның адалдығы, көңілдің ақтығы мен пейілдің кеңдігі, өмірге деген құштарлық, ізгілікке деген іңкәрлік, міне, осының бәрі бір Бекеңнің бойынан табылатын. Неге десеңіз, оның тұлғасы зор, өзі бойшаң болғанымен, жүрегі өте нәзік жан еді. Сол жұдырықтай нәзік жүрегі махаббатқа толы болатын. Ол махаббат әкеге деген мәңгілік сағыныштан, анаға, жарға, перзентке деген, ел мен туған жерге деген сүйіспеншіліктен бастау алып жататын.
Айталық, егер Бекеңнің бойында сол махаббат дегеніңіз болмаса, облыс орталығындағы күллі аудандарды ұршықша үйіріп, дүркіреген дүрдей басқарманың білдей белді бөлімінің тізгінін ұстап тұрған, атағынан ат үркейтін қызметін тастап, сонау қиян түкпірдегі құмды ауыл «Қарғалысына» қайта оралып, директордың өзі де емес-ау, орынбасарлығына барар ма еді. Иә, ол Бекең болғандықтан ғана солай етті. Бәлкім, басқа біреу болса, «Берсеңдер, директорлықты беріңдер», деп шалқиып отырар ма еді. Бірақ, Бекең олай жасаған жоқ, оның елге, туған жерге деген махаббаты ештеңеге қаратпай, бәрін жеңіп шықты.
Бегман ағамның менен бір мүшел үлкендігіне қарамастан, екеуміздің әр кездескен сайын әңгімеміз жарасып, өткен-кеткеннен ой қозғап, сыр шертісіп отыратынымыз бар-ды. Әсіресе, зейнетті демалысына шығып, Алматыға, балаларының жанына көшіп келгелі тіпті жиі жүздесетін болғанбыз. Елде жүргенде Бекеңнің аудандағы санаулы саңлақ мамандардың бірі екенін, өз ісіне тастай мығым, білгір бухгалтерлердің қатарынан саналатынын басқа басқа емес, өзінің тікелей әріптестері тарапынан талай естігенім бар. Кешегі жетпісінші жылдары елде қызмет етіп жүрген кезімде колхоз-совхоздардың бухгалтерлері мен экономистері жыл аяғында ауданның ауыл шаруашылық басқармасына жылдық есептерін беріп, алдағы кезеңге жоспарларын жасап, орталықтағы қонақ үйге айлап қонып, есеп шоттарын күндіз-түні қағып, қағаздарынан бас алмай жататын.
Сонда Бегман Шәмшиев бастаған гиганттық Әділхан Бектегенов, үлгілілік Аманкелді Әбжамалов, қызылтулық Амантай Пірманов, телікөлдік Болат Байсейітов сынды есептен есе жібермейтін тісқаққан бухгалтерлер өз есептерін елден бұрын бітіріп, одан өзге шаруашылықтардағы әріптестеріне көмектесіп, облысқа барғанда да алдарына жан салмайтын. Кейін Бекеңнің өзін облыстық агроөнеркәсіп комитетіне ревизорлық қызметке шақырғанда да оның есепті бақайшағына дейін шағатын осы айрықша қарым-қабілеті мен тегеурін талантын ескеріп-бағаласа керек деп ойлаймын. Бірақ, облыс аудандарындағы ең күрмеуі қиын саналатын шаруашылықтарының есеп-қисабын тексеруге Бегман келді дегенше, ондағы кеуделеріне нан пісіп жүретін кейбір есепшілердің өздерінің естері шығып, қай жағымыздан ши шығып қалар деп бүгежектеп қалатынын сапарлас болған қызметтес достары жиі айтатын.
Әйткенмен, Бекең барған жерін жау шапқандай әбігерге салып, бекерден-бекер естен тандырып, текке берекесін алып жатпайтын. Әдетте жоғарыдан тексеріске келетіндердің көбіне алқымнан ала түсетін әпербақандықтарынан жүректері шайлығып қалғандарға ә дегеннен жылы қабақ танытып, оларды сабаларына түсіріп алып барып іске кірісетін. Кемшіліктері болса көзге шұқып, қабағын карс жаудырмай-ақ оның себеп-салдарын талдап, алдағы уақытта мұндай қателікті жібермеудің жолдарын түсіндіріп жататын. Ал, егер, әрине, есеп жұмысында қасақана бұрмалаушылықтарға жол берілген болса, ондай жолсыздықтар әділдіктің ала жібін аттамайтын Бекеңнің құрығынан құтылмайтын. Кейде мұнысы кейбір басшыларына жақпай қалып жатса да, адалдығынан танбайтын.
Өйткені, Бекең мансапты ешқашан мәртебе тұтқан емес. Көзін тырнап ашқаннан әкесін жалмаған қарғыс атқыр алапат соғыстың бар тақсыреті мен тауқыметін шеиттей балаларымен жесірлік қамытын киген анасымен бірге тартып, қаршадайынан қара жұмысқа жегілген. Анасы таңның атысы, күннің батысы үй бетін көрмей, колхоздың орағын орып, кетпенін шабуға кеткенде бұл әкесі Шәмші соғысқа аттанғанда іште қалып, ұзамай дүние есігін ашқан кіші інісі Аманбекке қарайтын. Жеті жасына жетпей Аманбекті жөргегіне салып, бесікке бөлеуді де білген. Кейде кішкентай бауыры қарны ашып, шырылдап жатқанда өзі де бірге жылап алатын. Кейінірек Аманбек тәй-тәй басып, жүгіре бастағанда оны көршінің балаларымен бірге қалдырып, он жасар өрім анасына ілесіп, колхоздың жұмысына да араласқан.
Сонда: «Күлбибі-ау, мына буыны қатып үлгірмеген балапаныңды неге әкелдің, обал емес пе?!», – деп ешкім де аяныш білдіріп, жанашырлық танытып жатпайтын. Өйткені, олардың қатарында Бегманның өзі ғұралпас, ес жиып үлгірмей жатып соғыс ерте есейткен, өзімен тағдырлас басқа да балалар болатын. Бұларды аяғанды айтасыз, қайта осылар аналарын аяп, белдері қиралаңдап жүріп, қолғабыс етуге келетін. Кейін соғыс бітіп, ел ес жиып, етек-жеңін түре бастағанда да әкесі майданнан оралмаған Бегманның жұмысы жеңілдеген жоқ. Жоғары сыныптас¬тарын Шиелідегі интернатта жатып, №45 қазақ орта мектебінде оқыған Бегман жазғы демалысқа шыққанда шілденің ыстығына қақталып жүріп шөп орып, анау Қаратаудың бөктеріндегі «Қарамұрыннан» есекпен отын тасып, қысқа дайындыққа алдын-ала кірісіп, бәрін үйіп қоятын. Сондағысы таңертеңнен кешке дейін бір тыным таппайтын байғұс анасын аяғандығынан оны үйдің бітпейтін шаруасына алаңдатқысы келмегендіктен ала жаздай алашапқынға түсетін.
Сөйтсек, осы аяушылық дегеннің өзі, айналып келгенде, анаға деген құрмет пен махаббаттың, сол ана сүтімен дарыған сүйіспеншілік сезімнің басы екен ғой. Сол сезім бірте-бірте аясын кеңейтіп, ұлғая келе жарға, балаға, туған жер мен елге деген махаббатқа ұласарын Бекең ол кезде қайдан біле қойсын. Өткен ғасырдың сол елуінші жылдарының басындағы шіліңгір шілденің соңына қарай әдеттегідей «Қарамұрыннан» есекке отын артып, қаталап келе жатқан Бегман «Еңбекші» ауылына жетер-жетпес жердегі құдықтан су тартып тұрған жас қызды көріп, солай қарай бұрылады. Жеңі қысқа жұқа көйлек киген, қою қара шашы тізесіне дейін төгілген сылыңғыр бойлы аққұба қыз да бұған аңтарылып қарай қалған. Құдық басына жетіп есегінен түскен Бегман: «Қарындас, маған су бересің бе?» – болды шөл қысып келе жатқан оның бар айтқаны. Бегман су толы шелекті басына көтеріп, сіміріп қалғанда оқыс қимылдан бетіне шалп етіп, омырауынан төмен қарай төгілген су алдының бәрін малмандай қылады.
Мұны көрген қыз мырс етіп күліп жібереді. Өзінің қолапайсыздық көрсеткеніне қысылып тұрған Бегманның өзі де күліп, сонан соң рахметін айтып, құдық басынан ұзай берген. Бір мезет көңілі әлденеге елеңдеп, артына бұрылып қараса, әлгі қыз бұдан көзін алмай әлі тұр екен. Жүрегі бүлк еткендей болған Бегман «Қап, атын да сұрамаппын-ау оның» деп ойлап бара жатты ішінен. Не керек, ертеңіне де, одан кейінгі күндері де сол жерден қанша өткенімен, әлгі жұмбақ қызды қайта кездестірудің сәті түспеген. Сөйтіп жүріп бұлар «Үлгіліге» көшкенде де сол кездеспей кеткен бір бейне ара-тұра қиял көгінен қылаң беріп қоятын.
Әйткенмен, майданнан оралмаған әкенің ойсыраған орнын қалай толтырып, жесірлік тақсыретін тартқан анама қалай қамқоршы болармын деп, жігіт болып қалғанын ойлауға да мұршасы келмей жүрген күндердің бірінде сол «Еңбекші» мектебінде директор қызметін атқаратын немере ағасы Тұтқабай Молдырайымов үйге келіп: «Әй Бегман, сен осы жасың жиырмаға келгенін білемісің өзің, мына шешеңнің қолын ұзартатын уақытың болды ғой. Соны білсең, біздің «Еңбекшіде» бұрын жоғарыдан көшіп келген Ортай дейтін тарақтының Айғанша деген қызы бар. Қолымызда оқыған, өзі көрікті, өзі ақылды. Соны арғы күні үйге келіп, жеңгеңмен бірге көріп қайт. Ұнатсаң, барып құда түсеміз», – деген. Аға екі айтпайды. Оның «ұнатсаң» деуінің өзі оқығандығы мен зиялылығын көрсеткені болатын.
Осы ұйғарыммен сол кездегі жеңгесі Бибіажар екеуі Айғанша қыздың жақын ағаларының бірінің үйіне барады. Қыздың жеңгесі де есебін тауып, оны сонда шақырса керек. Бегман жеңгесімен кіріп келгенде төргі бөлмеде жүрген Айғанша бұларға көзі түскен сәт біртүрлі аң-таң күйде қимылсыз тұрып қалып барып, іле есін жиып алғандай сәлемдескен мезіретімен үнсіз ғана бас иіп, әрі қарай өтіп кетеді. Сонда барып Бегман оның бұдан бес-алты жыл бұрын құдық басында көрген жұмбақ қызы екенін біліп, тағдырдың армандай болған аққуымен жолықтырғанына риза болып, жүрегі аттай тулап сала берген. Бірақ, мұнысын жеңгесінен бүгіп қалғанды жөн көріп, ұнайтындығын айтқан да қойған. Айғанша болса бұл жігітті баяғыда-ақ ұнатып қалып, содан бері ұмыта алмай жүргенін жеңгесіне жасырмай жайып салса керек.
Сөйтіп, екі жастың жүрегінде бұдан алты жыл бұрын лып етіп тұтанып, шырағдандай маздаған махаббат оты ойламаған жерден жалынға айналып шыға келгеніне екеуі де шексіз қуанышты еді. Бегман ағам өз басынан өткен өмірі мен осы бір оқиғаны Айғанша жеңгем қайтқаннан кейін көп ұзамай толқи отырып айтып, осыны қағазға түсірсем деген ниетін білдірген. Мен: «Аға, мұныңыз кейінгі ұрпағыңыз мақтан тұтар, қала берді халқыңыздың игілігіне айналар, тағылымы мол ғұмыр дастаны мен махаббат хикаясы болып қалар еді», – деп оны қуана құптағанмын. Бекең сырт көзге тым сыпайы, сөзге сараң, барынша байсалды көрінгенімен, өмірде өте ақжарқын, баладай қиялшыл, жақсыны жақын тұтып, жатты да жатсынбайтын, кеудесі арманға толы жан болатын.
Әрине, бұдан жиырма жыл бұрын, пайғамбар жасына келгенде Айғанша жеңгемнен айырылу оған оңай тимегені анық. Бірақ, бұл ауыр қайғы оның қабырғасын қайыстырып, көңілін күйретіп кеткенімен, ол құлаған жоқ. Сонау тоқсаныншы жылдардан бері інісі Арыстанбек Молдырайымовпен бірге халықты жаппай қырып жоятын ядролық жарылысқа қарсы Олжас Сүлейменов бастаған «Невада-Семей» халықаралық қозғалысының талай жиынына қатысып, азаматтық үн қосуды парыз тұтқан Бекең өз ұстанымынан айнымай, қоғам өміріне белсене араласуын тоқтатқан жоқ. Оның үстіне әулетінің де әуелетін, отбасының да ертеңін ойлап, күйгелектікке салынбай, бойын тіктеп, тізгінді қайта қолға алған. Міне, осы мақсатта ол жар алдындағы парызын өтеп, жылын өткізгеннен кейін ұлдары мен келіндері қаншалықты оның асты-үстіне түсіп, қызметін жасап баққанымен, олардың қабағы мен тамағына қарап қалмай, қартайғанда шер тарқатысып, қауқар көрсетер қасында сенімді серік болғанын қалаған. Бұған ұлдары – Алматыда кәсіпкерлікпен айналысып жүрген тұңғышы Бақдәулет те, «Эйр Астана» авиакомпаниясының Қытай мен Моңғолиядағы өкілдігінің аймақтық бас менеджері Ердәулет те, кенжесі заңгер Рысдәулет те түсіністікпен қарап, ағайындары осы күнгі жеңгемізді әкеліп таныстырғанда жүзінен нұр төгіліп тұрған, көңіліне көркі сай Гүлсараны көріп, екеуі де бір-бірін қалап, отау құруға ұйғарысқан. Ұзамай Рысдәулетінің қызметі Қызылордаға ауысқанда бұлар да олармен бірге елге қоныс аударған. Бұрын да тағдырдың жазуымен құдай қосқан қосағынан айырылып, өмірдің ащы-тұщысын көрген Гүлсара жеңгемізбен Бекең бақытты-ақ еді. Гүлсара ағайынның да, балалар мен келіндердің де көңілінен шығып, Бекең айықпас дертке ұшырағанда да ауруының барлық азабын бөлісіп, жаны қалмай, барынша аялап күтім жасады. Бірақ, сегіз жыл ішшай деспей, бірге бақытты ғұмыр кешкен жарының туралап келген ажалына ара тұра алмаса, оған не уәж айтарсыз. Атасына рахмет.
Кейін кенже ұлы Рысдәулеттен: «Ағаның артында қалған ғұмырнамалық жазбалары бар шығар?», – деп сұрағанымда өмірбаяны туралы өз қолымен жазылған бірер беттік қолтаңбасынан өзге ештеңе таба алмағандарын айтты. Кім білсін, шешуші сәтіне келгенде өз өмірінің терең қатпарлары мен нәзік жүрегінің тылсым сырларын құпия күйінде өзімен бірге ала кеткенді жөн деп санады ма екен?! Ол жағы бір Аллаға ғана аян.
Бекеңнің туған інісі Аманбек ағаның: «Соңғы келгенімде екеуміз көшені жаяу аралап, сырласып біраз жүрдік. Бір мезет жанымыздан өтіп бара жатқан жас қызға: «Қалқам, мынаны алып, анау терминалдан маған ақша әкеліп бере қойшы?» – деп оның көлемін айтып, төлем карточкасын қолына ұстатты. Бір мезет әлгі қыз ақшаны әкеліп берді де кетіп қалды. Бекең ол кеткен соң ақшаны санап көрді де: «Үш мың теңгесін алып қалыпты. Жарайды, мұқтаж болған шығар», – деді де қойды. Маған Бекең далаға кеткен ақшасына күйінудің орнына әлгі қыздың жағдайын ойлап, соған жаны ашып тұрғандай көрінді. Сол жолы-ақ сырқаты жанына батып жүрген ағам онысын маған сездіргісі келмепті. Ой, жарықтық-ай, соншалықты төзімді еді ғой...» – деген сөзінен-ақ Бегман ағаның үлкен жүректі азамат болғанын, өмірден тектілігі мен ізгілікке іңкәрлігінен танбай өткенін аңғарар едік.


Мұрат КҮЛІМБЕТ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.

08 қараша 2018 ж. 12 0

Саясат

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
2627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области