Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДА

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДА


    Бүгін Қызылорда қаласында «Халықаралық ынтымақтастықты дамыту» тақырыбында ІХ «Baikonyr Invest» инвестициялық форумы жұмысын бастады.
    Аталған шара екі күнге созылады. Форум жұмысы пленарлық отырыстан және 5 секциядан тұрады. Оның бірі «Туған жерге тағзым» тақырыбында өтеді. Оған Сыр өңірінің түлектері, еліміздің өзге аймақтарында қызмет ететін іскер азаматтар қатысады. Қалған 4 секцияның жұмысы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
    Бұл шараға Ресей, ҚХР, Өзбекстан және Иранның делегациялары қатысады. Сонымен бірге, Түркия, Оңтүстік Корея, Малайзия елдерінен де қонақтар келді.
    Форумның мақсаты – өңір кәсіпкерлеріне шетелдік және отандық инвесторлармен өзара серіктестік орнатуға ықпал жасау, инвестициялық жобаларды іске асыру үшін бизнес, білім және ғылым өкілдерін біріктіру. Экономиканы әртараптандандыру мақсатында маңызды экономикалық бастамаларды дамыту болып табылады.
    Шара барысында облыстың инвестициялық жобаларына арналған көрме ұйымдастырылады. Сондай-ақ, Ресей, Иран, Қытай, Өзбекстан елдерімен ынтымақтастық аясындағы шаралар қаралады.
    Бұл тұрғыдан келгенде инвестициялық форумның берері көп. Мәселен, Байқоңыр қаласының дамуына Қазақстан секілді Ресей де мүдделі. Жұлдызды қала саналатын ғарыш қақпасындағы тіршіліктің жаңғырып, жандана түсуіне осы шаралардың да септігі тиері анық. Ауыл шаруашылығы өнімдеріміздің бірқатары осы елге шығарылады. Биылдың өзінде бұл елге 100 тоннадан аса көкөніс пен 6000 тоннаға жуық бақша өнімдері экспортталды. Бүгінде Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастық пен тиімді серіктестіктің арқасында аймақ мектептерінің 452 түлегі Мәскеу мен Санкт-Петербургтің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алып жатқаны белгілі. Жақында Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы елшілігінің ғимаратында Қызылорда облысының әкімдігі М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетімен және басқа да жетекші техникалық жоғары оқу орындары – «МИСиС» Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеу университеті, И.М.Губкин атындағы Ресей Мемлекеттік мұнай және газ университеті, К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу аграрлық академиясы, Ресей мемлекеттік аграрлық университеті және Санкт-Петербургтегі өнеркәсіптік технологиялар мен дизайн мемлекеттік университеттерімен меморандумға қол қойылды.
    Қытай және Өзбекстан елдерімен де қарым-қатынасымыз жандана түсті. Оны дүйім жұрт жақсы біледі. Сонда да Шиелі ауданындағы томпонажды цемент өндіру зауыты мен Қызылорда қаласындағы шыны зауытының құрылысы қарқын алғанын айтып, аймағымызға қатысты жаңалықтармен бөліскенді жөн көрдік. Ал, Иранның жайы мүлде бөлек. Бұлай дейтін себебіміз, жуырда облыс делегациясы Иран Ислам Республикасының Мазандаран, Гүлістан провинцияларына жұмыс сапармен барып қайтқан болатын. Сапар барысында сол елдің кәсіпкерлерімен ирандық күріш сорттарын аймақта өндіруді қаржыландыру және өндірген өнімді түгел Иранға экспорттау жөнінде келісімге келді. Биыл күріштің алғашқы 60 тоннасы Иранға экспортқа жіберілетін болса, алдағы жылдары ирандық күріш сорттарын 5 мың гектарға жеткізу көзделуде. Бұл елге қойдың да экспортталып жатқанын айта кеткен жөн.
    Форум барысында инвестиция талап ететін жобалар көрмесі мен В2В, G2B, G2G кездесулер ұйымдастырылып, бірқатар меморандумдарға қол қойылмақ. Сондай-ақ, пленарлық отырыс нәтижесінде облыс әкімдігі мен түркиялық «Yildizlar SSS Holding» компаниясы арасында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі келісім көзделіп отыр. Сонымен бірге, «Байқоңыр» ӘӘК»ҰК» АҚ мен «Yildizlar SSS Holding» компаниясы арасында құрылтайшылық келісімге және облыс әкімдігі мен қытайлық «Xinjiang Bo Bao Trading Co» компаниясы арасында Қызылорда қаласының сол жағалауында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі меморандумға қол қойылады деп күтілуде.
    Жалпы, форумнан күтеріміз көп.
    Азиз БАТЫРБЕКОВ, «Сыр бойы».

15 қараша 2017 ж. 181 0

Саясат

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области