Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » СОЛ ЖАҒАЛАУ – БОЛАШАҚ ҚАЛА

СОЛ ЖАҒАЛАУ – БОЛАШАҚ ҚАЛА


    Соңғы жылдары Қызылорда қаласын перспективалық дамыту бағытында көптеген жобалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Ғ.Мұратбаев көшесі басынан Сырдария өзені үстіне салынып жатқан көпір мен құрылысы биыл басталған айналма жол. Дария жағасында салынған айналма жол таяу күндері қалалықтар мен қала қонақтарының игілігіне берілсе, бізді жаңа қаламен байланыстыратын дәнекер-көпірдің құрылысы алдағы қараша айында аяқталады.
    Кез келген мемлекеттің өзен бойына орналасқан қалалары өзіндік кескін-келбетімен, көзтартар сәулеттілігімен ерекшеленеді. Екі жүз жылдық тарихы бар Қызылорда қаласы әу бастан дарияның оң жағалауын бойлай салынған. Сол себепті Сырдария секілді ірі су артериясының ­микроклиматын, яки, ұлы өзеннің табиғи әсемдігі мен тартымдылығын облыс орталығының сәулеттік келбетін қалыптастыруға пайдалана алма­дық. Енді бұл олқылықтың орнын Қызылорда қаласының бас жоспары толтырмақ. «Біз Астананың үлгісі бойынша өзеннің сол жақ жағалауын игеру арқылы жаңа қала саламыз», деген еді облыс әкімі инвестициялық форумда. Иә, Қызылорда қаласы болашақта елорда сияқты оң және сол жағалау болып екіге бөлінеді. Аталған жобада Сырдарияның Есіл өзені сияқты табиғи тартымдылығы ескерілген. Алдағы жылдан бастап облыс орталығының перспективалық дамуы дарияның сол жағалауында жүзеге асырылатын болады.
    «Мостоотряд-25» компаниясы жүргізіп жатқан құны 6 млрд теңгеге жуық көпір құрылысы осы қараша айында ел игілігіне беріледі. Ұзындығы – 387 метр, ал ені 22,4 метрді құрайтын нысан құрылысы біткенде ұлы дарияның сол жақ бөлігін игеру басталады. Онда қаланың жаңа әкімшілік орталығын қалыптастыру қарастырылған. Аумағы 1532 гектар болатын жаңа қалада 3 млн шаршы метрді құрайтын тұрғын үй кешені орналасады. Бұл 2025 жылға дейін 50 мыңнан астам адамды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жоба аясында 16 мектеп, 12 балабақша және 4 денсаулық сақтау мекемесі, 15 мың көрерменге арналған стадион және тағы басқа нысандардың құрылыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Айта кетейік, мұнда 5, 9 және 12 қабатты құрайтын тұрғын үй кешендері бой көтереді. Қаланы салушылар архитектураның шығыстық стиліне тоқ­талыпты.
    Сол жағалау бөлігінде жаяу жүргіншілерге арналған бульварлар, субұрқақтар мен жасыл аймақтар, мейрамханалар желісін салу көзделіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, мұндағы жаңа қала барлық озық талаптарға сай келеді. Орайлы тұста Азия даму Банкі Қызылорда қаласының сол жағалауын дамытуға қажетті инженерлік инфрақұрылым, тұрғын үй және әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды салу жобаларына қаржы құймақшы. Аталған банк бұл жобаны «ақылды» қаланы дамытуға бағытталған инфрақұрылымдық кешенді бағдарлама ретінде іске асыруға ниеттеніп отыр.
    Келешекте сол жағалау толықтай игерілгенде жаңа мекенге 150 мың адамды қоныс­тандыру жоспарланған. Бұл жобаға қоса, бас жоспарға сәйкес Сұлтан Бейбарыс көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі аралықта Сырдария өзенінің бойында ұзындығы 7 шақырымды құрайтын айналма жол салынуда. Алдағы уақытта осы жолды жағалай көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.
    Сонымен, бірегей жоба сәтімен жүзеге асқан кезде Сырдың бас қаласы жаңаша келбетке ие болады. Ал ең бастысы, қаланың аумағы кеңеюімен қатар, оның экономикалық дамуы да қарыштап алға басады.    
    Дәуіржан ЕЛУБАЕВ, «СБ»

15 қараша 2017 ж. 256 0

Саясат

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области