Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » АУЛАСЫ БАУ-БАҚША

АУЛАСЫ БАУ-БАҚША


    Ауыл қызы Гүлнәр бір кездері өрісі малға толған, сыңсыған жиде мен жусан иісі бұрқыраған «Иіркөл» туралы әңгімелеп отыр.
    – Ол кезде ауыл жағалай көл еді. Қаз қонып, үйрек ұшқан, әуеде жарыса шуылдаған ақ шағала есімнен кетпейді. Сол уақыт қазір аңыз секілді. Дүниеге келгенде баланың кенжесі болып ата-ананы қуантқан 1952 жыл болатын. Орта мектепті бітірмей жатып, әкем Кәрібай, анам Болтай дүниеден өтіп кетті. Содан мені отбасының үлкендері Гүлбаршын, Мұсағали, Гүлмахиралар еркелетіп өсірді. Әке мен ананың орнын білдірмей ержеткізді. Тағдыр тауқыметі тағы да кезікті. Жеті ағайынды едім, содан қалған қазір апайым Гүлбаршын екеуміз ғана. Гүлбарам, Мырзағали, Мұсағали, Назым, Гүлмахиралар бірінен соң бірі пәни дүниеге аттанып кетті. Не істеу керек?
    Гүлнәр іркілген жасты орамалымен сүртіп, тағы да сыр ағытты. «Орта мектепті бітіріп, институттың физматына түстім. Мамандық алып, туған жерім – Қармақшыдағы «Иіркөлге» оралдым. Жастарды қанаттандырып ұшырып жаттық. Шіркін, ауыл, жастық шақ!» Кейіпкерім әңгімесін одан әрі жалғастыра берді.
    «Тағдыр қиындығы басқа түскенде Қызылордадағы үлкен апайым Гүлмахира қаладағы Гагарин атындағы мектепті бітіргенше қамқор құшағын ашты. Ата-анамның жоқтығын білдіртпеді. Институт бітіріп, өмірге жолдама алғанша ықыласын төгумен болды. Отау құрған сәттегі еңбегі әлі есімнен кетпейді. Шіркін, бауыр-ай?!»
    Әлі есімде ауыл қызы Гүлнәр Кәрібайқызы «Қармақшы» кеңшарындағы мектепте ұстаздық жолын одан әрі жалғастырды. Кеңшардағы зоотехник жігіт Орынбектің әскери борышын өтеп, ауылға келген беті еді. Гүлнәрмен сырластығы, сыйластығы жарасып, отау құрды. Ауыл болып дүркіретіп жастар тойын өткізді. Уақыт шіркін қандай жүйрік еді? Гүлнұр, Ақылбек, Айжан, Нұрболат атты сәбилер дүниеге келіп, әулет шаңырағы биіктей түсті. Перзенттері мектеп табалдырығын аттады. Институтқа түсті. Қазір Гүлнұры – экономист, Айжан мен Ақылбек институтта ұстаз. Ал Айжан – философия магистрі, Нұрболат – кәсіпкер.
    2000 жылдың ортасында Орынбек пен Гүлнәр ауылдан қалаға көшетін болды. Елмен қимай қоштасты. Неге? Ұл-қыздары қаладан мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Енді ата-ана олардың қасында болуға ұйғарым жасап, «Қармақшы» кеңшарынан қалаға қоныс аударды. Отбасын әуелде үй жағы қинады. Орынбек қаладан жер алып, үй салуға бел буды. Ауылда машина тілін меңгерген, зоотехник-шофер өзінің жекеменшік «Газигін» жүйткітіп, тас тасыды, түн ұйқысын төрт бөліп ерлі-зайыптылар 5 бөлмелі үйдің шаңырағын көтерді. Қиындыққа төтеп берді. Жетпейтін дүние емес пе, отбасы болып кесек құйды, су тасыды, үй төбесіне топырақ үйіп, лай жасады.
    Қаланың Астана даңғылымен жалғасқан «Сәулет» көшесінен бой көтерген жаңа қоныстың иелері көрші-қолаңды осылайша еңбектерімен таңырқатты. Асылы, ауыл адамдары қиындыққа төзімді ғой. Қас-қағым сәтте қиындық серпіліп, жаңа үйдің шаңырағында оттың маздағанын көрші-қолаңдар қуанышты той-думанды бірге өткізіп жатты. Жас шаңырақтағы Айбарыс, Бейбарыс атты немерелерінің тұсауын кесіп, сүндет тойын бірге қызықтағандарына біз де куәгерміз.
    Отбасының қамқоры Орынбек Өткелбаев ұзақ жыл «Қармақшы» кеңшарында зоотехник, ауыл әкімі болған азамат еді. Былтыр 2-3 күн сырқаттанып, пәни дүниеге аттанып жүре берді. Айта беретін бауыр кеселіне ұшырағанын кейін білдік. Қазір Орынбектің жұбайы Гүлнәр Кәрібайқызы ерінің орнын жоқтатпай, дүниеден өткен күні мен туған күндерінде, еске алумен келеді. «Белкөлдегі» зиратқа жұма сайын отбасы болып, құран бағыштайды.
    Біз Астана даңғылымен жалғасқан «Сәулет» көшесіндегі жасыл желекке оранған үйге жиі бет бұрамыз. Аулаға кірген бойда сан алуан жеміс ағаштары таңырқатады. Ауыл қызы, зейнеткер-ұстазды көршілері білгір бағбан атайды. Енді осы бағбандық жайынан сәл-пәл әңгіме қозғасақ, артықтық етпес. «Біздің ауланың көлемі – 10 сотық жер. Мен атшаптырым жері бар кей ағайындардың ауласында бір тал өспей тұрғанына, соны құнттамайтынына аң-таң күйдемін» деді Гүлнәр Кәрібайқызы.
    Иә, Гүлнәрдің ауласы бізді одан әрі таңырқата берді. Неге? Он сотық жер шахмат тақтасындай, әр тақтаға су түтікшелері орнатылған. Бірінде жүзім, өрік, алма, екінші тақтада помидор, қысқасы, көкөністің барлық түрі өсіп тұр. «Бар ырзық – ауламызда. Біз кейбіреулер секілді базарға барып, көкөністен сауда жасамаймыз. Осы он сотық жерден дастарханға төгілуде», – дейді Гүлнәр.
    Бұған қоса, аулада сауын сиыр, бордақыға қойылған уақ мал бар. Дастарқаннан айран-қатық, құрт, сарымай үзілмейді. Бәрінің ақылшысы осы бағбан Гүлнәр. Жасыл желек оранған ауладан сыртқа шықтық. Қақпа сыртындағы орындықта отырған кісіге жолықтық. Сөйтсек, Гүлнәрдің әлгі он сотық жерінің бір қабырғасындағы монша күн құрғатпай тұрғындарға қызмет көрсететінін білдік, сүйсіндік.
    Ауылдан қалаға көшіп келген Гүлнәр Кәрібайқызының осындай өнегелі ісіне сүйсінбей болмайды. Алақандай ауласынан ырзық-несібесін теріп, отбасы бюджетін үнемдеуге жол ашқаны қуантады. Бұл атшаптырым жерді иемденіп, шаңдатып отырған кейбір жандарға қозғау салса, кәнеки?!
    Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, «СБ».

13 қараша 2017 ж. 158 0

Саясат

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области