Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » АТЫМТАЙ ЖОМАРТ АТАНҒАН АЗАМАТ

АТЫМТАЙ ЖОМАРТ АТАНҒАН АЗАМАТ


Сырдың күрең топырағында туып, еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы қызмет атқарып жүрген азаматтар қаншама? Бірі шетелде болса, енді бірі атамекенде туған жерді түлетуге атсалысып келеді. Бәрінің де биік мақсаты, асыл мұраты – туған жердің қадір-қасиетін арттыру, Отанымыздың экономикасының дамуына үлес қосу. Сондай іскер азаматтың бірі – қазалылық Мерей Есқожаев.
Дана қазақта «Атына заты, ақылына көркі сай» деген тәмсіл бар. Астарында терең мән жатқан осы бір аталы сөз жомарт жүректің иесі – Мерей Бердібайұлына арнап айтылғандай. Бүгінде кәсібінен береке тауып, халықтың алғысын арқалаған Мерей кәсіпкерлік саласына осыдан 20 жыл бұрын қадам басты.
Күріш егумен айналысатын қожалықтарға қаржылай инвестиция салып, есебіне қара күрішті шикізат ретінде алып, оны ақтап, ақ күріш күйінде сатты. Шыққан өнім сапалы және таза болу үшін, 2007 жылы Қазалы қаласындағы бұрынғы “Автобаза” орнын күрделі жөндеуден өткізіп, күріш ақтайтын зауыт қойды. Зауыттан шыққан ақ күрішті еліміздің түкпір-түкпіріне және ТМД елдеріне экспорттады. Зауытта 30 жұмысшы бар.
Қазір Мерей Қожабақы ауылындағы 50 жұмысшысы бар «Агро-Өркен» серіктестігінің инвесторы. Серіктестікті қажетті барлық техникамен қамтамасыз етіп отыр. Қожабақы халқының басым көпшілігін жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер егіншілердің еңбегін ерекше бағалайды.
Қырманды жайқалтып, қамбаны дәнге толтыруға білек сыбана кірісетін дихандардан көмегін аяған емес. Әрбір жұмыскер мен қызметкердің туған күні, мереке күндері, мерейтой сәттерінде сыйақылармен қуантып, мерейлерін үстем етіп отырады. Мәселе сыйдың көлемінде, құнында емес, берген адамның шынайы көңілінде. Бұл орайда Мерейдің шын ықыласы, кең пейілі бірінші кезекке шығады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» демей ме? Кәсіпкерден біреуге қамқорлық танытқан сәттерін, мұқтажға көрсеткен көмегін сұрай қалғанда «Оны жұртқа жариялап қайтеміз» деген жауабынан-ақ мақтауды құп көрмейтіндігін байқаймыз. 
Алайда, Мерейді мақтайтындар жетерлік. Жастар «Мерей аға біздің жанашырымыз» десе, мешіт имамдары да Мерейдің мейірімділігін сөз етеді. Аудан көлемінде атқарылатын айтулы шаралардың өз деңгейінде өтуіне атсалысқан азаматтар қатарыннан да Есқожаевтың есімі ерекше аталады. Қожабақы ауылына бара қалсаңыз, «Мерей берген машинаны мініп жүрмін» деп тұрғындар ағынан жарылады. 
Халқыма болсын деп жүрген ер жігіттің еңбегін елі ескеріп, марапат, құрмет көрсетіп келеді.  2007 жылы Мерей Есқожаев «Ауыл шаруашылығы саласындағы үздік кәсіпкер» атанды. Әр жылдардағы облыс әкімдерінің қолынан «Диплом», «Құрмет грамотасын» алды.
2012 жылы «Өнім өндіру және өңдеу саласындағы үздік кәсіпкер» атағы Бердібайұлына бұйырды. Сыр өңірінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін облыс әкімінің «Алғыс хатын» иеленді. Осы жылдан бастап, жыл сайын ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, ауылшаруашылығы саласындағы өнім өндіру, өңдеу қызметі мен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан белсенді жұмысы үшін «Өнім өңдеу саласындағы үздік кәсіпкер» номинациясын бірнеше дүркін жеңіп алды. 2016 жылы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төс белгісі III дәрежелі «Еңбек Даңқы», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен наградталды. Қазалы ауданының жастары «Жастар жанашыры» атағын берді.
«Ең алғаш Қожабақы ауылына келіп, жер жыртып жұмыс бастаған кезімізде «Бұл жерлерге егін түгілі, арам шөп шығуы қиын» деген сөз естідік. Тоқырау жылдары, қиын-қыстау кезең еді. Бірақ жастық жігер, жұмысқа деген ынта-ықылас жоғары болды. Ешкімнің сөзіне құлақ аспай, кірісіп кеттік. Қиындықтар да аз болмады. Қазір шүкір дейміз, көп жылдық маңдай тер уақыт ілгері озған сайын өз жемісін беріп келеді». Қожабақы ауылының тыныс-тіршілігіне көмектесіп, балалардың жазғы лагеріне және ардагерлердің демалыс орнына баруына, тұрғындарды аяқ сумен қамтамасыз етуге және де басқа әлеуметтік жағдайларына қолымнан келгенше қаржылай көмегімді беріп отырамын. «Агро-Өркен»серіктестігінде 23 техника бар, оларға уақытылы жөндеу жұмыстары жасалып тұрады», – дейді кәсіпкер.
«Еңбектің наны тәтті». Бұл сөздің мағынасын агроөркендік мамандар жақсы біледі. Басшыларының еңбекті бағалайалатын байыптылығы мен жомарттығына олар дән риза. Қазіргі уақытта «Агро-Өркен» ЖШС 1000 гектар жерге күріш, дақылын егіп, күтіп-баптауда. Егінгі орақ түсетін күн де алыс емес.
Туған жер – әр адамның түпқазығы, рухының бесігі. Осы алтын бесіктің қадірі мен қасиетін аспандатқан іскер жігітке біз де мерейің үстем болсын дейміз. 
Қазалы ауданы
16 қыркүйек 2018 ж. 26 0

Саясат

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области