Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ДӘМ ТАТУДЫҢ ӘДЕБІ

ДӘМ ТАТУДЫҢ ӘДЕБІ

Адам өмірінде астың маңызы ерекше. Оны тіршіліктің қайнар көзіне балаған. Қазақ атамыз: «Ас – адамның арқауы», «Арпа бидай ас екен, алтын-күміс тас екен», - деп ас-тағамды айрықша қадірлеген.
«Бір күн аш қалған адамнан қырық күн ақыл сұрама», «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды», – деп те аш адамнан ынсап, ақыл қашатынын қағытып өткен.
Әсілінде, қазақтай кемеңгер халықтың даналығын, ата-бабамыздың салт-дәстүрін бағалап жүрміз бе?
Ас ішудің де өзіндік тәртібімен қоса, тәрбиесі бар. Үйге қонақ келгенде құрақ ұшып, дастархан қамдайтыны, ханның да, қараның да алдына ұсынған астан міндетті түрде дәм ауыз тиюі – қазақтың қанына сіңген қасиет. Дәмнен бас тарту, мұрын тыжырайту – тәрбиесіздіктің белгісі.
Дана халқымыз: «таңертеңгі асты тастама, кешкі асқа қарама» деп астарлы ой айтқан. Қандай да бір шұғыл шаруасы шығып тұрса да таңғы асын тастамаған. Тым болмағанда ауыз тиген. Керісінше, кешкі асты күтіп отырмаған. Ол кезде қазіргідей қоғамдық орыннан ас іше салу үрдісі болмаған. Кешкі асқа қарағанда, таңертеңгі асқа барынша мән берілген. Неге? Ырым-тыйымның астарында қандай сыр жатыр, шешіп көруге тырысайық.
Таңғы асты тастамай толық ішкен адам – алда кездесер қиындыққа төтеп бере алады. Ұрпақтың денсаулығы артып, күш-қуаты көбейеді. Көптеген ауру-сырқаудан аман өтіп, саламатты өсіп-жетіледі. Ондай жеткіншектің санасы зерек те зерделі болмақ.
Ал, кешкі асқа қарамаудың басты себебі – іңірде ер адам үшін шаруаның тығыны ашылады. Асты күтіп отырғанда қаншама шаруа мен ат-көлік жайғалмай қалады. Мұндайды қазекем: «Үш жылдығын ойламаған – еркектен без, үш күндігін ойламаған – әйелден без» деп қам-қарекетсіздікті мінейді.
Асқа аузының суы құрып, ындыны кепкен еркектің діттеген жеріне жете алмай, айдалада адасып қалуы ғажап емес. Кешкі асқа қарамаудың басқа да себебі бар.
Мәселен, ол ғылымда нақты дәлелденген. Кешкі асқа тойып ұйықтаған адамның асқазаны бұзылады. Ас қорыту жүйесі нашарлап, ағзаның түрлі ауруға қарсылық қуаты әлсірейді. Семіздікке шалдығып, қан айналымы мен зат алмасуы төмендейді. Тіпті, есте сақтау қабілетіне де айтарлықтай әсер етеді.
Міне, таңғы асты тастамаудың, кешкі асқа қарамаудың – құпиясы осы.
Ас ішудің де біз біле бермейтін осындай астары бар екенін біле жүріңіздер.

Сәрсенкүл АҚКІСІ,
Қармақшы ауданы



11 тамыз 2018 ж. 17 0

Саясат

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области