Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік

БАУЫРЛАР

Шырғалаңы көп өмірде өзі көтерген шағын шаңырақтың қамын күйттеп жүрген қамқор әке кенет өмірден озды. Құдай қосқан қосағы мен артындағы қалған алтын асықтай ұл-қыздарға бұдан артық қандай қасірет болсын?! Тәңір басқа салған соң осы бір сынаққа төзіп әлек. Сол әулетте өмірге келген перзенттердің ішіндегі ең үлкені Жүсіпке сол күннен бастап салмақ түсерін ол да сезінбеген-ді. Алайда, тарқатуға келмес өмір иірімі әр пендеге әрқалай сынақ беріп әлек. «Ауылдағы 11 жылдық мектепті бітірдім, енді асқақ арманым мен биік мақсаттарымды білім қуу арқылы, үлкен қалада жүзеге асырсам ғой»,-деген жасөспірім Жүсіп, сол күннен бастап өмірінің арнасы басқа бағытқа бұрыларын білмеген еді. Тағдыр жолы осыншама ауыр болар ма?! Қапияда көз жұмған әке орнына әке, анасы мен бауырларына қамқор болу енді осы қарғадай балаға салмағы ауыр жүк болып тұрғандай. Жүсіп әкесі өмірден озған соң, мүлдем өзгеріп кетті. Әдетте ауыл балаларымен қосылып көңіл көтеруде күн құрғатпайтын бозбала азғантай уақыттың ішінде ақыл тоқтатқан аға буынға айналып үлгерді. Ізінен ерген іні-қарындастарының қамын ойлауды ол өзіне әкеден қалған аманат ретінде қабылдады. Осылайша, асқақ арманның иесі, биік мақсаттың басты кейіпкері әкеден қалған азын-аулақ мал-тегеге ие болып, ауылда қала берді.
Тірі адамға Тәңірдің тарту етер сыйы таусылған ба?! Күйбең тірлікпен күндер өтіп жатты. Жүсіптің ізінен ерген қаралары оқу оқып, білім қуамыз деп қалаға кетіп жатты. Бұл шаруалардың басы-қасында әдетте Жүсіп жүрді. Солардың оқу ақысы мен қажетін өтеуде қара басына түскен ауырлықтың әйтеуір бір күні қайыры боларын сезетіндей. Өмір өтіп жатты. Самайын ақ басқан анасының да күйбең тірлікте көрмегені жоқ. Қосағынан айырылған қамкөңіл жанның бар үміті балаларының тілеуін тілеумен өмірі өтіп жатты. Соңғы кездері денсаулығы да сыр бере бастағандай. Жиі ауырып қалатын боп жүрді. Бұл әулеттің кенжесі де ауылдағы білім ұясынан түлеп ұшып, алдындағы бауырларының ізін қуып, оқуға аттанбақшы. Кенже інісін алып, қалаға сапарлатқан Жүсіптің артынан азғантай уақыттың ішінде суыт хабар жетті. Анасына қарап ауылда қалған адал жары Айгүл Жүсіпке телефон соғып:
–Жүсіп, мен не істерімді білмей отырмын, анамыз аяқ асты қан қысымы көтеріліп, жаңа ғана жедел жәрдем алып кетті. Өзің бір амалын жасашы,-деп, көз жасына ерік берді. Інісінің шаруаларын реттеп болған Жүсіп, сол күннен қалмай, көрші аудандағы ауруханаға жол тартты. Бұл хабарды әзірге жұбайы Айгүл екеуінен басқа бауырлары білген жоқ. «Үлкен қалада қым-қуыт тірліктен олардың қолдары босамас»,-деген Жүсіп анасының бұлайша ауыр халде екенін білмеген еді. Сонымен не керек, аурухана төсегінен тұрмастан, үлкен ұлына соңғы аманатын айтқан ана байғұс әкесінің артынан арғы өмірге аттанып кетті. Жабырқаған жанына желеу болған, ауылдағы қара шаңыраққа демеу болған анасы да жамауы бітпес жыртық өмірге Жүсіптің өзін қалдырып кете барды.
Уақыт қарқыны зымыранша зуылдап өтіп жаттыр. Анасының соңғы саудасын жасап, әрі қарайғы өмірді ауылда жалғастырған Жүсіптің ендігі тілекшісі – өз әулеті мен бауырлары. «Солар жақсы болсын, солар биік шыңға шықсын»-деп, ауылдағы әкесінің қара шаңырағын құлатпай, бауырларының ендігі тірегіне айналып отырған Жүсіп те әйтеуір бір жарық күннің туарына, ел қатарлы өмір сүретініне сенімді. Сол үйдің түтінін түтетіп отырған келіншегі де анда-санда Жүсіптің тамырын басып, қалалық өмірге қадам басуды қаузап қояды. Бұл әрекетінен дым шықпасын біледі. Десе де, әйел затына тән ащы тілегін айтпаса жүре алмайтынын Жүсіп те жақсы ұғына бастаған.
Хош... Әдеттегі өмір ағымы жалғасып жатты. Бұл күндері Жүсіп жетектеген бауырлар қалада бір-бір үй болып, жақсы тұрмыс түзеген. Бірі –белді кәсіпкер, бірі – білдей бір мекемеде бастық. Сол шаңырақтың тілекшісі болған қарындастары да өз теңдерін тауып, ел қатарлы өмір сүруде. Міне, «Әке сенімі ақталды, ана аманаты орындалды» деген осы шығар. Тек күйбең тірліктен көз ашпаған Жүсіп әлі сол ауылда, әлі сол жан-жақтағы бауырларының тілеуін тілер тілекші.
Бір күні қаладағы үш інісінен ауылға ақжолтай хабар жетті. Үшеуі ұйымдасып, отбасыларымен ауылға келмекші. Бұл хабар Жүсіпке жаққанмен, Айгүлге онша жаға қоймады. Әдеттегі бір дастарқан басындағы отырыста жолдасына жанашыр көзбен қараған Айгүл:
–Бауырларың келерін келер-ау. Бірақ олардың келгені саған салмақ болатын болды-ау. Олар келсе ауыл-аймаққа ас беремін деп тағы сен шабыласың, тағы сен шашыласың. Қорадағы малдың сыйқы болса анау. Күнен-күнге азаймаса, көбейер түрі жоқ. Мен баяғыда-ақ айттым, мүмкіндік барда қалаға кетейік,-деп. Енді отырысымыз болса мынау. Дастарқанға қояр жөнді жылы-жұмсағымыз да жоқ. Осындай өмір кімге керек?!-деп, әдеттегі ойын тағы жеткізіп қалды. Өзін мезі еткен бұл ұсынысқа бас қатыра қоймаған Жүсіп:
-Неге сонша таусыласың? Бауырларым осы шаңыраққа келмегенде қайда барады?! Менің солар үшін бәрін құрбан етіп, осы жолды таңдағанымды сен жақсы білесің ғой. Құдайдың да бізге берер сыйы бар шығар. Шыдамды болсаңшы! Қазір қала қайдасың деп тұра ұмтылғанда не істейміз. Иә, басымызда баспанамыз жоқ, иә, жайлы жұмысымыз жоқ. Біздің де еңбек ақталар, көрген бұл бейнетіміздің зейнетін көрер кез келер. Тек бірге бәріне төтеп берейік – деп, жанындағы жарына басу айтты Жүсіп.
Ауыл деп алып ұшқан Жүсіптің бауырлары да қара шаңыраққа келіп түсті. Үй-іші азан-қазан. Өздерімен бірге келіндер жағы ала келген тәтті-дәмділер лезде-ақ кең жайылған дастарқанды жайнатып жіберді. Бастары қауышып, қауқылдасқан бауырлардың ортақ әңгімесі бүгін таусылар түрі жоқ. Абысын-ажындар жағы да оттан қазан түсірмей, ауыл өміріне сіңісіп-ақ кеткен. Бұл бауырлар дастарқан басында кешкілік бас қосты. Әулеттің екіншісі сөз кезегін алып, інілік ілтипатпен ағалары Жүсіпке қараған күйі:
–Жан ағам-ау! Сенің біз дегенде шығар жаның бөлек қой. Біз қаншама жыл білім алып, әкесіз өмірді өгейсінсек те, сен әке орнына әке, ана орнына ана болдың. Бәрі үшін жеңгем екеуіңізге рақмет. Мен құр сөзбен рақмет айтқаннан гөрі, өз рақметімді сыйлық ретінде жеткізсем деп едім. Тек бізге разы болсаңыз екен. Мынау пәтердің кілті. Біз келініңіз екеуміз ақылдасып, сізге қала орталығынан төрт бөлмелі пәтер алып қойдық. Ертең қалаға сізді бірге ала кетіп, құжатын атыңызға рәсімдеп беремін. Бас тарту жоғынан. Әйтпесе ренжимін-деп, езу тартты інісі. Осы бір сыйлық жүдеу Жүсіптің жанын жадыратып жібергендей. Жанында отырған жары да жылы жүзбен жымиып қояды. Сөз кезегін одан әрі жалғаған екінші інісі:
–Ағатайым! Бәрі үшін сізге рақмет. Біз сіздің алдыңызда әлі де қарыздармыз. Мен әрқашан алдыңызда басымды иемін. Сізге сыйлығым болсын деп көлік алуға ақша жиып едім. Осында келерде кенже інімізге хабарлассам, ол көлікті менен бұрын алып үлгеріпті. Ол өз сыйлығын өзі берер. Мен не істерімді білмей, сол ақшаны қолыма қысқан күйі сізге алып келдім. Аз дей көрмеңіз. Көбі әлі бола жатар,-деп күміс ыдысқа салынған миллиондаған ақшаны Жүсіптің қолына ұстатты. Бұл кездерде Жүсіп пен Айгүлдің бақыттан басы айналардай болып отыр еді. Іле-шала әулеттің кенжесі ағасының сөзін жалғай түсіп:
–Жан ағам менің. Есіңізде шығар. Мені оқуға орналастырамын деп шабылып жүргенде анамыздың ауыр қазасына қарамай, бәріне төтеп берген едіңіз ғой. Мен сол кезде-ақ, еңбегіңізді бір күндері өтермін, деп өзіме серт бергенмін. Шүкір, бүгінде асып-тасымасақ та, ел қатарлы өмір сүріп келеміз. Осының бәрі сіздің арқаңыз. Мен де сізге рақметім болсын деп бір темір тұлпарды тақымдай келдім. Міне, мынау соның кілті. Бірақ, мені қалаға жеткізіп тастайсыз ғой, деп қалжыңдады інісі.
Иә, күні кеше не боларын білмей бастары қатқан Жүсіп пен Айгүл үшін бұдан артық қандай бақыт болсын. Төбелері көкке бір елі жетпей қалғандай. Кеуілі босап, жаны жадыраған Жүсіп:
–Жан бауырларым ай! Мен де осындай бақытты күннің боларын, «Құдай» деген жанның құр қалмасын ішім сезетін еді. Енді, міне, сендердей қара орманым бар, бұдан асқан қандай бақыт керек маған! Әкеміз өмірден озғанда, сендер мүлдем жас болдыңдар. Сондағы әкемнің маған табыстаған аманаты сендерді ел қылу, қатардан қалдырмау еді. Одан кейінгі жайды өздерің білесіңдер. Хал-қадірім келгенше тырысып бақтым. Сендердің амандықтарың – менің амандығым. Сыйлықтарыңды риясыз пейілмен қабылдадым. Бар болыңдар бауырларым,-деп төмен қараған күйі Жүсіп те еңкілдеп қоя берді.
Бұл әулетте сол күннен бастап күнде думан, күнде тойдың табы үзілмеді. Бауырлар бас қосқан шаңырақтың, сол күннен бастап берекесі артып, ырысы еселенгендей. Бәлкім, дана халқымыз «Ағасы ақылдының ауылы азбайды, жеңгесі шебердің жеңі тозбайды» деп бекер айтпаған болар. Көпті көрген көрген әулеттің ұрпақтары осылайша бауырлы елдің берекелі боларын байқатқандай. Бұл берекелі басқосу мен мызғымас татулық басқаларға де үлгі болса, қане?!


Алтынбек Бисенов.


30 шілде 2018 ж. 320 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области