Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » БЕГІМ АНА

БЕГІМ АНА


Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – тарихи кезеңдерге сындарлы баға беріп, қазақ елінің рухани даму бағытын айқындайтын ой-толғам. Қоғамның рухани жаңғыруына халықтың дәстүрі мен ұлттық мәдениеті негіз болуы тиіс бағытты ұстану кешегі мен бүгінді, бүгін мен ертеңді жалғастырады.
Тарихи тұлғаларды мәңгі еске сақтауда ескерткіштер мен кесене белгілердің орны бөлек. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді, бай тарихымыздың құндылықтарын көрсетеді.
Аталған жобаға аймағымыздан 12 ескерткіш жалпыұлттық, 35 ескерткіш өңірлік маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енгізілді. Өйткені, Сыр өңірі – көне түркі мәдениетіндегі ежелгі эпикалық аймақтардың бірі. Мәселен, орта ғасырдағы оғыз аруы – Бегім ана жайындағы аңыздар талайдың таңдайын қақтырғаны көпке мәлім. Ендеше назарыңызға Қарабура әулиенің қызы, Селжұқ мемлекетінің ханы Санжардың әйелі – Бегім ана жайындағы аңызды ұсынамыз.
ХІ ғасыр тұсында Оғыздар тай¬пасының билеушісі Мәлік шахтың патшалық құрған тұсында Селжұқ елі әбден кемеліне келген екен. Мәлік шах өлгеннен соң таққа оның баласы Санжар отырады.
Санжар сұлтан ел астанасын Қорасаннан Жанкент қаласына көшіріп, шаһарды мықты бекініске айналдырады. Ел билеуден бөлек, саятшылықты серік еткен сұлтан Созақ маңайында өмір сүрген Қарабура әулиенің қызы Бегім сұлуға үйленеді. Көркіне ақылы сай, парасаты мол Бегім сұлу сұлтанды сан қырлы қасиеттерімен баурап алса керек.
Ел аузында, «Бегім анаға жасалған қастандықтың ақыры тұтас мемлекеттің күйреуіне апарды деген аңыз» кең тараған. Ол көптеген шығармалар мен дастандарға арқау болғаны да белгілі. Сол аңыздар желісін қайта тірілтсек, былайша өріледі: Санжар хан аңға шығып бара жатып үйінде қалып қойған қанжарын әкелуге құлын жұмсайды. Құл ханның жұмсағанын айтып, Бегім сұлудан қанжарды беруін өті¬неді. Қанжарды аларда Бегім сұлудың аппақ қолын көрген құл есінен айырылып құлап қалады. Оның кешіккенінен күдіктенген ханға құл: «Ханым білегімнен ұстап, жібермей қалды» депті. Санжар ақ-қарасын тексермей, Бегім сұлудың оң қолын, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіледі де, зынданға тастайды.
Келесі күні Қарабура әулие қиналып жатқан қызының түсіне кіріп: «Балам, шыныңды айт. Ақпысың, әлде қарамысың? Ақ болсаң, Аллам жәрдем беріп, жараңды жазар, қара болсаң қарғар, тек турасын айт!», депті. Сонда Бегім жылап тұрып: «Атажан, құдай атымен сіздің алдыңызда ант етемін! Егер, Санжарға қиянат жасасам, тәңірі атсын, өмірімді қысқартсын. Ақпын, ата!» – деп зар еңірейді.
Осыдан соң Қарабура Санжардың да түсіне кіріп: «Сен де бір балам едің. Егер менің қызым арам болып, саған қиянат істесе, келесі күні сол қолы, сол бұрымы кесіліп, сол танауы тілінген күйде мүгедек болып қалсын! Егер, керісінше болса, қызымның ақ пен қарасын тексермей, жаза қолданғанда бір ауыз әділ сөзін айтпаған сенің шаһарыңды тірі адам қалдырмай жылан жұтсын!» дейді.
Келесі күні таң ата хан зынданға адам жібереді. Жіберген адамы барса, Бегім баяғы сау қалпында отыр екен. Содан бастап ханды үрей билейді. Кеш болады. Хан кеңесшілерімен отырғанда іңір уақытысында аспаннан бір мес шаһардың ортасына түсіп жарылады. Местің іші толған жылан екен. Жылан қала сыртына тірі жанды шығармай, шағып өлтіреді. Көне аңыз желісі жайнап тұрған Жанкент шаһары қатыгез ханның кесірінен қас пен көздің арасында опат болғанын айтады.
Ал, Бегім сұлу болса мұнара салдырып: «Мұнан былай еркек атаулыны көрмеймін» деп, қалған жұмбақ ғұмырын сол мұнараның ішінде өткізіпті. Ата-бабасының қасиеті дарып, кейіннен Бегім ана әулие атанады.
Қазіргі таңда Бегім ана мұнарасы Арал ауданының аумағындағы «Барсакелмес» қорығында орналасқан. Жергілікті халық Бегім сұлуды тазалықтың белгісі санайды. Елі ардақ тұтқан сұлуды махаббатқа адал жан ретінде бейнеледі.
Бұл аңыздың айтылып келе жатқанына он ғасырға жуық уақыт өтті. Аңыз түрінде тілге тиек етілетін әңгімені ұйып тыңдайсың. Бегім сұлудың ерекше қадір-қасиетіне таңғаласың. Әлі де ел жадынан өшпей келеді. Ұрпақтан ұрпаққа ұлағат болып тараған. Қанша уақыт өтсе де, халық Бегім ана мұнарасына тәу етіп, ол жерді қасиетті мекен санайды.
Бегім ана мұнарасы қазақ жеріндегі алғашқы мұнаралы ескерткіштердің тізіміне кіреді. Х-ХІ ғасырларға жататын сәулет ескерткіші болып саналатын мұнара қам кесектен тұрғызылып, шаршы пішінді күйдірілген кірпішпен қапталған. Ол сегіз қырлы призма іспетті күмбезбен жабылған. Мұнараның діңі ортасына дейін монолитті, одан жоғары дөңгелек күмбезді камера орналасқан. Жоғарыда көрсетілгендей, Бегім ана аңызға арқау ғана емес, тарихтан хабар беретін бірден-бір сәулет ескерткіші.

Н. ДӘУРЕНБЕКОВ.

12 шілде 2018 ж. 752 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2022    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области